Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды

Қызылордалық полицейлер жаңа оқу жылы қарсаңында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің, оның ішінде балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізуде.
Қала көлеміндегі барлық білім беру ұйымдарының айналасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің қатысуымен, оның ішінде, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына (бағдаршам, жол белгілері, жол үсті таңбалары, жаяу жүргіншілер жолы) тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, облыс орталығындағы біршама білім беру ұйымдарының алдында жол қозғалысын реттейтін бірқатар жол белгілері жетіспейтіндіктері және жол үсті таңбаларының өшіріліп көрінбей қалғандығы белгілі болды.
Тексеру барысында 54 мектептің айналасында 92 дана жол белгілері жетіспейтіндігі,12 дана жол белгілерін қайта қалпына келтіру қажеттігі, 90 жерде жаяу жүргіншілер өтпесінің таңбаларын жаңартуға жататындығы және 25 мектеп тұсында кейбір жол белгілері тал бұталардан көрінбейтіндігі анықталды.
Сонымен қатар, 19 мектепке көліктердің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды тегіс-еместік қондырғыларын орнатуды қажет ететіндігі белгілі болды.
Анықталған кемшіліктер бойынша қала әкімдігіне Департамент тарапынан ұсыныс жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс бойынша барлық аудандарда жүргізіліп жатыр.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі