Кәсіпкерге көмек

Осы бағытта мемлекеттік жүйелі жоспар мен қаржы институттары бірлескен бастамасы үлкен көмек болары белгілі. Соның бірі «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы. Қазіргі таңда бағдарлама негізінде бизнеспен айналысуға жеңілдетілген несие ұсынылуда.
– Қазір облыста «Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағындағы кәсіпкерлерді шағын несиелендіру жұмыстары басталуда. Қаржыландыратын «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы. Бағдарлама бойынша берілетін несиенің сомасы 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін. Мерзімі 5 жылға, – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Гаухар Елеусінова.
Мамандардың сөзінше, шағын несиенің пайыздық мөлшерлемесі 17,5 процентті құрайды. Оның ішінде инвестициялық мақсатқа берілетін несие бойынша бастапқы 3 жылға, ал айналым қаражатына берілетін шағын несиенің бастапқы 2 жылға пайыздық мөлшерлемесін мемлекет тарапынан 11,5 процентке субсидиялау қарастырылған. Яғни инвестициялық мақсатқа берілген несиелердің бастапқы үш жылында, ал айналым қаражатына берілетін несиенің бастапқы екі жылында кәсіпкер пайыздық мөлшерлемені 6 %-бен төлесе, мемлекет тарапынан 11,5 проценті субсидияланады.
– Бағдарлама аясында несие алуға ниет білдірген азаматтар кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен аудандардағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен қажетті сауалдарына жауап бере алады. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Кәсіпкерлер палатасы мен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына да жүгінуге болады, – дейді Гаухар Елеусінова.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ