Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қой терісі неге құнсыз?

Қой терісі неге құнсыз?

Сыр өңірі ежелден шаруашылықтың барлық түріне бейім. Егін даласы, диқан еңбегі, мал жайылымы, шопанның шаруасы ұдайы ел назарында. Осы орайда, құт қондырған қой шаруашылығы жайлы сөз етсек, әбес болмас.
Халқымызда «Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген уәлі сөз бар. Қазақ халқы жаз жайлауы, қыс қыстауы көшіп жүріп, алдынан отар-отар қойын тастамаған табанды ел. Осыдан-ақ қойдың қазаққа қаншалықты жақын екенін бағамдай беріңіз. Ықылым заманнан қой бағып жетілген жұртымыздың мақпал мінезін «қойдай момын қазақ» деп бағалап жатады. Қазіргі таңда, аймағымызда кенжелеп қалған осы саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Сейілбек Нұрымбетовпен тілдескен едік.

– Аграрлы аймақтың мал шаруашылығы қай деңгейде? Облыста қанша қой басы бар?
– Облыста жалпы жыл сайын мал басы артып келеді. Оның ішінде сиыр – 361,6 мың, жылқы – 158,5 мың, қой – 802,7 мың, түйе – 53,2 мың, құс – 126,8 мың, шошқа – 2,1 мың. Шаруашылықтың барлық санаты бойынша аймағымызда  ет өндірісі – 16774,3 тонна, сүт өндірісі – 40166,5 тонна, жұмыртқа өндірісі – 2695,2 данаға жетіп отыр.  Ағымдағы жылдың 6 айындағы көрсеткіш бойынша облыста қой саны 471,6 мың.
– Жасыратыны жоқ, қой жүні қажетке жарамай тұр. Қаратау етегінде тонналаған жүн өртеліп жатыр. Неліктен тері илеу, жүн түту, одан отандық өнім шығару кенже қала береді? Кеңестік кезеңде Қызылорда аяқ киім фабрикасы жұмыс жасады. Сол ізді қайта жандандырып, жергілікті жерде дайындалған теріні пайдалансақ, Мемлекет басшысы айтқандай, өнім өңдеу, қалдықсыз өнім технологиясы жүзеге асар еді.
– Сіздің  көтеріп отырған мәселеңіз өте орынды. Облыс бойынша жылына 69,0 мыңдай ірі,  132,6 мыңдай майда терілер және 946,2 тоннадай жүн өндіріледі. Алайда облыс бойынша тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Облыс бойынша өндірілген терілерді жеке тұлғалар немесе майда дара кәсіпкерлер арзан бағаға сатып алып, Түркістан облысына өткізуде. Ал, жүнге келетін болсақ, біздің аймақта негізінен ірі қылшықты жүнді қой тұқымдыры будандастырылған. Қазіргі уақыт­та ірі қылшықты қой жүніне сұраныс мүлдем жоқ. Өткізетін жердің болмауы салдарынан тауар өндірушілер қырқып алған жүндерін өртеп жіберуде.
– Кезінде Шиелі ауданында тері илеу цехы жұмыс істеді. Оған мемлекеттен қолдау болмай жабылып қалды. Дәл мұндай мысал жетерлік. Бүгінде тері илеудің отаны – Түркиямен, оның ішінде қазақ бауырлар иелік ететін зауыттармен бірлескен шаруа жасауға басқарма тара­пынан неге бетбұрыс жоқ? Осыған не дейсіз?
– Кеңес одағы кезінде біздің облыстың бір-екі аудандарында мал терісін өңдеп, тон мен дубленка шығарғанын бәріміз білеміз. Алайда, еліміз егемендік алғаннан кейін бұл кәсіпорындардың барлығы тоқырауға ұшырап, нарық жолынан шығып қалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осылай болды екен деп қарап отырған жоқ. Малдың терісі мен жүні құнды шикізат екені белгілі. Осыған байланысты, облыста мал терілері мен жүнін өңдейтін ірі кәсіпорын ашу мақсатында өзіңіз айтып отырған Түркия, Қытай мемлекеттерінің осы салада мамандандырылған инвесторларын тарту бағытында келіссөздер жүргізіп жүрміз. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында жабайы аң және ауыл шаруашылығы жануар­ларының терілерін илеп, өңделген тері шикізатынан киім тігуге ар­налған тоқтап тұрған цехты іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сіздердің назарларыңызда болуы керек, былтырғы жылы Қызылорда қаласынан халықаралық стандартқа сай келетін ірі ет комбинатының құрылысы басталған. Қуаттылығы жылына 5000 тонна ет өндіретін бұл жобаның жалпы құны 832,5 млн. теңгені құрайды. Осы ет комбинаты базасынан тері өңдеу цехын ашу жоспарымызда бар. Бұдан өзге ағымдағы жылы облыс орталығынан ет-сүт өнімдерін қабылдап, қайта өңдейтін көтерме тарату орталығын және  осы көтерме сауда орталығымен еншілес барлық аудан орталығынан мал шаруашылығы шикізаттары (тері, жүн) қабылдайтын пункттер ұйымдастыру жобасын іске асыру көзделуде.
– Киіз басу қазақтың қанында бар қасиет. Сол киіздің үстінде өскеннің бірі менмін. Оның адам ағзасына пайдасы өте зор. Дейтұрғанмен өзіміздің ұлт­тық құндылықты қорғауға неге дәрменсізбіз? Оның ұрпақ үшін тиімділігін неліктен қаперге алмаймыз? Қаншама жүн бекер­ден-бекер далада қоқысқа айна­лып жатқанына Сіздің маман ретінде жаныңыз ауыр­май ма? Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына сай ұлттық мұра­ны жаңғырту қылмысқа жатпайтын шығар? Айталық, Қа­ра­қалпақстанда, Тақтакөпір ау­да­нында киіз үй сүйегін дайын­дай­тын арнайы орталық жұмыс жа­сайды. Сол жақпен келісімге ке­ліп, отандық өнімді экспорттау жа­ғын қарастырсақ қайтеді?
– «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша суб­сидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрінің  міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі  №317 бұйрығына  сәйкес №4 «Жайылым­дарды суландыру инфра­құры­лымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды су­мен қамта­масыз ету (құдықтар, ұңғы­ма­лар)» жобасы бойынша 2018 жылы шопанға арналған киіз үйге 7 шаруа қожалығына  субсидия төленді. Қазіргі таңда киіз үйге мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың сұра­нысы мол.
– Жалпы, статусына келсек, аграрлы аймақтың ең ірі құры­лымы – ауыл шаруашылығы басқармасы болуы тиіс. Басқарма үшін жұмыс жетікілікті шығар, алайда кабинеттік емес, егін ал­қабына, малшы жайылымына барып, жағдайды көзбен көріп, ел үшін тиімді жобалар жасауға қандай ұсыныс айтасыз?
– Агроөнеркәсіп кешенінде осы жылы жалпы құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын 30 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2 жоба – балық өңдеу цехтары. 2 жоба – күріш ақтау зауыт­тары. 4 жоба – сүт өңдеу зауыты және цехтары. 1 жоба ет бағытындағы құс фермасы. 14 жоба ет бағытындағы мал бордақылау алаңдары және мал сою пункттері. 1 жоба ет комбинаты (жылдық қуаттылығы 5 мың тонна). 1 жоба қарқынды алма бағы. 2 жоба  көкөніс сақтау қоймасы. 1 жоба көлемі 2 га құрайтын 20 жылыжай құрылысы. 1 жоба жаңбырлатып суару әдісімен көлемі 50 га жерге бидай, жоңышқа өсіру. 1 жоба ми­нералды тыңайтқыштарды өндіру зауыты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
11 тамыз 2020 ж. 458 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам