"МЕНІ ІЗДЕСЕҢ..."

Бәрі сол күннен басталды. Айдана денсаулығы жайындағы қорытындысын алып, маған хабарласты. Даусында діріл бар. Жақсы емес екенін түсіндім. Бір-екі күн өткен соң дәрігерлердің ауруханаға жату қажет деген хабарын айтты. Арты осындай боларын жүрегі сезді ме? Егіліп жылады. Менің де сол сәтте көкейіме өксік тығылды. Сол күннен бастап біз біраз қиындықты бірге өткердік. Жақыны ретінде қолымнан келгенше қолдау білдірдім, сөзбен демеу болдым, кейде ұрысып та алдым. Ал, кездескен кезде бір-бірімізге ағымыздан жарылдық. Айдана көзі жұмылар сәтке дейін денесін дендеген дертпен күресті. Өзі нәзік болса да, қайсар мінезін көрсетті. Жігері жасыған жоқ. Өзгелер секілді бұл қиындыққа мойымады. Қанша қиналса да, үнемі бір сөзді қайталайтын: «Осы мүшел жастан аман-есен шығып алсам екен... Бұл да бір Алланың сынағы шығар» дейтін.
Аузында тәубәсі, жүрегінде иманы көп еді. Қашан сұрасаң: «Шүкір, жақсарып келемін» деп айтатын. Әр ай сайынғы анализдері шыққан сайын қуанып хабарласатын. Ол кезде менің де көңілім көтеріліп, сол қарқынмен біраз нәрсені жоспарлап тастайтынбыз. «Студенттерімнің бітіру кешіне көйлек таңдайық» дейтін. Кейінгі кезде көңіл-күйі де, ажары да жақсарды. Толысып, ажарланды. Сол баяғы ақжарқын, ақ көңіл қалпына оралды. Бірақ, тағдыр біз ойламаған жерден шорт бұрылыс жасады. «Мамырдың 10-ынан кейін ауруханадан шығамын» деп сендірген күйі кете барды.
Айдана, сенің қазалы хабарыңды есту мен үшін тым ауыр болды. Бейне бір сырлас жаннан ада еткендей есеңгіретіп кеттің. «Айданадан айырылып қалдық» деген суыт хабарды естігенде көзімнен бір түйір де жас шықпай теңселіп тұрып қалдым. Себебі, сенбедім... Жаңсақ болар дедім. Жаратқаннан естігенім жалған болсыншы деп тіледім. Екі көзім телефонда құдды бір өзі хабарласып қалардай елеңдеп отырдым да қойдым. Бірақ, мен ойлағандай болмады... Айдана, ыстық денең суымай жатып сенімен қоштасуға жүрегім дауалаған жоқ. Қимадым... Алдағы болар қызық күнге жете алмасыңды екеуміз де сезбедік қой. Үнемі асығып жүруші ең. «Үлгермей қаламыз» деп жиі айтатынсың. Сол асыққан күйіңше аптығып кете бардың... Ешкімге айтпас сырларыңды айтып кейде жылаған сәтіңде жан баласына басу айта алмайтын мен байғұс сонда құшақтап ғана жұбататынмын. Бір жамандықты сездің бе екен? Бақилық болардан бес күн бұрын сөйлескенде «Мені іздесең, телефоным өшірулі болады» дедің. Сөйтіп, мәңгіге кеттің... Ал, сенімен қоштасқан күн көз алдымда мәңгіге сурет болып сақталып қалды. Сырласым, сен туралы осылай естелік айтып отырам деп ойладым ба?
Білесің бе, жақында ғана әке-анаң, бауырларың, достарыңмен бірге сенің 26 жасыңды атап өттік. Бұл туған күн бұрынғыдан өзгерек болды. Себебі, арамызда сен жоқсың. Бір кем дүние десеңші...
Бүгін, міне, рауандап тағы бір таң көкжиектен көтеріліп келеді. Тәңір саған дәл осы сұлулыққа куә болу бақытын сыйлай алмағаны өкінішті. Ал, сол әппақ арай сенің кіршіксіз нұрлы жүзіңді көз алдыма елестетті. Сен де сол атқан таңдай ажарлы едің ғой...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.