Ерлікке баланған еңбек
Алғашқыда қорқыныш басым болды. Қалай дегенмен бұрын-соңды атын естіп, затын көрмеген індет. Одан келер қауіп-қатер, оның салдарын білгендіктен үрейлену қалыпты жағдай. Бізден бұрын әлемнің алпауыт елдерін құрығына түсірген вирустың нендей халге түсірерін кім білген. Мұның алдын алу, сақтану жолдары үздіксіз айтылып келсе де, басқа түспейінше бейқам жүргенімізді жасыра алмаймыз. Ал, дәрігерлер ше?
Мың жерден дәрігер болса да, ол да адам баласы. Жұртшылыққа тән құбылыс олардың да бойын билеген. Тек осы мамандықты таңдарда нендей қиындық болса да төзуге дайын болды, адал болуға, адамның жанын аман сақтауға берген анты бар емес пе? Антқа адалдық керек. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы індетпен күресте бірінші кезектегі мекеме. Вирус, инфекция дегенмен күнде бетпе-бет келіп, күресіп жүрген жандар осылар. Десе де коронавируспен бірінші рет. Індет өңірге табан тіреген тұстағы алғашқы тәжірибе, одан кейінгі вирус толқыны, күрес, науқас өмірі үшін жанталас, өз өмірі үшін уайым, қас-қағым сәттегі қарбалас мұндағы қызметкерлердің өмірін бір-ақ күнде өзгертті.
Алғашқы кезең
Аурухана күнделікті жедел респираторлы ішек ауруы, қызылша сынды т.б жұқпалы ауруды жұқтырғандарды қабылдайды. Жұрт аузында «инфекционный» аталып кеткен мекеменің аурухана болғалы көргені осы. Жалпы инфекция дейтін бәле атүсті қарайтын ауру емес, дер кезінде көмек көрсетілмесе соңы ауыр жағдайға апарады. Сонда да, мұнда ішек ауруынан үзіліпті, не қызылшадан кетіпті дегенді жиі естімейсіз. Ал, биыл ел үшін де, мұндағы мамандар үшін де ауыр кезең өтіп жатыр.
– Коронавирустың алғашқы кезеңі наурыз айына тұспа-тұс келді ғой. Көпшілік вирустың барына әлі де сене қоймаған. Той тойлап, думандатуды шектемей, бір-бірінің үйіне, тіпті өзге облыстарға, шетелге шыққандар болды. 27 наурыз күні алғашқы науқастан осы індеттің белгісі анықталып, ауруханаға жатқызылды. Жасыратыны жоқ, үрей болды. Өзгелер үшін де, өзіміз үшін де қорықтық. Оңай емес. Қаншама жұқпалы аурумен бетпе-бет күрессек те, дәл мұндай аса қауіпті вируспен күрес тәжірибеде алғаш рет кездесті. Сол күні кезекшілікте болған дәрігер, орта, кіші буын медицина қызметкерлері үйіне қайтпады. Келесі күні кезекшілікке түскендер де солай ауруханада қалуға мәжбүр болды. Вирус жұқтырғандар күн санап келіп жатты. Дегенмен науқастар арнайы ем қабылдап, бақылауда болғандықтан ауыр жағдай орын алған жоқ. Бізде емделіп шыққандармен бірге қуанып, үрей басылып, дертті бірге жеңеміз деген сенім пайда болды, – дейді сол кездегі ахуалды еске алған аурухана басшысының орынбасары Мира Аябекқызы.
Карантин
– Бастапқы толқынның өршімей, дер кезінде ауыздықталуы карантиннің пайдасы. Сол уақытта төтенше жағдай жарияланып, біршама шектеу қойылғанда ренжігендей болдық. Карантинді қажетсінбей, үйде отыруға үйренісе алмады. Көбі табысын, ертеңгі күнін ойлады. Халықты да түсінуге болады. Бірақ, соның арқасында басымыз аман, бауырымыз бүтін болды. Мұны үкімет жайдан-жай, еріккеннен жасаған жоқ, – дейді ол.
Көпшіліктің «вирус жұқтырғандарды жасырып ұстады, яғни, өтірік» деп жүрген кезі ғой. Індетпен ауырған бірде-бір таныс таппай, бар-жоғына сенбей аласұрған уақыт. Кейіннен шындыққа көптің көзі жетті.
Екінші толқын
Карантиннің жеңілдетілуі сол-ақ екен, екі аптаға жетпей жағдай қайта ушықты. Вирус жұқтырған таныс іздемек түгілі, дертпен арпалысқан жан көбейді. Індеттің көкесін көрдік. Әлеуметтік желі, телефон қоңырауы қаралы хабарды жеткізуден босамады. Күніне бірнеше адамның өмірі қиылды. Жаздың алғашқы айлары, нағыз күннің шуағынан нәр алып, демалатын уақытта астаң-кестең күй кештік. Ал бұл кезеңде дәрігердің жүгі екі есеге ұлғайған. Бұрын-соңды мұндай науқастар легін қабылдамаған ұжымға оңай болмағаны анық. Оны Мира Аябекқызы былайша еске алады.
– Күніге 10-20 шақты науқас қабылдадық. Бәрінен бұрын науқастың көп түсуі емес, ауыр жағдайда келуі қиын болды. Алты төсектік жан сақтау бөлімінде 16 адам жатты. Ақыр соңында тұтастай бір бөлім жан сақтау бөліміне айналды. Күніге қаншама адам вирустан ажал құшты. Соның бәрін көзбен көру, шарасыз күйде болу психологиялық тұрғыдан қатты әсер еткенін жасыра алмаймын. Көпшілік дәрігерлерді айыптады. Шындығында 50-60 проценттен төмен сатурациямен (қанның оттегімен толығуы) түскен науқасқа ешқандай көмек бере алмадық. Себебі вирус өкпені зақымдап, қан тамырлары бітеліп қалған. Біз қолдан келгенін жасадық. Ал, одан жоғары 70-80 процентпен түскендерге емдеу шарасы оң әсер етіп, аман алып қалуға мүмкіндік болды. Қызметкерлер арасында да вирус жұқтырып, ауырғандар болды. Дене қызуы көтеріліп тұрса да, әлі жеткенше науқасқа ем жасауға тырысты. Олар осындай жайттарды бастан кешті, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Бұл жолы да жұртшылықты құтқарған карантин болды. Әуелі екі апта, одан соң тағы бір аптаға созылған шектеуден кейін ахуал біршама тұрақталды. Халық басынан өткеннен кейін тойға, өлім-жітімге баруды өз еркімен тоқтатты.
Бірлік түбі – береке
Өңірдегі ахуал тұрақталғанымен босаңсуға болмайды. Жұртшылықты есеңгіреткені де, есейткені де екінші кезең. Бір күнде осынша науқас түсіп, сонша науқастың өлім құшқанын айтуға ауыз бармайды. Бір қуанарлығы, елдегі ауыр ахуал ауызбірлікті нығайтты. Төртеу түгел болса төбедегінің келетінін дәлелдеді. Індет екі өкпені қысқанда аймақта қажетті құрылғылардың жоқтығы білінген. Бірақ, тосылып, тосырқаған жоқ. Жұрт болып жұмылып, ең керекті аппараттар алынды. Соның арқасында қаншама адам өлім аузынан шығып, өмірге қайта оралды.
Қалай десек те, бұл жерде дәрігердің еңбегі ерен. Өз өмірін қатерге тігіп, алдына келген науқаспен бірге күй кешкен оларды алда талай сынақ күтіп тұр. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында вирус жұқтырған 6 адам, жансақтау бөлімінде 1 науқас ем қабылдап жатыр. Жағдай тұрақталған. Алды жуық арада үйіне шығады. Ал, дәрігерлер болса әлі күнге отбасына қайтқан жоқ.
А.СЕЙІЛ