Ғашықпын саған, Қызылорда!
«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Сыр өңірінің орталығы, кіндік мекені Қызылорда қаласы да аймақ тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Тарих төрінен орын алған қаланың сәулеті мен сәні артып келеді. Алаштың анасы атанған киелі өңір Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов секілді қазақ зиялыларының ізі қалған құтты қонысқа айналды.
Бұл шаһарда қазақтың астанасы орнады, тұңғыш қазақ драма театрының шымылдығы түрілді. Алғаш Қазақ радиосы жұмыс жасап, М.Әуезовтің атақты “Еңлік-Кебек” спектаклі қойылды. Қазақ әдебиетінің салмақты әдеби жәдігерлері осы шаһарда басылды. Сондықтан, ел мерейі мен өткеннің еншісінде Қызылорданың есімі айрықша сақталған.
Екі жыл бұрын ғана 200 жылдық мерейтойын тойлаған қала бүгінде әсем ғимараты мен көркейген көшелерімен көркі көз тартады. Бой түзеген жаңа нысандар, жөнделген көшелер шаһардың шырайын келтіріп, тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Әсіресе, биыл қолға алынған жарқын жобалар қала реңін ашса, сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылысы кемел келешекке үлкен үміт сыйлайды. Қызылордалықтар да әсем мекеннің әдемілігі мен жаңаруын айтудан жалықпайды.
Қамысқаладан Ақмешітке дейін
Қала күні қарсаңында өткенге көз тастап, тарих парақтарын саралап көрейік. Қызылорда қаласының бастауы Қамысқаламен астасқан. Бастапқыда Сырдария бойындағы қазақтардың Қамысқала атты елді мекені 1817 жылы Қоқан хандығынан қорғану үшін салынған бекініске айналды. Ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1847-1848 жылдары орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыруға және Орта Азия хандықтарының шекарасына жақындай түсу мақсатында патшалық Ресей Сырдарияның төменгі ағысының бойына Райым, Қазалы форты секілді әскери бекіністер сала бастады. Сөйтіп, орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға және қоқандықтардың ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке кіруге жол ашылды. 1853 жылы 28 маусымда Орынбор генерал-губернаторы басшылық жасаған орыс әскерлері бірнеше күн қоршап, зеңбірекпен атқылап, Ақмешітті басып алды. Қала басқыншы генерал В.А.Перовскийдің құрметіне Перовск аталып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. Қалада мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмені, ұста дүкендері жұмыс істей бастады.
Теміржолдың Орталық Азияға тартылуы Сыр өңірінде байланыс пен әлеуметтік жағдайды күрт өзгертті. 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынса, 1917 жылы Перовскіде ел аумағында алғаш Кеңес үкіметі орнады. Ал 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.
Бұл кезеңде тек Сыр өңірі ғана емес, қазақ тарихында маңызға ие қадамдар жасалды. Мәселен, 1925 жыл қалада Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі ашылып, онда «Қырғыз республикасын» «Қазақ республикасы» деп атауға қаулы қабылданды. Сондай-ақ Ақмешітті Қызылорда деп атап, оны Қазақстанның астанасы етіп бекітті. Мұндай айтулы шешім келешек ел болашағына жасалған оң өзгеріске жол ашты. Осы жылдары Қызылордада А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев секілді алаш зиялылары жұмыс істеді. Ал 1938 жылы аймақтың әкімшілік құрылымындағы ең маңызды оқиға орын алды. Осы жылы Қызылорда облысы құрылды.
Қызылорданың ел астанасына ауысуы да бөлек бір тарих. Дерек бойынша, Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін Перовск станциясы темір жол жұмысшылары үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жібереді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанған. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Иса Байзақов, Александр Затаевич, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан Мұңайтпасов болған деген дерек бар.
Тың тыныс
1969-70 жылдары қалаға жаңа тыныс берген кәсіпорындар ашылып, шаһар аумағы кеңіді. Қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді мекендері бой көтерді. Осы жылдары Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орны жұмыс істеп, көптеген мектеп үйлері жаңадан салынды. 1989-90 жылдары қазіргі Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді. Ақмешіт, Мерей шағын аудандары, “Оңтүстікмұнайгаз” фирмасының әкімшілік үйі, диагностикалық орталық, облыстық аурухананың жаңа үйлері қала ажарын аша түсті. Шетелдік компаниялардың Сыр бойының табиғи байлығын игеруі, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуіне ықпалы тие бастады.
Сонымен қатар Қызылорда астана болған жылдары орта және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы мекемелерімен қоса орталықтан ғылыми-зерттеу ғимараты қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы дүниеге келді. Сондай-ақ ең алғашқы рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары жұмысын осы қалада бастаған болатын.
Жаңа дәуір
Бүгінде 300 мыңнан аса тұрғын қоныстанған Қызылорда күн сайын көркейіп, келбеттене түсуде. Сырдария жағалауынан орын тепкен шаһардың тыныс-тіршілігі өзенмен өзектесіп, тағдыры тамырлас біткен. Дарияның толқыны қаланың тынысы мен тіршілігіне дем беретіндей. Оған қоса, өзеннің жағалауын тиімді пайдалану жобасы да сәтті жүзеге асуда. Сырдарияның сол бөлігінде жаңа құрылыс қарқын алып, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтерген. Бұрын ен жатқан мекен енді әсем де сәулетті ғимараттарға толы.
Сондай-ақ сол жағалауда әкімшілік-кеңселік, мәдени орындар, ойын-сауық, сауда орталықтары, спорттық, коммуналдық және гидротехникалық құрылыс нысандары салынып, тұрғын үй кешені ұлғайту жоспарлануда. Көлік қозғалысы, көркейту-көгалдандыру, инженерлік инфрақұрылымы толығынан заманауи талапқа сай болмақ. Шаһардың жаңа бөлігіне «Ақылды қала» жүйесін енгізу де көзделген.
P.S. Расымен, қазіргі таңда облыс орталығында инфрақұрылым жыл сайын жанданып келеді. Шаһар көшелері рет-ретімен күрделі жөндеуден өтіп, жаяу жүргінші жолы салынуда. Сондай-ақ қалаға қарасты шет аймақ пен ауылдық округтер, кенттердің ішкі жолдарын жөндеу, көшені жарықтандыру жұмысы да назарға алынған. Сондықтан тарихы кемел, болашығы жарқын қаланың сәулеті мен келбеті заманға сай құлпырып, ғасырдан-ғасырға дами берері сөзсіз. Мерекеңмен, сүйікті қалам!
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген Бахтияр Алмусаев