Еңбек еткеннің еңсесі тік
Қай кезде де еңбек адамына деген құрметтің ерекше екені белгілі. Қайнаған еңбектің ортасында жүріп еңсесін тіктеген жандар қашанда алғыс арқалайды. Әсіресе туған елдің өркендеуі үшін жұмыс жасап, қамбасын дәнге толтыратын диқандар қауымына ел-жұрт дән риза. Көктемнің ызғарлы желіне қақталып, жаздың ми қайнатар ыстығына апталып еңбек ететін диқандар өнім жинайтын алтын күзді сағына әрі сарыла күтеді. Өйткені осы уақытта ала жаздай төккен тердің, еткен еңбектің, жасаған бейнеттің өтеуіндей болған егін жинау науқаны жүреді. Біз егістік басынан арнайы репортаж дайындау мақсатымен Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылына барған едік.
Қызылордадан шыққаннан Бесарықтағы егіннің жайы қалай екен деп ойланумен болдым. Өйткені биыл Сыр өзенінде су аз болып, диқандарға қиындық тудырғаны жасырын емес. Ал менің білуімше, бұл ауылдағы «Бес арық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – негізінен күріш өсірумен айналысатын шаруашылық. Тамырымыз ауылмен сабақтас болған соң күрішке судың қаншалықты көп жұмсалатынын жақсы білеміз. Екінші жағынан, комбайндар орып, бастырып, жинап, автокөліктерге салған күрішті көзбен көріп, қырманға жеткен дәнді қолмен ұстағанның өзі бір ғанибет. Бұл жолғы сапарда осы көріністің барлығын көре аламыз ба деп келе жатқанда біз мінген көлік діттеген жерге жақындап қалды.
Алыстан «Берекелі Бесарық» деген жазу менмұндалап, бізді өзіне шақырғандай әсер қалдырды. Ауылға кіргенде көзге бірінші болып көрінетін «Бұхар төбе» екен. Жергілікті жұрттың айтуынша, осы арада ертеректе Бұхараға қатынайтын керуен жолы өтіпті. Құмды төбенің үстіне орнатылған туынды кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Тақтайдай тегіс жолмен ытқып отырып ауылға да жеттік. Бізді осы ауылмен аттас «Бесарық» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Биболатов күтіп алды. Шаруашылық төрағасының өз ісіне мығымдығы бір көргеннен аңғарылды. Амандық-саулықтан соң «Абай-Дәулет» ЖШС қаржыландыратын «Бесарық» шаруа қожалығының жұмысы жайлы әңгімеге көштік. Мен сұрақ қойып келемін, ал төраға жауап беруде.
– Берекелі бірлік бар жерде, нәтижелі тірлік болары сөзсіз. Әсіресе тағдырларын жермен байланыстырған еңбек адамдары бірлік болмай, тірлік болмайтынын жақсы біледі. «Әлемнің әміршісі – еңбек» екенін қағида етіп ұстайтын бұл ауылдағы еңбеккерлер талайға үлгі көрсетіп келеді, – деп сөзін бастаған Мақсат Биболатов күріштің 80 процентіне жуығын жинап үлгергендерін айтты.
Шаруашылық төрағасының айтуынша, «Бесарық» ЖШС-да 120 адам еңбек етеді екен. Бұл дегенің осынша отбасының ырзық-несібесі осы шаруашылық арқылы келіп отыр деген сөз. Биыл 770 гектар алқапқа күріш егілген. Бұдан бөлек 300 гектар жоңышқа бар. Ерте көктемнен жерге дәні тасталған «лидер» тұқымды күріштің өнімі де жаман емес сияқты. Біз барған кезде еңбеккерлердің алды 90 центнерден өнім алыпты. Төраға мұндай нәтижеге берекелі бірлікті барлық тірліктен артық қоятын азаматтардың арқасында қол жеткенін мәлім етті.
– «Не ексең, соны орасың» дейтін диқан атаның ұрпағымыз. Жер-ана еңбек еткеннің меселін қайтармайды. Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Ала жаздайғы еңбегіміз қайтатын сияқты. Мұны жиналып, қырманға төгіліп жатқан өнімнен байқап отырмын. Күрішшілердің алды 90 центнерден өнім берді. Осы ретте инженер – Бейбіт Белгібаев, бригадир – Гаждан Жүсіпов, сушы – Берік Азаматов, механизатор – Әлімжан Өтепов сынды азаматтардың есімін ерекше атап өткім келеді, – деді М.Биболатов.
Қырманға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып...
Шаруашылықтың негізгі жұмысымен танысқан соң дән жиналып жатқан қырманға бардық. Бізді бұл жерде Орынбек Сейітмұратов есімді қырман меңгерушісі күтіп алды.
Қырмандағы көріністің өзі бір бөлек. Тау боп үйілген астық. Оны баласындай мәпелеп, жинап жатқан жұмысшылар. Сырттай қарайсың да тәнті боласың. «Дала әнге, қырман дәнге толды» деген сөз осындайда айтылған шығар. Ауа райының қолайсыздық танытып, желдетіп тұрғанына қарамастан мұндағы бейнеткер қауым әндетіп еңбек етуде. Бірі күрішті қаптап жатса, енді бірі алақанына уыстап ұстап, биылғы дәннің қаншалықты өңді болғанын бағдарлауда. Қырманға келетін көліктер алдымен таразыға түсіп, содан соң барып астықты белгіленген орынға төгеді. Осы жерге басшылық жасайтын Орынбек ағамыз өздері атқаратын жұмыстың жай-жапсарын баяндады.
– Қырман – егістік алқаптағы бүкіл дәннің жиналатын жері. Осы жерге таудай болып үйілген астықты біз өлшеп, қаптап, сұрыптап жинаймыз. Жалпы мұнда 18 адам жұмыс істейді. Қарамағымда төрт механизатор, екі оператор, екі зертханашы, бір аспазшы мен сегіз жұмысшы бар. Дәл қазір тынымсыз әрі тоқтаусыз еңбек ететін уақыт. Сол себепті жұмысшылардың барлығы күзгі егін жинау науқанына сақадай сайланып барып кірісті, – деді қырман меңгерушісі.
Даладағы дүбір
Қырмандағы қыруар жұмысты көрген соң күріштіктің басына қарай тарттық. Бізді егістік алқапта Бейбіт Белгібаев есімді инженер мен Гаждан Жүсіповтей бригадир күтіп алды. Екі азамат та өз ісінің білгірлері екені көрініп тұр. Бірі механизаторларға нұсқау берсе, екіншісі дән жинайтын жұмысшыларға басшылық етуде.
Егіс алқабындағы қайнаған тіршілік бізді одан бетер қызықтыра түсті. Дала кемесіндей болған комбайндар күрішті орып, бастырып жүр. Одан сәл әрегіректе тағы бір комбайн дәнді жинап, оны көліктерге артуда. Аңдап қарасақ, техниканың барлығы шетелдікі. «Macdon», «CLAAS», «John Deere» маркалы комбайндар алқаптағы жұмыстың қажетіне жарап тұр.
– Дала төсіндегі дүбір көктем шыға басталған. Диқандар жерге тастаған дәнге баласындай қарап, күтім жасайды. Ала жаздай аптап ыстыққа төтеп берген диқандар күрішті күздің ызғарлы суығына ұрындырмай жинаудың қамына кіріскен. Енді шамалы күнде егін жинау науқанын да аяқтаймыз, – деді бригадир Гаждан Жүсіпов.
Бесарық көркемдігі көз тоятындай ауыл екен. Елді мекенге кіргеннен түрлі гүлдер өсірілгенін байқадық. Айналасы қоршалып, күтімге алынғаннан кейін күз келсе де өңдерін жоғалтпаған. Ауылдың орталығы тіпті, керемет! Жаңғырған мәдениет үйі, арнайылап жасалған алаң, субұрқақ, гүлзарлы аймақ бәрі-бәрі тамаша. Құдды бір ауылда емес, аудан орталығында тұрғандай әсер аласың. Бесін уағында Бесарыққа келген біз күннің қалай батқанын да аңғармай қалдық. Кеш қарая еліміздегі әр ауыл осындай болса екен деген ниетпен Қызылордаға қарай бет түзедік.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ
Суретті түісрген: Н.НҰРЖАУБАЙ