Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ

ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ

 Ұлттық рухымыз қайта жаңғырып жатқан бүгінгі тұста, бабадан қалған төл өнеріміздің мерейін өсіріп, халқымыздың игілігіне жарату маңызды іс. Сан ғасыр тарихқа жалғасқан қол өнеріміздің ең маңызды саласының бірі – ұлттық музыка аспабын жасау. Қазақтың ұлттық рухына теңейтін киелі қара домбыраның қалпын бұзбай, қазақи қоңыр үнін сақтап жасау, он саусағынан өнер тамған қол өнер иелеріне тән жұмыс. Ұлтымыздың рухани өмірінен айыруға келмейтін, өткен күндердің сырын ішіне бүккен, қазақ даласына, тіпті шет елдерге кеңінен танымал, табиғи ұлттық музыкалық аспабы – домбыра.
Шиелі ауданы Досбол би ауылы­ның тұрғыны Біржан Ділманов арғы атадан мирас болып келе жатқан қасиетті домбыра жасаушы. Біржан ­мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ағаш­тар­дан түрлі бұйымдарды ойып жасай бастайды. Осыдан бас­тап қол өнерге қатты қызығады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесінің шеберханасына жиі бас сұғатын ол ағаш шебері болуды армандайды. Арман қуалаған бозбала Алматы қаласына бет алып, «Шертер» компаниясында әкесінен үйренген тәжірибесін шыңдайды. Сегіз жыл аталмыш компанияда қызмет етіп, бұл өнерді ауылына келіп жалғастыруды жөн көреді.
Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінде ағаштан әр түрлі дүниелер жасайды. Басты кәсібі – домбыра жасау. Ол сүйікті ісін 20 жыл бұрын бастаған. Шебер аспапты ең қысқа 10 күнде жасаса, ең ұзағы 3 айға созылады.
Біржан өздеріне қажетті үйеңкі, қайың, полесандра ағаш­тарын еліміздің басқа аймақ­тарынан алдырып, тұтыну­шы­лардың тапсырысы бойынша домбыраны құрап та, шауып та жасайды. Ауылының төрт азаматын қасына жұмысқа алып, жаса­ған аспаптарын барынша сапалы етуге тырысады. Содан болар бүгінде аспаптары үлкен сұранысқа ие.
– Күйшінің көкірегінен төгіл­ген күйге қанат бітіретін ол – домбыра. Сондықтан жүрек қылын шертетін үн шығу үшін оны талапқа сай жасау керек. Аспапты жасайтын қолөнерші міндетті түрде оны жақсы шерте де білуі керек. Əйтпесе, ол домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды. Сол себепті, музыкалық жағынан сауаты мықты болуы қажет. Менің ойымша, ол дүниені кез келген ағаштан жасаған дұрыс болып шықпайды. Мәселен, қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, әлтьшетер, бас домбыра, контрабас прима домбыра сынды аспаптармен қатар, сандық, бесіктерді, естелікке беретін сыйлықтарды тағы сол сияқты ағаштан жасалатын барлық дүниелерді құрастыра береміз. Алдағы уақытта кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтсем деген жоспар бар», – дейді аспап жасаушы.
Біржан бүгінге дейін 3000 мыңнан астам домбыра жасаған. Ол әкесінен көрген, білгенін өзінен кейінгі шәкірт­терге үйретуде. Бүгінде оның шеберханасында жас буындар түрлі аспаптар жасап үйренуде.
Əр шебер домбыра жасағанда өзіндік үлгіні ұстанып, оның үнін жетілдіруге, əдемі етіп əшекейлеуге, өз қолтаңбасын та­ны­туға тырысатыны белгілі. Ең бастысы домбыраның қоңыр үнін жоғалт­пағаны бəрінен маңызды.
Ұлттық құндылықты жаңғыр­тып, қол өнерді дәріптейтін шебер­лердің өлмес өнері кейінгі ұрпаққа үлгі болмақ.

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.
06 шілде 2018 ж. 2 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам