Ділмановтар – домбыра жасаушылар

«Домбыраны жасап біткен соң, ең әуелі оның даусын естуге асығамын». Қызылордалық шебер Біржан Ділманов бізге осылай дейді. Оқушы кезінен ата кәсіптің қыр-сырына қанық боп өскен Біржанды бүгінде дүйім жұрт жақсы таниды. Домбыра жасау шебері ретінде оны шеберханасына іздеп келіп, саз аспаптарына арнайы тапсырыс беретіндердің қарасы қалың. Текті өнерге дейін осындай сұраныстың арқасы болар, бүгінге дейін Біржанның шеберханасында 5 мыңға жуық қазақтың қара домбырасы «дүниеге келіпті».
– Бұл – біздің ата-бабамыздан келе жатқан өнер. Ұсталық қасиет әкем – Базарбектен дарыған. Бүкіл Ділманов әулеті осы кәсіппен айналысамыз. Негізі, әу баста үлкен ағамыз Сапарбек домбыра жасайтын цех ашып, осы істі бірінші болып қолға алды. Қазір оның ізін біз жалғап келеміз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында шеберхана филиалдары жұмыс жасайды. Өзіміз Шиелі ауданының тумасы болғанымызбен, руханияттың ордасына бір қадам болса да жақындайық деп бір жыл бұрын облыс орталығына көшіп келдік, – дейді «Жетіген саз аспаптар» ЖШС шеберханасының жетекшісі Біржан Ділманов.

Жасаған аспабына саусақтың ұшы тисе болды күмбірлей жөнелетін шебер кішкентайынан ұсталар шеберханасында шыңдалып ер жеткеніне қарамастан кәсіби білім алуды жөн санаған. Сөйтіп, Алматы қаласындағы «Шертер» компаниясында біліктілігін арттырып, мол тәжірибе жинақтаған. Оңтүстік астанада 8-9 жылдай еңбек етіп, беріде ғана туған топыраққа оралыпты. Бүгінде Біржанның кәсібінің тынысы кеңейіп, ұлттық құндылықтардың ошағына айналғандай. Мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп, шеберханасын жаңа әрі заманауи үлгідегі техникалармен толықтырған. Бір таңданарлығы, жаратылысынан бесаспап жанның қолынан келмейтін дүниесі жоқ. Шертер, альт-домбыра, альт-шертер, прима-домбыра, прима-шертер, бас домбыра, дауылпаз, сылдырмақ, жетіген, қобыз, скрипка, виолончель сынды аспаптардың қай-қайсысын болса да, көз алдыңызда әзірлеп беретін ерекше қасиетке ие. «Қолы білген құм үстіне кеме жүргізер» деп таланты еңбекпен ұштасқан осындай ұсталарды айтса керек, сірә.
– Қазір ұстаханада 15 станок жұмыс істеп тұр. Оның әрқайсысын пайдалануда аса ұқыптылық пен икем керек. Олай болмаған күнде аяқ асты жазым болып қалуыңыз бек мүмкін. Бүгінде соңғы үлгідегі станоктармен жұмыс жасау, оның техникасын меңгеру, ағашпен жұмыстың қыр-сырын ұғынуға осы іске ебі бар жақын жолдастарымды баулу үстіндемін. Мені әкем кішкентайымнан әрбір дүниені сапалы әрі сәнді етіп жасауға үйреткен. Әкемнің сол өнегесінен әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Бір айда бір домбыра жасасам да сапалы болғанын қалаймын. Ағашына, бояуына, тіпті, желіміне дейін аса мән беремін. Ағаштардың көбісі шет елден келеді. Үйеңкі, қайың, полесандра, Индияның қызыл ағашы, америкалық жаңғақ ағаштарынан әзірлеймін. Домбыраны тұтынушылардың тапсырыс беруіне қарай жасаймын. Құрамалы, шауып та жасайтын домбыралар бар. Әуелі мойын ағашын жонып аламыз, сонан соң шанағын иеміз. Осы сияқты оның жасалуының да өзі реті бар. Олардың өлшемдері де әр қалай. Алты жасқа дейінгі балаларға көлемі 32 сантиметрлі домбыра жасалады. Алты мен он екі жастағыларға 40-44 сантиметрлігін әзірлейміз, – дейді шебер.

Ұстаның айтуынша, бір домбыра 6-7 түрлі ағаштан жасалады. Сол себепті, бір домбыра бір ғана ағаштан жасалады деу қате. Ал, көбіне шетелдік ағаштарды пайдалануын шебер өзімізден таза ағаштарды табу өте қиын болуымен түсіндіреді. Тапсырыс берушінің қалауынша әсемдеп, көркемдеп, тіпті беткі ағашына мал сүйегінен жасалған оюмен өрнектеп беретін Біржан қолынан туған домбыраны 45 мыңнан 450 мың теңгеге дейін бағалайды. Айтуынша, бағасы қалтаны әжептәуір қаққанымен, сапасы соған тұрарлық. Неше жыл төріңізде тұрып сыны да, сыры да кетпей қызмет етуге даяр. Саналы ғұмырын осы өнегелі өнермен тоғыстырған талантты жігіт алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, шеберханасын жастарды шыңдай түсетін өндірістік-тәжірибе ордасына айналдыруды көздейді. Бір жағынан ата кәсіп түлейді, екінші жағынан жас буынды мехнатты өнерге баулиды. Бастысы, ата жолын қуған талантты жігіттің ой түкпірінде қазақтың қос ішектісін тек коммерциялық бағытта емес, текті өнерге деген қолдау, оны насихаттау ниеті барын аңғарып, іштей қуанып қалдық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ