Әкенің жақындығы жездедей-ақ...
«Қызым, әкеңнің киімін жоғары қой», «Әкеңнің аяқ киімін сүртіп қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкең келе жатыр, үйді тазала», «Әкеңнің мазасын алма, демалсын», «Әкең біледі»... Бұл біздің бала күнімізден естіп өскен сөзіміз. Бір жаққа барғымыз келіп, анамыздан сұрансақ, ол кісі «Әкең жіберсе – барарсың» дейтін. Әлдебір жағдайға келісетін болса да, әуелі «Әкеңе айтайын» дейтінін білетінбіз. Менің алдымдағы аға буын өкілдері де мұны жоққа шығармасы анық. Сөз қадірін ұққан адамға мұның астарында қаншама тәрбие, даналық жатыр десеңші. Осынау үш әріптің айбарынан тайсалып, қаншама бала өмірлік тәлім алып ер жетті. «Әкешім!» деп өзіміз де талай мойнына асылып еркелеп өссек те, әсіресе, әке мен қыз бала арасында көрінбейтін шекара бардай сезіледі. Әлі де солай. Айтарымызды анамыз арқылы жеткіземіз. Мұның өзі қазақи тәрбиенің тектілігін көрсетсе керек.
Негізінде, әуел заманнан ұлтымызда бала тәрбиесімен мейілінше аналар қауымы айналысқан. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» демекші, отбасындағы азаматтар көбіне ат үстінде ер жастанып, айшылық алыс сапарда жүргендіктен үйде түнеуі де тым сирек болыпты. Оның үстіне, дұшпанның қай мезетте шап беретіні белгісіз жаугершілік заманда еркек кіндіктілер әрдайым бесаспабын сайлап, ауыл шетін торуылдап тыныштықты күзеткен. Ал, қашанда той-думанның арасында әндетіп жүретін сал-серілер туралы әңгіме тіптен бөлек. Олар домбырасын арқалап, 5-6 айлап ауыл-аймақ аралап, серілік ғұмыр кешкен. Жаратылысынан бекзат аналарымыз сонда да дымын білдірмей, отағасының шаңырағының отын өшірмей, перзенттерін ел қатарлы тәрбиелеп, ер жеткізген. Алда-жалда шеттен шығып, тәртіпсіздік танытса, «Әкең келе жатыр!» деп екі ауыз сөзбен-ақ тезге салып отырған. Бұл, әрине, әкені құбыжық бейне етіп, бала-шағасын қорқытып-үркітудің амалы емес, оның отбасындағы беделін, қаһармандық бейнесін арттыра түсу мақсатын көздеген қадамдар деп ұғынсақ қате түсінік емес.
Осыдан соң барып ел аузында «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген тәмсіл қалыптасса керек. Әсілінде, біз осы «Жездең жақсы болса, әкеңдей қамқор» деген сөздің тонын айналдырып жүрген жоқпыз ба деген ой келеді. Асқар тауымызды өз-өзімізден алыстатып, оның жақындығын жездеге теліп жүргенде шаңырақтағы қасиетті ұғымның бәсі кеміп кетсе, қайтпек керек? «Сабай берсе, сайтан да өледінің» керін киіп, онсыз да әке беделі құлдырап кеткен мына біздің қоғамда бұл тәмсілді тіл ұшына орай берудің де қажеті шамалы сияқты.
«Әке көрген оқ жонар», «Әкесі бардың жебесі тастан өтеді» дейді қара сөзден қаймақ қалқып ішкен халқымыз. Қандай керемет даналық десеңші!.. Асқар тауына арқа сүйеп, әке мектебінен өткен кез келген баланың алмайтын асуы, бұзбайтын қамалы болмайтынын осы нақыл аңғартып тұрғандай. Ал, әкенің разылығын, батасын алмай, өсіп-өнем деу әсте бекершілік. Оның мысы басым болмаған отбасында бірлік пен береке орнай қоюы екіталай. Керісінше, ұрпақ бойына жасықтық пен жасқаншақтық сынды болымсыз қасиеттер ұялап қалады. «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас» деген бар. Ендеше, қазір әкенің жақындығы... жездедей емес!
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА