Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ерекше сыйлықтар әлемі

Ерекше сыйлықтар әлемі

Өңірде қолөнер бұйымын заманауи талапқа сай етіп насихаттап жүрген кәсіпкер отбасы бар. Бүгінде «PodarKing» атты брендпен өз өнімдерін халыққа ұсынып жүрген Нұржан Байжігітов жұбайы Жанар екеуі отбасылық бизнесті дөңгелентіп келеді. Олардың кәсібі өзгелерден ерек. Ағаштан кәдесыйлар, тойтабақтар және ойыншықтар жасайды. Көздің жауын­ алатын бұйымдардың жанына тоқтамай өтетіндер кемде-кем. Көпшілікті жастардың ұлттық бұйымдарды насихаттауы қызықтыра түседі.
Әрдайым жаңа идея ойлап тауып, ізденіс үстінде жүретін Нұржан сүйікті ісі туралы айтудан жалықпайды. Оның әңгімесінен өзінің кәсібіне жан-дүниесімен берілгенін ұқтық. Бизнесте өзін сынап көргісі келген көптің біріне ұқсамайды. Ең әуелі пайданы емес, ойға алған идеясының жүзеге асуына білек сыбана кіріскен оның еңбегі де нәтижесіз емес.
– Ағам Бақытжан екеуміз бір жылда ұлдары­мызды сүндетке отырғыздық. Ат шаптырып, бәйге бермесек те қуанышымызды ұлттық нақышта жасағымыз келді. Сол кезде ұлттық бұйымдарды табу қиын екеніне көз жетті. Бәрін қолдан жасай бастадық. Ұлымның қуанышына үлкен әзірлік соңы кәсіпке жалғасты,– дейді ол.
Тың идеяны жары Жанар да қолдай кетті. Алғашқы бұйымдар дайын болған кезде саябақ­­тағы қолөнершілер жәрмеңкесінің жиі ұйым­дастырылуы талапты жандардың жолын ашты.
– «PodarKing» – «Сыйлықтар патшасы» деген брендпен шыға бастадық. Мақсатымыз – ұлты­мыздың баға жетпес байлығын, мәдени мұра­сын ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа дәріптеп, нарықта ұлттық трендке айналдыру. Бұл жұмыстан біз рухани азық аламыз, – дейді кәсіпкер.
Сыйлықтардың патшасы дейтіндей бар. Ұлт­тық бұйымнан, қолөнерден артық қандай сый болсын?! Жәрмеңкеге келушілер Нұржан мен Жанардың әкелген бұйымдарына қатты қызықты. Бірі тапсырыс берсе, енді бірі ризашылықтарын білдірді. Елдің ықыласы қанат бітірді.
Ағаштан түйін түю – кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Нұржанның әкесі қолынан келмейтіні жоқ шебер кісі болған екен. Дүниеден ерте кеткен әкенің бойындағы өнер балаға мирас болып қалған.
Қазір бұл кәсіппен үй іші түгел айналысуда. Анасы, жары, балалары, бауырлары да ынты-шынтысымен еңбек етеді. Кәсіптің мәні де осында болса керек. Бірін-бірі қолдап, ойы бір жерден шығып жатса, еңбектің жемісті болғаны.
– Отбасы болып жұмыламыз. Қандай бұйым жасасақ та алдымен сызбасын сызып, ақыл­даса­мыз. Барлығының пікірі ескеріледі. Тіпті кіш­кентайлардың да. Олардың қиялы ұшқыр, тәуір дүние жасауға қанат бітіреді. Біз бұйымдарды кесіп, әрлесек, кішкентайлар құрастырады. Бала біз ойламаған, көрмеген нәрсені байқайды,– дейді ата-анасы.
Бір айта кетерлігі, бұйымдардың алғашқы тұтынушысы да балалары екен. Әр жасалған ойын­шықпен ең әуелі үйдегі кішкентайлар ойнайды. Бүлдіршіндер көңілінен шықса, ойнағанда сынбаса, онда сапалы болғаны.
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен облыс орта­лығында ашылған өнер арбаты тасадағы талай таланттыларды танытты.  Өнерлі отбасының танылуына арбатта жиі ұйымдастырылған көрменің көмегі көп. Арнайы дүкен ашу тәй-тәй басқан кәсіп иелері үшін оңай емес. Өнер арбатында талай бұйым сатылып, жарнама да жақсы жүргені сөзсіз. Сондай көрмелердің бірінде олардың жасаған бұйымына қатты қызығып, жөн сұрасқан Кәсіпкерлер палатасының қызметкері Гауһар Елеусінова оларды кеңес алуға шақырды. Әлі де кәсіптің қыр-сырын түсінбеген олар бұл ұсынысты жылы жауып қоя салды. Жыл өткен соң палатаға бас сұқты. Оларды қуана қарсы алған Г.Елеусінова кеңесшілермен таныстырады. Оқуға кеңес берді.
– Тың идеяларға қолдау бар екенін түсін­діріп, «Бастау-бизнеске» оқуға жөн сілтеген соң, курстан өтіп, бизнес-жоспар жасап, құжаттарды реттедім.  Бұл жерден бизнес әліппесін үйрендім. Инновациялық идеяларға арналған конкурсқа қатысып, грант ұтып алып, қажетті құрал-жаб­дықтар сатып алдым. Осылайша кәсіпкер болдық, – дейді Н.Байжігітов.
Әдепкіде бұйымдарға қызығушылық таныт­қан­дармен қоса сын айтқандар да аз болған жоқ. Тіпті, қайдан келгенін сұрап, күмәнмен қарағандар да бар. Ал бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне таныла бастағанын үлкен мақтанышпен жеткізді. Кейіпкеріміз кәде­сыйлар ғана емес, балалар үшін ойыншық та жасайды.
– Мені ойландыратыны – бала­лардың телефонға тәуелділігі. Құрастырмалы үй, машина жасаймын. Сырттан ке­ліп жатқан ойыншықтардың бала ден­саулығына зиянын­ ескеріп жатқан жоқ­пыз. Біздің жасаған ойыншықтар – таза ағаштан, тіпті сырланбаған. Балалардың ой-өрісін дамытуға да, ден­саулығына да пайдалы, – дейді ол.
Сапаны бірінші орынға қойған шебер шикізатқа аса мән береді. Бұл үшін ағаштың жақсысы қажет. Шикізат Алматы­дан әкелінеді. Нарықта «PodarKing» брендімен танылған Байжігітовтер жасаған бұйымның бұлай аталу себебін сұрадық.
 – Көптің есінде қалатындай болса екен дедім. Келешекте шетел нарығына шығамыз деген жоспарымыз­ бар. Сол себепті ағылшын тілінде атау қойдық. Мағынасы «Сыйлықтар патшасы» дегенді білдіреді. Ұранымыз – «Сіздің арманыңыз біздің қолымызбен!».
Шебер жергілікті спортшыларға медаль ілгіш жасап, сыйға тартуды дәстүрге айналдырыпты. Сыр топырағынан шыққан әрбір спортшының медаль ілгіші медальға толса екен деген тілектес­тікпен жасайтынын жасырмады.
Екі жылдан бері сүйікті ісін кәсіпке айнал­дырған ол аймақтағы кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдауға көңілі толатындығын білдірді. Ал кәсіпті жаңадан бастауға бел буған замандастарына тәжірибеден түйген кеңесін айтып, бағыт сілтеді.
– Кәсіп бастау үшін айқын мақсат керек. Бірінші кезекте қалтаны қалыңдату емес, сүйікті ісіңді сапалы жасау. Нарықты зерттеу, сұранысқа талдау жүргізу қажет. Әрине, әдепкіде қиындықтар болады. Сол кездері қолды бір сілтемей, еңбектену керек. Биыл ақпан айында қала орталығынан  «PODARKING – ерекше сыйлықтар әлемі» деген брендтік дүкенімізді аштық. Бүгінде біздің жасаған бұйым­да­рымыз еліміз­дің ғана емес, әлем­нің сан-алуан елдері халқының үй­ле­рінің төрінде тұр деп айта аламын. Қазіргі заман талабына сәйкес осындай бұйымдарды заманауи техноло­гиялар пайдалана оты­рып,­ сапасы жоғары етіп жасап, қолжетімді бағада эксклюзивті бұйым­­дарды өз елімізде және шетелдік қонақтарға ұял­май­­­ ұсынудамыз, – дейді кәсіпкер.
Бастаған істі жан дүниеңмен атқара білгенге табыс өзі келеді. Мақсат, жігер, ізденіс алға жетелейтінін айтқан шебер кәсіпкер әлі талай белесті бағындыратынынан үмітті. Бесіктегі баладан,­ еңкейген қарияға дейін қолөнер бұйымын жасауға ден қойған еңбекқор отбасыға береке тіледік.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
20 қазан 2020 ж. 530 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам