Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қарагердің қарғысы

Қарагердің қарғысы



– Мылтық қайда, мылтық қайда деймін сендерге?! Өз қолыммен атпасам ба, бәлем! Көрсетейін мен оған тепсінгенді, – деп Самат үйге ентелей кірді.
– Мылтығы несі тағы, Саматжан, не боп қалды? Өзің сонша ашулысың ғой, – деп Зәкира інісіне қарады.
– Қарагердің көзін құртам.
– Немене? Қой қайдағыны айтпай.
– Оның көзін құртпаса болмайды. Қасына Әбілғазыдан басқа ешкімді жуытпайды. Тіпті маңайлатпайды да.
– Әбілғазыдан басқа ешкімді жақындат­паса, атты өлтіру керек дегенді қайдан шығардың? Ол – оның иесі. Құлын шағынан баптап өсірді. Енесін қасқыр тартып жетім қалғанда да өз баласынан кем қараған жоқ. Қолдап сүт берді. Бабын келістіре бағып, тұлпар етті.
– Мен оны сұрап тұрған жоқпын. Маған Әбілғазының мылтығы керек. Қарагерді атып тастаймын.
Саматтың бұлайша ашулануына Қарагерге міне алмауы себеп болды. Әбілғазы ағасының жағдайын білмек болып  қалаға кеткен. Мен жоқта апаңа жәрдем берерсің деп Саматқа өтініш айтқан. Ал оның істеп отырған қылығы мынау. Атқа міне алмадым деп, жануарды өлтіруге әрекеттеніп жүр. 
Асылында, Қарагер нағыз ер қанаты боларлық сәйгүлік. Шымқай қара түсі оны Қарагер атандырды. Төрт аяқты жануар демесең, адамнан бетер ақылды. Көргендер таңдай қағып, таңғалысып жатады. Әбілғазы болса құлын шағынан өсірген тұлпарын баласынан кем көрмеді. Оның маңына басқаны жуытпайтыны иесіне де ұнайтын. «Менің тұлпарым мұндай мінезімен ұрыға да, барым­ташыға да алдырмайды» деп масаттанып қоятын. Қарагерді талай додаға қосып, машинаның неше түрін мінді де.
…Бәйгеніңалдын бермейтін сәйгүліктің мінезі болмағанда қайтсін?! Самат сырын білсе де Қарагерді жүгендеп мінбек болды. Қанша ұмтылса да құлағын қайшылап, осқырынып, мінгізбей қойды. Құдды бір бас білдірілмеген асау іспетті. Самат олай секірді, бұлай секірді. Тіпті жалын тартып та көрді. Жасаған әрекетінің бәрі нәтижесіз қалды. Арқандап мінбек болып ұмтылғанда, қаша жөнелді. Самат өз арқанына өзі байланып, үрке қашқан аттың екпінімен сүйретілді де кетті. Тоқтатайын десе, шамасы келер емес. Шындығында, өзін ноқталамақ болған адамды сүйреп келе жатқанын жануар қайдан білсін? Үркіген бойда алды-артына қарамай қаша жөнелген. Самат босаған бойда Қарагерді өлтірем деп пышақ алып та жүгірді. Қамшымен осып та алды. Бірақ Қарагер онысына да алдырмады. Ақыры, жездесінің мылтығына ұмтылып, туған әпкесімен ұрысып тұрғаны мынау.
– Екі көзің қанталап кетіпті ғой. Ашуға бой алдыруға болмайды. Қарагер – Әбілғазының қанаты. Отбасымызды да осы ат асырап отыр. Қатысқан бәйгесінен жүлдесіз қайтқан емес, – деп Зәкира інісін тоқтатпақ болды. Бірақ бұл амалынан еш нәтиже шықпады. Жездесінің қару қоятын орнын жақсы білетін Самат оның қосауызын оңай тауып алды. Мылтық шыққан жерден оқ та табылды. Зәкира інісінің шындап кіріскенін енді түсінді. Үйден жүгіре шығып, көршілерді көмекке шақыра бастады. Мән-жайды айтып, жұртты ертіп келемін дегенше, гүрс еткен мылтық дауысы естілді.
…Енді бәрі кеш.
***
Тұлпарын баласындай көретін Әбілғазыға оның өлімін есту оңайға соқпады. Қанша ұмтылып Саматтың үйіне барғысы келсе де бармады. Қашаннан сабырлы күйін сақтап, ағайынның арасына жік салған жоқ. Қоңыр күзде болған оқиға қар еріп қыс өтсе де, көктем келсе де оның есінен шығар емес. Уақыт өткен сайын түсіне Қарагері жиі енетін болды. Гүрс еткен мылтықтың дауысы,­ жанұшыра кісінеген тұлпары көз алдына келе берді. Өзі іштей күбірлеп: «Қой, Әбілғазы сен не болғанын көрген жоқсың ғой. Мұның бәрі тек өз қиялың ғана» деп өз-өзін сабырға шақырады. Құлагерін жоқтаған Ақанша жылағысы да келеді. Бірақ алқымына ты­ғылған өксік іштен шығар емес.
…Батыраштар қай заманда да табылады.

***
Әлгі оқиғадан кейін Саматтың да жағдайы оңбады. Алдымен сәл мінез танытса болды, қол көтеріп шыға келетін оны әйелі тастап кетті. Әйелімен бірге кеткен жалғыз ұлын қалада көлік қағып, мерт қылды. Төрт жасар бала сол жерде жан тапсырған екен. Мұның барлығын көтере алмаған Самат ақыры ішкілікке салынып, бейшара күйге түседі.
Жұрт «Саматқа Қарагердің қарғысы тиді, текті тұлпарды атпау керек еді» деп жүрді.
…Адам қасиеттен безінгенде бейшара күйге түседі деген осы екен-ау. Әттең, дүние десеңші.

Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ
20 қазан 2020 ж. 685 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам