Мейрамхана жабылса, тойды аулаға жасаймын

Тойханаларға той жасауға болмайтынын естіген жұрт есігінің алдына той істеп әлек. Ол тойға қаншама адам шақырылады. Көп адам “қой, біздің тойымызға келіп еді, бармасақ ұят болады” деп жиған-тергенін той иелеріне апарып береді. Қазір, қыз да үйден ұзатылып, құда да үйден күтілуде. Сонда біздің жұрттың әлемде болып¬ жатқан жағдайларға назар аудармағаны ма? Тым болмаса “осы мен не істеп жатырмын?” деп өзіне-өзі есеп берсе бұлай болмас еді. Себебі сол тойға қаншама адам келеді. Құдай сақтасын, бірақ сол шақырылған адамдардың арасында аты жаман індетті жұқтырып алғандар болса, олар бір емес бірнеше адамға жұқтыруы ықтимал. Олар үйлеріне қайтқанда бала-шағасының ортасына оралады. Дерт белгісі сезілемін дегенше жұмысқа да шығуы мүмкін. Енді бағамдай беріңіз, сіздің бейқамдықпен, салғырттықпен жасаған ісіңіздің соңы орны толмас өкінішке апармасына кім кепіл?
Қаладағы мониторингтік топ арнайы рейд жүргізіп, 19 тойды тоқтатыпты. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазан айының 16-17-сі күндері карантин талаптарын сақтамаған 25 заң бұзушылық фактісі тіркелген. Аталған заң бұзушылықтар қала әкімдігінің жанынан құрылған мониторингтік топтың қалалық полиция басқармасымен бірлесіп жүргізген рейд жұмыстары барысында анықталып отыр. Карантин кезінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде ескертуді елемей ұйымдастырылған 19 дәстүрлі отбасылық той тоқтатылып, шектеу шараларының шегінен шыққан 6 компьютерлік ойын-сауық орталығына анықтама толтырылып, шара көру үшін уәкілетті органға жолданған.
Мына деректерге қарағанда жұртшылық той жасауын тоқтатпайтын секілді. Дүние дидары дүрбелеңге тұнып тұрғанда той тойлауды кейінге шегерген артықтық етпес еді.
Жуырда Қызылорда қаласының әкімдігі үндеу жасап, тұрғындарды індеттен сақтануға шақырды. Тіпті ойын-сауық кештеріне мемлекеттік қызметшілер қатысса, шара көруге дейін баратындықтарын ескертті. «Егер де тойларды ұйымдастырған немесе тойларға қатысқан мемлекеттік қызметшілер, бюджеттен қаржыландырылатын мекеме басшылары мен қызметкерлері анықталған жағдайда оларға қатысты арнайы шара қолданылатын болады. Бұл ретте барлық мемлекеттік қызметшілерді аумақтық департаменттің, облыстық басқармалар мен әкімдік құрылымына қарасты мемлекеттік қызметшілерді сонымен¬ қатар бюджеттен қаржыландырылатын барлық деңгейдегі кәсіпорындар мен мекеме басшыларымен қызметшілерін, мектеп директорлары мен балабақша басшылары мен ұжымдарын карантиндік талаптарды қатаң сақтауға және той-томалақтарға, ырым-жоларғыларға, көңіл көтеретін басқа да ойын-сауық кештеріне қатыспауға шақырамыз», – делінген үндеуде.
Енді ойлану керек сияқты. Жасырынып той жасаймыз деп, жақынымызға зиянымыз тиіп кетіп жүрмесін, ағайын. «Үкімет мейрамхананы жапса, тойды аулаға жасай беремін» дейтін түсініктен де арылу қажет. Бейқамдығымыз бен қоғамдағы істерге салғырт қарайтынымыз сан соқтырмасына кім кепіл? Бізге бейқамдықтан арылып, Міржақып ақын айтқандай оянатын, ойланатын һәм келешек ұрпақтың қамын жейтін күн келді.
А.АҚЫЛБЕК