Тақия – тағылым тәбәрігі
Халқымыз әлімсақтан өткенді өнеге, бүгінді бағдар еткен еңселі елміз. Бізге темірқазықтай жол нұсқап тұратын салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бар. Атадан балаға мирас болған дәстүріміздің бірі – ұлттық киімдеріміз. Алайда бүгінде атадан аманатталған дүниелеріміздің діңгегі босап, жастарымыздың дені көрсеқызарлыққа, көзбояушылыққа дағдыланып алды. Жасыратыны жоқ, әженің қамзолы мен кимешегі, атаның шекпені мен сырмағы, тақиясы мен құрым етігі жоқтың қасы. Соны қастерлеп, күтіп, баптай білгенде заман көшімен жасарып отырар еді. Мен атап өткен дүниелердің ішінде ең елеулісі – тақия. Бүгінде бағалы бас киімді мешіт имамдарынан басқа адамнан көре алмайсың. Неге? Өйткені, ешбіріміз елеп жатқанымыз жоқ. Бала кезімде Жөкебай көкемнің көк тақиясын тастамай кидім. Үй көрмей, дала кезіп, асық атып, асыр салып жүргенде «басыңа күн өтеді деп» әжем марқұм кигізіп қоятын. Содан қалыптасып кешеге дейін киіп келдім. Қазір де отбасында киіп жүремін. Мен мұны мақтан үшін емес, мысал үшін жазып жатырмын.
Тақияны кімдер киді?
Жә, сонымен тақияны бұрын кімдер киді? Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұзафар Әлімбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғабит Мүсірепов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Әлкей Марғұлан, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Манап Көкенов,Аөжан Машани мұның барлығы төбеден тақиясын тастамаған тау тұлғалар.
Көне тарих қойнауына көз жіберсеңіз, байырғы қазақ дәстүрінде ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Сол замандарда құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым қалыптасқан. Содан болар, қазақтың талай қаймағы ғұмыр бойы басынан тақиясын тастамады. Олар осылайша, қазақ деген ұлттың, оның ұлттық бас киімі барын көрсетіп кетті, бізге аманаттады. Тақия тігілгенде оюына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, тігістері де көркемделіп салынады. Әрбір салынған ою тақия мазмұнын ашып отырады. Осылайша ұлттық киімнің дәстүрлі үлгілері сақталып, әсемдігін жоғалтпай, кейінге мұра болып отырды.
Тақияны үнемі кигеннің бірі Өзбекәлі Жәнібек екен. Ол өзі ғана киіп қоймай, соның насихатшысы болды. Тақия киген адам көрсе, тоқтатып қолын алатын көрінеді. Тау тұлға ұлы өнеріміз айтысқа қатысатын ақындардың ұлттық киім киісін ұдайы қадағалап жүреді екен. Өзі бастамашы болып, ақындардың киімін ұсынған шеберлерге ұлттық киімнің қалай тігілетінін көрсетіп берген деген сөз айтылады. Әдебиет және өнер мұражайына қазақ тақиясы үлгiлерін тапсырыпты. Сөйтіп, тақияны сол үлгі бойынша тіктіру керектігін баса айтып кеткен екен.
Белгілі ғалым Шора Сарыбаев та басынан тақиясын тастамағандардың бірі болған. Бір қызығы, Шора атамыз тақиясын өзі қолдан тігіп киеді екен. Заманында тақиясына қызыққан жан көп болған деседі. Осы кісіні бастық қылып тағайындар алдында, тақиясын тастауды сұрапты. Бірақ ол кісі көнбеген екен. Атақты ақын Мұзафар Әлімбаев та тақияны бала кезінен киіпті. Қалижан Бекхожин бір естелігінде: «Қырқыншы жылдары Естай әншінің жанында басына оюлы тақия киген, сары бала жүрді. Ол атақты ақынның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, қағаз бетіне түсіріп отыратын» деп жазыпты. Сол тақиялы «сары бала» Мұзафар Әлімбаев екен.
Тілші түйіні
Иә, басынан тақиясын тастамаған тұлғалар бізде көп болған. Бәрін қамтып түгендеу мүмкін болмас әрине. Дегенмен бір анығы, қазақ қаймақтарының ұлттық бас киімді қадір тұтып, ұдайы киіп жүргенін тарих бедерінен танып білудеміз. Олай болса, дәстүріміздің діңгегін берік ұстап, ұлттық киімдерімізді ұлықтай білейік.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ