Білімнің жаққан шырағын
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқандай, шындығында осынау аяулы кәсіп иесіне деген құрмет пен қошеметтің жоғары екендігін дәлелдеп тұрғандай. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағын бағамдайтын ұрпақ тәрбиелеу – жылдар бедеріндегі маңдай тердің жемісі. Ал ұстаздарды тәрбиелеп, оларға рухани жол көрсетіп, парасат-пайымдылық таныту білімі мен ақылы кемел жанның ғана қолынан келетін жауапты жұмыс.
Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Әл-Фараби ұстаздықты «Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» деп әспеттеген. Ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны тарихтан мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы, әрі ұстаз тұтқан. Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алған болатын.
Осындай тұлғалы жанның бірі ғана емес, бірегейі болған аяулы ұстаз Зоя Упалходжаева болатын. Ол сан қасиетті бойына тұмарлаған тұла бойы тұнған талант, бүкіл сәулелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы ұстаз, көкжиегі кең білімді де, білікті басшы болатын. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту болса, сол керемет қасиеттің бәрі осы кісінің бойынан салтанат құрып тұрушы еді. Ол кісі үлкенмен ұлықты пікірлесті. Кішіге қамқорлық танытты. Жүрегінің кеңдігімен кез келген адамның жүрегіне жол тауып, мейірім шуағын шашып тұрушы еді. 1966 жылы №2 «Ленин» мектебін тәмамдап, 1973 жылдан 1983 жылға дейін осы білім ұясында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1983 жылдан 2004 жылға дейін мектептің директоры қызметін атқарып, өмірінің 41 жылын сол қасиетті қара шаңырақпен бірге өткізіпті. Мектептегі шәкірт партасында отырып, осы ұядан түлеп ұшты. Міне, терең біліммен толысып, ұстаздарымен қайта қауышқан жас түлек білім мекеніне қарлығаштай қайта айналып қонғанда жүрегі аттай тулады. Сүйікті мектебіме бойымдағы қажыр-қайратым мен жастық жалынымды, білім қуатымды арнаймын, оны биік шыңдарға көтеремін деген асқақ арман жас қызды ширықтырды, шыңдады. Ол кезде мектеп облыстағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын тәжірибе алаңына айналған болатын. Зоя Серғазықызы еңбек еткен 1978 жылы мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Мектеп бітірген түлектер Ұлыбритания, Америкаға оқуға аттанса, ұстаздар да АҚШ-та тәжірибеден өтіп, білімін жетілдірді. Ел тәуелсіздік алған жылдары мектепте 2 кластан ағылшын тілін үйрететін сыныптар ашылды.
1997 жыл мектеп өмірінде өз ауыртпалығымен есте қалды. Ғимарат апатты жағдайда тұрды. Оның салынғанына 58 жыл болған еді. Мектеп жабылу алдында еді. Сол қиын шақта мектеп басшысы Зоя Серғазықызы үлкен іскерлік пен белсенділік көрсетіп, өзінің қайсарлығы мен еңбекқорлығының, тынымсыз ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында дауыл алдындағы дүлейден өзінің жүрек түкпіріндегі аяулы мектебін аман алып қалды. Бұл үлкен азаматқа ғана тән елдік мұрат болатын. Бүкіл мектеп ұжымы мен ата-аналарды жиып кеңес құрып, білім мекемесінің қаржылық әлеуеті төмендігін түсіндіріп, күндіз-түні тыным таппай, түрлі жоспар құрды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, «ПетроҚазақстан Құмкөл мұнай» АҚ-ның қолдауымен бүкіл жөндеу жұмысы атқарылып, жаңа оқу жылына мектеп сақадай сай тұрды. Міне, білікті басшының үлкен тәжірибе алаңында шыңдалғандығының бір көрінісі осы жағдай болды. Бұл мақтануға тұрарлық ұлы ерлік пен өжеттік.
Мектепте оқуға ынталылар саны өсті. Себебі мектеп облысқа ғана емес, республикаға танымалдық дәрежеге көтерілді. 1999 жылы қала әкімінің шешімімен мектеп алаңынан 450 орынға арналған ғимарат бой көтерді.
Білім ұясының республика бойынша үздік 100 мектеп қатарынан көрінгені де Зоя Упалходжаева басшылық еткен жемісті жылдар болатын. Ол мектептің кіші қызметкеріне дейін ерекше көңіл бөліп, өз мейірімін шашып отыратын. Қасиетті мекенде 84 жасқа дейін еден жуушы болып еңбек еткен Марьям әжейді мектептің бойтұмары десе, бағбан Жораны да көтермелеп қолдап отыратын. Ал мектептің шаруашылық саласын басқарушы Гуля Ғалиеваны бас командир деп мерейін көтеріп қоюшы еді. Ол басшы болғанмен өте жайдары, белсенді, шыншыл, мейірімді кісі еді деп сағынышпен еске алады әріптестері. Қай жерде қызмет жасаса да, сол жерді өркендетіп, биікке көтеретін.
Өзінің еңбек жолында іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, жауапты істі абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шығып, ұзақ жылғы еңбектің жемісін көрді. Десе де ол білім саласынан алыстаған жоқ. «Балапан» бағдарламасы аясында екі балабақша ашып, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосты. Өзіұзақ жыл қажырлы еңбек еткен туған қала тарихында да Зоя Серғазықызының есімі ардақты азаматтар қатарында жарқырап тұр. Ол – Қызылорда қаласының құрметті азаматы, білім саласының үздігі. Ең бастысы, үлкен жүректі жан қоғамның рухани құндылығының символындай тұлғасымен ерекшеленді. Тектілік оған әкесі Серғазы Упалходжаевтай нар келбетті, елжанды азаматтан дарыған. Әкенің салған дара жолын перзенті Зоя даңғыл жолға айналдырды. Абыройына нұқсан келтірмеді. Әкесі болса теміржолшы мамандығын таңдап, өз саласында құрметке бөленген ел ардақтаған азамат. Кеудесінде Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендері жарқырап, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланған. Осындай өнегелі отбасында тәлім-тәрбие алған Зоя Серғазықызы өмірінің жарқын да, шұғылалы сәттерін еліміздегі жауапты білім саласының өркендеуіне арнады. Білім мәңгіліктің шамшырағы болса, аяулы ұстаздың ғазиз бейнесі оны танитын, қадірлейтін шәкірттерінің, әріптестерінің, дос-бауырларының жүрегінде мәңгілік жасай береді. Өйткені, ұстаз – күллі адамзат үшін ардақты жан.
Г.ҚОЖАХМЕТОВА