Әкелер әңгімесі
Әкенің қас қабағы – өмірдің бас сабағы. Ақын Бекжан Әшірбаевша айтсақ, академиялық жолды әкеден алу әділ жол. Әкенің берген тәлімін жүз мектеп те бере алмайды.
Ілгеріде бір анамыз арқасүйер азаматынан ерте айырылып, әулет жүгін өзі көтеруге тура келеді. Балаларының керегін күні бұрын бағамдап, үй босағасында ілулі тұрған отағасының киімінің қалтасына салып қояды екен. Балалары бірдеңе сұраса «Әкелеріңнің қалтасынан барып алыңдар» дейтін көрінеді. Ондағы ойы әкелерін әрқашан естерінен шығармау ниеті.
Міне, бұл өткеннің өнегесі, тарихтың тағылымы. Осы қағида арқылы әкелер құндылығын, қасиетін бағамдай беріңіз. Бұл – бұлжымас өмір айнасы. Әке болу дүниеге ұрпақ әкелумен өлшенбейді. «Бір бала әкеден өте туар, бір бала әкеге жете туар, бір бала әкеден кете туар» деген даналар өсиеті бар. Әке әлемі теңізден терең, бұлттан биік. Оны түйсікпен түсініп, тарызылау үшін кеудедегі алтын сандығың ашық болуы абзал.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» отбасы күніне орай «Әке – асқар тау» тақырыбында І облыстық әкелер форумы болып өтті.
Танымдық маңызы терең тағылымды шараға ардагер Сәпен Аңсатов, дінтанушы Бақтияр Оспанов, жас кәсіпкер Мағжан Ералиев, айтыскер ақын Нұрмат Мансұров қатысты.
Рухани кеште тақырып төңірегінде орамды ойлар мен сүбелі сөздер тіні тарқатылды. Әке туралы тұщымды ойларын ортаға салды. Осылайша отбасындағы әке рөлін күшейтуді және бала тәрбиесінің маңыздылығын мақсат еткен форум межелі міндетін орындай алды.
Шараның ашылуында сөз алған облыстық жастар басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов: – Форумның жастарға берер әсері мол деп есептеймін. Қазір жастар арасында ажырасу артып отыр. Келіспеушілік пен келісім жоқ жерде жетім боп бала, жесір боп әйел қалады. Осы тұрғыда әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігі, бала алдындағы міндеті секілді маңызды құндылықтардың мақсатын айқындау уақыт талабы, – деді.
– Терең тақырып таңдалған. Шынында әкенің отбасындағы образы елеусіз қалып отыр. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, бірінші әкеңе барып сәлем бер», – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Баланы әке алдында тәрбиелеуді Ұлжан анамыздың ұлағатынан алсақ адаспаймыз, – дейді С.Аңсатов.
М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры, айтыскер ақын Н.Мансұров:
– Ілгеріде көршісінің бау-бақшасынан алма ұрлап жатқан жеткіншекті үлкендер ұстап алады. Содан «Мұны Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға апарайық. Лайықты жазасын береді деп баланы жұлқып пайғамбардың алдына әкеледі. Әбден қорқып әбігері қашқан бала үрпиіп босағада тұрып қалады. Сонда Алла елшісі «Әй, қарағым-ау, неге ренжіп тұрсың. Сен үлкен азаматсың ғой. Кел, қасыма отыра ғой» деп жанына жайғастырып, ал енді айта қойшы алманы неге ұрладың дейді?
– Қарным ашқасын.
– Қарның ашса жерге түскендерін теріп же. Ол өз еңбегің деп ақылын айтып шығарып салыпты. Кейіннен сол баладан ислам дінін насихаттаушы үлкен ғалым туады. Міне, пайғамбар негізін қалап кеткен әке тәрбиесі тарихы осылай, – дейді.
Жас кәсіпкер М.Ералив:
– «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген даналық өсиетте терең тәлім бар. Біз жас кезімізден ерте тұрып тіршілік жасауды әкемізден үйрендік. Еңбекке араласу, елмен етене жақын болу секілді қасиеттерді бойымызға сіңіріп өстік. Әкеміздің қас қабағына қарап, атқарған істі тиянақты тындыруға тырысамыз. Білімді болсаң өмірде орның болады. Әкемен сырласу керек. Мен жастарға осыны айтамын, – дейді.
– Әке әркімнің санасында әртүрлі. Әке ризашылығын алу кіші қажылықты өтеумен тең. Абаймен ұлы Әбдіғаппар секілді бірін-бірі үш күн көрмесе тұра алмайтын сағыныш бүгінде бар ма? Құнды қасиеттер қалып қойды. Ұлды өбектеп, болашақ болмысты әке өсіре алмаймыз. Әкенің жүзінде айбат та, мейірім де болу керек. Бірде әкесі баласымен сөйлесіп отырып, кім күшті дейді. Баласы: – Мен күштімін әрине. Бойымда жастық жігерім бар деп жауап қайтарыпты. Әкесі абдырап қалып, қайта сұрағанда да сол жауапты естиді. Содан көңілі түсіп, кетіп бара жатып ұзақтау барып ер кезегі үшке дейін деген соңғы мәрте сұрайын деп тағы сол сауалды қояды. Сонда анадай жерде отырған баласы «сіз күштісіз» дейді. Әкесі мынау мені мазақ етіп тұрма депті. Жанына барып себебін сұрағанда баласы «сіз екі рет сұрағанда қасымда отырдыңыз, үшінші сұрағанда ұзап бара жаттыңыз. Сізден алыста қалсам әлсіз екенімді түсінемін. Ал сіз қасымда болғанда менен күшті кім бар» деген екен. Міне, әкесі бар бала жаужүрек деген осындайдан айтылса керек-ті.
Тағы бір мысал, бір досым заманауи талапқа сай етіп екі қабатты зәулім үй тұрғызды. Соның шығар бөлмесі бұрышы көптеу болып, шатыры төмендеу жабылғанын көрдік. Содан себебін сұрасақ «Әкем осылай істеңдер деді» деп жауап берді. Бастысы үйдің қалай салынғанында емес ол үйде әкенің сөзі жүретінін білдік. Басқасы маңызды емес. Әкені биікке көтеретін әйел адамдар. Сондықтан отбасында таразы басын тең ұстаған абзал. Осындай маңызы жоғары кездесулер жиі өткізіліп тұрса, жемісті нәтижесін береді, – дейді дінтанушы Бақтияр Оспанов.
Рухани маңызы терең форумда спикерлер бала тәрбиесін басты орынға қоюға кеңес беріп, қоғамдағы әке рөлін бірлесе күшейтуге шақырды. Аталған шараның да мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие беру, басты құндылық – отбасы құндылығын, әке рөлін дәріптеу болды. Ол өз мақсатына жетті. Шара соңы әнші Үміт Медеуованың ән-шашуымен қорытындыланды.
Әке, ана, бала – осы үштағанның үйлесімді дамуы мемлекет іргетасының берік болуына, тәуелсіздігіміздің берік сақталуына қызмет етеді. Отбасы саулығы елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ