Жаяудың өз жолы бар
Биыл қалада «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында 200 көше мен 68 жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Қала аумағында жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бүгінде бұл аталған жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында жол жұмысымен тағы бір танысып қайттық.
Қаланың Сұлтан Бейбарыс көшесіне жаяу жүргінші жолын салу көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Себебі бұл көшеден жеңіл машинаны айтпағанда, үлкен жүк көліктері жиі өтеді. Тұрғындар балалары үшін алаңдайтын еді. «Ештен кеш жақсы» демекші, бұл түйткіл де биыл өз шешімін тапты. Мердігер «Инженерные изыскания и К» серіктестігі мамыр айында өз жұмысын бастаған. Қазіргі таңда жұмыс аяқталып, айналасын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
– Сұлтан Бейбарыс көшесіне жаяу жүргіншілер жолын тұрғындардың сұранысы еді. Мердігер мекеме жұмысын тиянақты жасап шықты. «Инженерные изыскания и К» мекемесі бұл салада жүргеніне біраз жылдар болды. Жаяу жүргінші жолы мен жаңа аялдамалар да салынды. Бұл көшенің бойында қозғалыс көп болған соң жол жиекте жүру тұрғындарға қолайсыз еді. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Көше бойында мүмкіндігі шектеулі жандар және балалар үшін арналып пандус та назардан тыс қалмаған, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.
Келесі көше «Гагарин» шағын ауданындағы Жиенбай жырау көшесі. Камалов көшесінен Хон Бен До көшесіне дейінгі аралықта орташа жол жөндеу жұмыстары жасалуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Ақнұр-Авто» ЖШС жүргізуде. Жиенбай жырау көшесіне жаңадан асфальт төсеу тұрғындардың тілегі еді. Бүгінде көше тұрғындары өз алғысын жеткізуде. Асфальт сапалы, әрі қалың етіп төселуде. Жол салу үшін қазына қаржысы да мақсатты игеріліп жатқанын айтады жауаптылар. Қала көшелері де абаттандырлып, ажары ашылып келеді.
– Жаңадан төселген көше мен жаяу жүргінші жолдарынан кемшілік шықса, біз оны қабылдамаймыз. Мердігер мекеме қайта қалпына келтіреді, – деді Біржан Далабаев.
Жарасхан Қуанышбайұлы