Ерен еңбек
Аты жаман індеттің Қытай елінде таралып, одан өзге мемлекеттерге де жайылғанын жаңалықтан естіген сайын тек бір Аллаға сыйындық. Сонау алыс елдегі кесел біздің жұртқа келе қоймас деген біржақты көзқарас та болған еді. Жайшылықта күн кешіп, қалыпты тірлікпен жүргенде тәжді вирустың қазақ жеріне жеткені жайсыз хабар болды.
Наурыз айының 28-і аймақта қауіпті инфекция жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Тез арада қажетті шара қабылданып, науқас стационарға жатқызылды. Онымен қарым-қатынаста болғандар оқшауланды. Мұны естіген жұртшылықты үрей мен қорқыныш билегені анық. Бұрын-соңды кездеспеген кеселмен күрестің оңайға соқпасы белгілі. Десе де адам жанына араша болған абзал жандар бұл жолы да індетпен бетпе-бет күресті бастап кетті.
Инфекция жұқтырғандардың күн санап өсуі дәрігерлердің жұмысын екі есеге арттырған. Бастапқы кезең жеңіл өтсе де, қауіп-қатерге кез келген уақытта дайын болу керек-ақ. Әсіресе, инфекционист мамандарға артылған жүктің салмағы басым. Аурумен ашық күресіп жүрген солар. Сонда да ештеңеге қарамастан антына адал болып, елдің амандығы, науқастың денсаулығы үшін жанын салды.
Осы кесел елге енгенде олар өздерінің не нәрсеге де дайын болу керектігін сезіне білген. Отбасы, ошақ қасынан алыстап, күні-түні тек дертпен күресті. Айлап, апталап үйінен, бала-шағасынан жырақтады. Вирусты өздеріне жұқтыруы мүмкін болса да, бастарын қауіп-қатерге тікті. Дәрігер деген аты болмаса олар да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Психологиялық, физикалық тұрғыдан әлсіреу, шаршау, безіну – оларға да тән дүние. Бірақ, рухын түсірмей, жігерін жанып, бар күшін тәжді тажалмен күреске жұмсаған ақ халаттылардың еңбегі ерен.
Елдегі төтенше жағдай, карантиндік режим екі ай көлемінде болғанымен, дәрігерлердің күресі тоқтаған емес. Маусым айында ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі өтті. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күресте жүрген бірқатар мамандардың еңбегін бағалап, «Парасат», «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі» медалі мен Құрмет грамотасын табыстады. Соның ішінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жоғары санатты инфекционисті Збира Айдарбекова да бар. Ол бұл салада 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Талай науқастың дертіне шипа беріп, ісімен де, сөзімен де жанына дауа болған дәрігер. Індет өңірге ауыз салған тұста алдыңғы шептен көрінген. Вирусты жұқтырған әрбір науқасқа ем-дом жасап, оларды дертті жеңіп шығатынына сендірді. Сөйтті де, күні-түні кеселмен күресті, Алладан осы бәленің жойылуын тіледі.
– Басқа түскен жағдай ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Өңірде вирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелгенде дереу хаттамаға сәйкес ем жүргізуді қолға алдық. «Салдары қалай болады?» деп қорыққанымыз да рас. Бірақ, олар сауығып шыққанда, іштей шүкір еттік. Ал, соңғы кездегі жағдай алаңдатарлық. Коронавирусты жұқтырғандардың саны күрт өсті. Жасыратыны жоқ, стационарларда орын жетпей жатыр. Науқастардың қиналғанын көзбен көру өте қиын. Бұл бірнеше күнде жазыла қоятын ауру емес, бірнеше апта, тіпті, айлап ем жасау керек болады. Бұл ретте біздерге психологиялық тұрғыдан әлсіреуге болмайды. Барынша күш-жігерді жинап, осы індетпен күресте жеңіп шықсақ дейміз. Ол үшін тұрғындардың қолдауы аса қажет. Індеттен барынша сақтанса екен, – дейді ол.
Иә, індетпен күрес әлі тоқтаған жоқ. Дәрігерлерді бұл жолда не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Дегенмен, ертеңге сенім, үміт бар. Қалай болғанда да олар өз ісіне адалдығын сақтап қалады.
Ал, Збира Айдарбекқызының еңбегі еленіп, жақында кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Ол үшін бұл мемлекет тарапынан қолдау, ал тәжді дертке шалдыққандардың айығып, індеттің тоқтағаны жеңіс.
А.СЕЙІЛ