Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұлттық құндылыққа бесіктен баулыды

Ұлттық құндылыққа бесіктен баулыды

Ана бүкіл әлемдегі тіршіліктің тамыршысы іспетті. Оның махаббаты мен мейірімінің қуаты күндей жарық, даладай дархан.  Анам туралы сыр шертсем,  менің бүкіл балалық сәттерім ойға оралады.  Ол кісіге баға беруге құдіретім жетпейді. Алайда алтын құрсақты анамның қайсарлығы мен өжеттігі алдында бас иемін.  Мен үшін ең аяулы жан 9 перзентті өмірге әкеліп, біз үшін  жарғақ құлағы жастыққа тимей, әрбірімізді  қазақы тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындатты. Үй шаруасын анамыз жас шамамызға қарай бөліп беретін.
Отбасымызда «социалистік жарыс» ұйымдастырылатын. Күнделікті қабыр­ғаға біздің жеткен жетістігіміздің қоры­тындысы ілініп тұратын. Жұмысты енжар атқарсақ, біздің атымыздың тұсында «тасбақа» көрсетіледі. Ал жақсылау болса машина, одан көп жұмыс істелсе ұшақ, ең үздік сапалы еңбек етсек ракета ілінетін.
Ол кісі қазір 80 жастың сеңгірінде. Есімін ырымдап ата-анасы Тұрсын деп қойған. Себебі, анам өмірге келемін дегенше нағашы әжем 12 бала көтерген екен. Барлығы шетіней бергесін, нағашы­ларым басқа ауданға қоныс аударған.  Қазақта сондай ырым бар екен. Сол себепті болу керек, әкесі оны ұл бала секілді өжет, ер мінезді етіп тәрбиелепті. Есепке өте жүйрік болғандықтан   физика-математика пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп,  мектепте ұзақ жылдар ұстаз болды. Әкем де мектеп директоры қыз­метін абыроймен атқарып, анама қолдау көрсетті. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Андреевка селосында тұрдық. Ол – Ресеймен шекаралас жер.  Қазақ тілін, ұлттық  салт-дәстүрді  айналамыздағы кісілер біле бермейді. Ата-анамыз  қаза­қы құндылықтың көпшілігін үйретіп отыратын. Киіз үйді қалай құру, оның әшекей ою-өрнегін қалай орналастыру, дастархан жасаудың құпиясын әлі күнге ауылдағылар  анамның кеңесімен жасайды. Қазір де есеп шығарады. Немересі Латвия астанасы – Ригаға авиациялық институтқа түсетін кезінде скайп арқылы оған есеп шығаруға көмектескенін көріп таң-тамаша болдым. Екеуі 500 есеп шығарған.  Қазір де қол қусырып, қарап отыра алмайды. Миды шынықтыру керек, бірінші ми қартаяды екен деп қазақша, орысша сканворд шешіп отырады. Құрақ көрпеше құрап, әр баласына сыйлыққа береді. Ол кісінің жайбарақат отырғанын көрмеппін. Еңбек етіп, маңдай термен келген бақыт өміршең болады деп бізге әрдайым айтып отырады. Елге сыйлы, батагөй ана деп ауылдастары құрметтеп, оған балаларының тұсауын кестіреді, бесікке салдырады, ат қойғы­зады.  Міне, менің тал бесіктен алған тәрбием мен өнегем өмірде шыңдалып, көп жетістіктерге жетуіме,  отбасының ұйытқысы болуыма, қоғамға қандай да бір үлес қосуыма көмектесті. Бүгінде 22 немере, 15 шөбересімен бір қауым елге айналған анаммен мақтанамын, оны үлгі етемін. Бүкіл үрім-бұтағымен көгеріп-көктей берсін деп тілеймін.
Гүлнар ЖҰМАШЕВА,
облыстық Ана мен бала орталығының бас дәрігері
29 тамыз 2020 ж. 280 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам