Жылу берілді Ал сіздің үйіңіз жылыды ма?
Күрең күздің алғашқы ызғары сезіле бастаған тұстан әлеуметтік нысандардан бөлек қаладағы көпқабатты үйлерге де жылу беріле бастады. Жылу берілді. Ал сіздің үй жылыды ма?
Қызылорда қаласында жылыту маусымы басталды. Биылғы жылдың ерекшелігі жылу жылдағыдан 5 күнге ерте қосылды. Қазір қала түгелдей жылумен қамтылып болды. Бұл туралы мамандардан сұрап білдік. Дегенмен тұрғындар әлеуметтік желіде үйлерінде әлі күнге дейін жылу жоқ екендігін, болған күнде де бір бөлмеде жылу бар, бір бөлмеде жоқ деп шағымдануда. Біз осы мәселені назарға алдық. Арнайы қала орталығындағы «Сәулет 11» шағын ауданындағы көпқабатты үйлерге бардық. Тұрғындармен тілседіп, көзбен көрдік. Бұл шағын ауданда 20 көпқабатты үй бар. Бүгінде мамандар пәтерлерді аралап, жылуды тексеріп, жылу құбырларының ауасын шығаруда. Біз оған көз жеткіздік.
Айта кету керек, Қызылорда облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8 градус және одан төмен болған жағдайда басталу қажет. Осы кезге дейін тәжірибе көрсеткендей жыл сайын қазан айының 15-де жылу беру маусымы басталатын.
– Қызылорда қаласы бойынша қала әкімінің 3 мамырдағы №1851/ө өкіміне сәйкес, 2020-2021 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде үйлестіруші қалалық штаб құрылып, дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілді. Сыртқы ауа температурасының күрт төмендеп кетуіне байланысты қала әкімінің 1 қазандағы №904/Ш шешімінің негізінде жылу беру маусымы ерте басталды, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.
Бүгінде қаладағы 707 үй толығымен жылуға қосылды. Мамандардың айтуынша, пәтерішілік ақаулар орын алуда. Пәтер иелері желіде жиналған ауаны сыртқа шығармаған. Мамандар тұрғындар қысым айналымы үшін құбырлардан ауа шығару жұмыстарын жүргізуі қажет екенін айтады.
Осыған орай пәтерлеріңіздегі жылу энергиясын реттеу жұмыстарын ПИК немесе кондоминиум объектісін басқару органымен бірлесіп жасау керектігін ескертеміз дейді мамандар.
– Қазіргі таңда жылуды өндіру мен оны жеткізу жұмыстарында ешқандай кедергі жоқ-ау, шамасы. Әдетте қазан айының ортасына қарай қосылатын жылу биыл көпқабатты тұрғын үй нысандары үшін ерте берілді. Жылу жүйесіне ерте қосылып, ел игілігі үшін қызмет еткен жергілікті биліктің, осы іске жауапты тиісті мекемелердің бұл жерде орасан зор жұмысының куәгеріміз, – дейді пәтер иесі Жаңыл Қалымбетова.
Зейнеткер Жаңыл Қалымбетова 1994 жылдан бері осы көпқабатты үйде тұрып келеді. Көпқабатты үй 2003 жылы қайта жаңартылған. Біз түскен жертөле тап-таза, жылы. Қолқаны алатын иіс жоқ. Ал подъездің іші жинақы. Оған тұрғындар да дән риза.
Қарапайым халық алдымен үй-жайының жағдайын ойлайды. Тұрғын үйлерді жаңарту жұмысының жүргені үлкен қуаныш. Себебі кейбір шағын аудандарда кәріз жүйесі мен үйлердің жертөлесі жаңартылмағандықтан қолқаны қабатын иіс шығады. Жаңбырлы маусымда шатырдан су кетіп жататын жағдай кездеседі. Сондықтан күрделі жөндеу ең оңтайлы шешім екені анық.
– Кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерішлік немесе өжіредегі ақауларға байланысты жылу жүйесінде мәселелер орын алып жатады. Жылыту жүйесінде авариялық жағдай туындаған жағдайда «109» нөмеріне немесе өз аумағы бойынша басқару орындарына (ПИК) хабарласу қажет, – дейді «Қызылорда тазалығы» ЖШС бөлім басшысы Марабай Бітімбаев
Бүгінде қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлер жылуға қосылған. Пәтершілік орын алып жатқан мәселеге мамандар барып, қызмет көрсетуде.
Жарасхан Қуанышбайұлы
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай