Отбасылық сот пилоттық жобасы дамуда
Бүгінгі күні қоғамымызда отбасына қатысты дау дамайлар жетерлік. Сондықтан отбасыларды сақтап, олардың құқықтық мәселелерін өз деңгейінде шешу үшін елімізде «Отбасылық сот» пилоттық жобасы құрылды. Яғни еліміздегі ажырасу деңгейін төмендету, отбасына қатысты дау жанжалдардың алдын алу, ерлі-зайыптылардың татуласуына құқықтық органның септігін тигізу және тағы басқа мәселелерді тиімді шешу үшін атылмыш жобаның қажеттілігі сезілуде.
Осы орайда бүгінгі күні Республиканың әрбір өңірінде жобаны жүзеге асыру үшін соттар анықталған, олар отбасы-неке қатынастары саласындағы дауларды қарау тұрғысынан мүлдем басқа көзқарастағы бағыт ұстанып отыр. Мәселен, сот дауды сотқа дейінгі тергеу арқылы шешу жолымен шектелмейді, сонымен бірге отбасылық қатынастарды сауықтыру, жалпы отбасын сақтап қалу және дау-жанжалдан арылмай жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолданады. Ал бұл үшін соттарда татуластыру рәсімдерін өткізу жөнінде арнайы кабинеттер ашылған. Мұндай отбасылық кабинеттерде білікті психолог мамандар дау-жанжалға қатысушылармен әңгімелер өткізеді, дауды сот тәртібімен шешудің балалар үшін әкеп соғатын психологиялық салдарларын түсіндіреді. Бүгінгі күннің өзінде аталмыш шараның тиімділігін байқап отырмыз. Соның айғағы республиканың соттарына 2020 жылдың қаңтар-ақпанында өткен жылмен салыстырғанда «ажыраспақ болған» 418 отбасылық жұпты артық татуластыруға қол жеткізген. Шын мәнінде бұл үлкен жетістік.
Жоғары Сот Төрағасы Жақып Асанов мырза атап өткендей «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Көшеде, қоғамдық орындарда орын алатын қатігездіктің түп тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі». Яғни «отбасылық сот» жобасы қоғамымыздағы қылмыстардың алдын алуда да белгілі бір дәрежеде өзінің оң ықпалын тигізеріне үміт зор! Қоғамымызда ажырасу мен некесіз туылатын балалар санының көбейгендігі, әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып жатқандығы, отбасылық зорлық зомбылық оқиғаларының жиілеуі мамандарды алаңдатып отыр. Сондықтан «отбасылық сот» пилоттық жобасы көптеген мәселелердің шешімін табуына әсер етеді деп күтілуде.
Бибінұр АМАНЖАН,
Қызылорда облысының кәмелеткетолмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
Қызылорда облысының кәмелеткетолмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының
психолог-инспекторы
психолог-инспекторы