Сәбиге домбыра сыйлады
Халқымыздың қасиетті қара домбырасы – күллі түркі елдеріне ортақ рухани қазына. Ата-баба мұрасын келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру – бүгінгі буынның міндеті. Бар болмысы домбыраның үнінде бейнеленген қазекең үшін одан асыл мұра жоқ. Содан болар ол әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұрады.
Соңғы жылдары елімізде Домбыра күнін атап өту дәстүрге айналды. Биыл ол 7 шілдеге тұспа-тұс келді. Осы атаулы күнде Қазақстан халқы ассамблеясы ортақ мұраны ұлықтауда «Қасиетті домбыра» атты акция ұйымдастырды. Басты мақсат – ұлттық аспапты дәріптеу арқылы қоғамда ұлттық мәдениеттің өркен жаюына сеп болу.
Акция барысында ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева облыстық перинаталдық орталықта дәл сол күні дүние есігін ашқан алғашқы сәбидің анасын мерекемен құттықтап, халқымыздың қара домбырасы мен «Айналайын, Ұлы Дала перзенті» атты құттықтау мәтінін сыйға тартты. Мұндай толайым тартуға төртінші сәбиін өмірге әкелген қала тұрғыны Айнұр Пашкенова ие болды.
– Осындай айтулы күнде өмірге сәби әкелу ерекше толқыныс сыйлады. Қызымның Ұлттық домбыра күні дүниеге келуі өзіндік қуанышы мен бірге үлкен сенім мен үміт бергендей. Бөбегіме киелі музыкалық аспапты сыйға берді. Өскенде баба мұрасын жаңғыртар ұлағатты азаматша болады деп сенемін – деді ол.
Бабалар дәстүрін жаңғыртуда мұндай шараның ұйымдастырылуы маңызды. Бұл бабалардың сан ғасырғы тарихы мен мәдениетін, руханиятын өскелең ұрпақ жадында сақтаудағы, ұлттық болмысын жоғалтпаудағы игілікті іс.
АЙДАНА САЙДУЛЛА.