ОБЛЫСТА «ПИРОТЕХНИКА» ШАРАСЫ БАСТАЛДЫ
2017 жылғы 19 желтоқсан-2018 жылғы 3 қаңтар аралығында Қызылорда облысы аумағында Әкімшілік полиция басқармасы мен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет бөліністері бірлескен түрде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізуде.
Шараның басты мақсаты – заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық өнімдерді сақтау, есепке алу, қолдану, сатып алу, тасымалдау тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді жеткізушілерді анықтау, қоғамдық орындар мен көшелерде, тұрғын үйлерде осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Іс-шара барысында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың салдарынан болатын дене жарақаттарын болдырмау, азаматтардың өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың алдын ала отырып, аталған бұйымдарды халық көп шоғырланатын жерлерде пайдаланудың жолын кесу мақсатында полиция жасақтарының, учаскелік полиция инспекторларының, мектеп инспекторларының қатысуымен рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Осыған орай, елді мекендерде және бұл үшін бөлінбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару орын алған жағдайда, пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркілене отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 2-бөлігіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, азаматтық пиротехникалық заттардың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицензиясы бар тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзған тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабы 1-бөлігі бойынша пиротехникалық құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға –5, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға –10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – 15, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.