Сырдың әні де, дәні де «Сыр сұлуы»
Ризығын жерден терген диқандардың қамбаны сары алтынға толтыратын уақыты жетті. Аптаның сәрсенбісі қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылындағы «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының» тәжірибе алаңында дәстүрлі «Дала күні – 2020» шарасы өтті. Салтанатты рәсімге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Дүбірлі шарада Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС директоры Бақытжан Дүйсембеков шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа егіс науқанында қолданылған әдіс-тәсілдердің нәтижесін, тиімділігін, қол жеткен жетістігін таныстырды.
– Мехнатты тірліктің тереңіне бойлап, ала жаздай атыз аралап, егіс жағалаған ағайынның еңбегіне табыс тілеймін. «Сыр сұлуы» мол өнім беріп, қамбамыз қазынаға, ел іші ырысқа кенелсін, – деді қала әкімі шара барысында.
Бұдан соң дәстүрлі үрдіспен ауыл ақсақалдары бата беріп, қалада алғаш болып «Сыр сұлуы» күрішіне орақ түсті.
Жер емген диқандардың ала жаздай төккен тері ақталып, қырманның көркі кірген сәт. Тәжірибелік алаңның жалпы көлемі 4900 гектар болса, оның 1500 гектар аумағы ғана инженерлік қалыпқа келтірілген. Ерте көктемде соның 1399 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.
Аталған ғылыми зерттеу институтының төл өнімі саналатын «Айкерім» мен «Сыр сұлуын» жұртшылық жақсы біледі. Әсіресе, екіншісіне сұраныс жоғары. Осыны ескерген ұжым былтыр еккен жаңа сорттың 30 гектарын биыл 10 есеге ұлғайтуды жоспарлаған. Енді міне, соның жемісін термек.
– Қарауылтөбе ауылында институттың тәжірибелік алаңы орналасқан. Ғалымдардың ғылыми жобалары, зерттеулері барлығы осы жерде жүзеге асады. Институт үлесіндегі 1500 гектар жердің 631-не күріш егілді. Қалған аумағына күздік, жаздық бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, жоңышқа және көкөніс дақылдары егілді. Биыл егіншілерді өңірде су тапшылығы болады деген қауіп алаңдатқан. 20 гектардан астам күріш дақылы күйіп кетеді деп болжаған едік. Тиісті сала мамандарының бірлесе атқарған жұмысының арқасында су тапшылығы орын алмады. Егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық берілді. Осы орайда «Сыр сұлуы» сортының суды аз қажет ететіндігін, аймақтың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген, төзімді, шығымдылығы жоғары екенін атап өткім келеді, – деді институт директоры Бақытжан Дүйсембеков.
Диқандардың тірлігі мұнымен бітпейді. Өнімді төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алуы керек. Ол үшін қажетті техника да, жұмыс күші де жеткілікті. Мамандардың болжамы бойынша әр гектардан 50-55 центнер көлемінде өнім жиналады. Сонымен қатар бидай, сұлы, арпа және бақша дақылдары толық жиналып, жеткілікті мөлшерде өнім алынған.
Биыл қала бойынша барлығы 8746 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның 4075 гектарына күріш егілген болса, қалғаны әртараптандырылған. Осы орайда сала мамандары аталған көлемде егілген күріштің шығымдылығы бойынша 70 процент жақсы, 25 процент орташа, 5 процент қанағатттанарлық деп бағалады.
Р.S. Бұдан 50 жылдан астам уақыт бұрын Сырдың еңбекші қыздарына арналған «Сыр сұлуы» әні қанша уақыт өтсе де жүректен-жүрекке жетіп шырқалып келеді. Араға жарты ғасыр салып, сырбойылықтардың «Сыр сұлуы» атты күріштің жаңа сортын шығаруы тектен-тек емес. Кезінде «Ақмаржанмен» танылса енді Сырдың бренді «Сыр сұлуы» сорты болар, бәлкім...
А.СЕЙІЛ