Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АҢЫЗ-ДОМБЫРА, АБЫЗ-ДОМБЫРА

АҢЫЗ-ДОМБЫРА, АБЫЗ-ДОМБЫРА

   Ертеде бір аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етіпті. Бірде қанжығасы майланып, теңбіл марал атып алады. Оны етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтарып, алып тастайды. Содан арада айлар өткен соң әлгі жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан маңға бет алады. Сол сәтте құлағына бір ызыңдаған дауыс естілгендей болады. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың содан шығып тұрғанын аңғарады. Бұтақтарға керіле кепкен оны сәл ғана жел тербесе ызыңдап, әдемі әуен шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. "Мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын" деген оймен оны үйге алып келеді. Сөйтіп, ағаштан бір аспап жасап, соған әлгі қос ішекті тағады. Тартып көрсе, шынында да тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Ерекше үн мергеннің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша бұл көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналған деседі... 
Бұл қазақтың ұлттық мұрасы – домбыра мен күмбірлеген күй ұғымының дүниеге келуі туралы ел аузында қалған "Қос ішек" аңызы еді. Мұнан өзге, осыған ұқсас оқиғалар желісіне құрылған "Тауқұдірет", "Қамбархан" әпсаналары да аталмыш құндылықтардың туу тарихынан сыр шертеді.
Домбыра – ұрпақтан ұрпаққа бабамыздың көзіндей аманат болып  жеткен бірден-бір асыл қазына. Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым. Оны бір-бірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, толғамы терең тарихы осы аспаппен үндесіп жатқандай көрінетіні де сондықтан болар. Сонау білім-ғылымы жоқ заманның өзінде-ақ ата-бабаларымыз домбыраның құлағында ойнап, қос ішектен талай керемет күй тудырған. Бар сүйініш-күйінішін осы аспаптың құдіреттілігімен жеткізген. Әрбір шаңырақтың қақ төрінен орын алған оны екі қазақтың бірі тарта алатын қабілетін де айтпай өтуге болмас. Бірінен кейін бірі іліп әкетіп, лезде жалғастырып кете беретін бұл қасиет сол кездері қазақпын дейтін әрбір жан үшін үйреншікті жағдай еді.
Ал, қазір ше? Жиналған бес адамның біреуі домбыра шерте алса, қуанатын болдық. Расымен де, түрлі жиын-тойларда домбырамен кеш көркін аша түсетін жандарды кездестіру күн өткен сайын қиындап барады. Тіпті, үй біткеннің төрінен табылатын үкілі домбыраны бір ауылдан іздеп табудың өзі қиын. Той-жиын бола қалса, домбыра іздеп ауыл кезіп кететін жағдайдың болып тұратыны жасырын емес. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.
– Менің бала күнімде ауылда екі адамның бірі домбыра тартып, бірі ән сала алатын еді. Ал, қазір қазақтың көп ауылдарына бара қалсаң оны тартпақ түгілі бұл жәдігердің өзін әзер табатын халге жеттік. Осылай біздің ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық аспаптарымызға қызығатын ұрпақ қатары азайып барады. Мектептен бастап арнайы домбыра сыныптарын ашып, жастардың ұлттық аспаптарға деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Бұл тұрғыда шаралардың алды басталып та кетті. Мәселен, үш-төрт жылдан бері қалада бір топ жастардың қолдауымен «Домбыра думан» шарасы сәтті жүзеге асып келеді. Бір қуантарлығы, сонда қызығушылық танытып жүрген жастар қатарының артып келе жатқандығын байқадық. Ал, жақында ғана қолға алынған мектепте қоңырау орнына күй ойнатылуы туралы мәселе өте жақсы көтерілген бастама деп ойлаймын, – дейді жергілікті жас айтыскер ақын Серікхан Жүзеев.
Ұлттық өнердегі мұндай алға басушылықты көріп ішің жылитыны сөзсіз, әрине. Өйткені, домбыра – қазақ үшін аса қастерлі дүние. Оны тарта алмасаң да, қадірлей білген абзал. Домбыраны шерте білу – ата-кәсіп дәстүріне бойлау, бойға сіңіре білу деген сөз. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады екен. Оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады музыкант мамандар. Өйткені, бұл аспап көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие. Ендеше, әрбір исі қазақтың бұл жәдігерді ұлттық құндылықтың бірегейі ретінде жоғары бағалауы керек деген ойдамыз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
02 шілде 2018 ж. 2 525 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 525 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам