Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Беделі артқан Белкөл

Беделі артқан Белкөл

Қаланың қос қанатындай болған Белкөл мен Тасбөгет кенті жыл санап өрістеп келеді. Экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік деңгейі артып, жарқын жобалар арқылы өзге елді мекендерге үлгі болуда. Соның ішінде Белкөл кентінің алар орны, беттеген бағыты ерекше. Құрылыс қарқыны мен алға қойған межеден тың серпін байқалады. Апта басында аталған кенттің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. Сапар барысында Белкөлдегі жыл бойы атқарған жұмыстың жай-жапсарын бағамдау мақсатында бірқатар нысандарды аралап, құрылыс қарқынын саралауға мүмкіндік алдық.
Бүгінде қалаға жапсарлас орналасқан кенттің 4 мыңнан астам тұрғыны бар. Тіршілігі қайнаған, қадам алысы ерек. Жыл сайын кәсіпке ынта қойған халық саны да артып келеді. Биылдың өзінде 20-ға жуық жаңа кәсіпкерлік нысан тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім барын аңғартады. Оған қоса биыл «Еңбек» бағдарламасы арқылы 4 жоба, қайтарымсыз грант аясында 7 жоба қаржыға қол жеткізген.
Шаһардың кеңейіп, қанат жайғаны Белкөлге де оң әсер берсе керек, бүгінде кент пен қаланың арасында қатынас нығая түсті. Тіпті белкөлдік ағайынның басым бөлігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Аралықтағы оншақты шақырым ұзақ көрінгенімен, көлікпен көзді ашып жұмғанша қалада болуға мүмкіндік бар. Оның үстіне №16 бағыттағы қоғамдық көлік қала мен кент арасында үздіксіз қызмет көрсетуде.


ЖӨНДЕУ ҚАРҚЫНЫ
Белкөлге беттегенде алғашқы назар құрылыс қарқынына ауды. Жөнделген көше, жаңарған жарық бағаналары, жылу құбырын ауыстыру секілді жобалар ала жаздай тірлік тынбағанын жеткізгендей. Жоспарға сәйкес, кент әкімі Ардақ Ибрагимов тындырылған жұмыстың жөн-жобасын баяндап, бірнеше нысанда құрылыс әлі де жалғасып жатқанын жеткізді.
– Өткен жылы жылу орталығының ғима¬раты күрделі жөндеуден өтіп, жылу қазандығы мен құбырлары ауыстырылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, 1 шақырымнан аса квартал аралық жылу жүйелері жаңартылуда. Мердігер мекеме жөндеу жұмысын жақын арада бітіретін болады. Сондай-ақ биыл «Жұ¬мыспен¬ қамтудың 2020-2021 жылдарға ар¬нал¬ған Жол картасы» бағдарламасы аясында бір¬неше көше мен «Балапан» балабақшасының ғ謬маратына күрделі жөндеу жұмысы жасалды, – деп бастады¬ әкім әңгімесін.
Тізгінді қолға алғанына көп болмаса да мұндағы әрбір істі егжей-тегжей саралап, бөлінген қаржы мен атқарылған меженің мөлшерін дөп басуда. Тіпті, екеуара сұхбатта темір жол өткелі, қоғамдық тәртіп төңірегіндегі халықтың мұң-мұқтажын ашыла ақтарып, шынайы жанашырлығын көрсете білді.
Биыл қолға алынған жобалар ең өзекті әрі кезек күттірмейтін жөндеу ісіне бағытталғаны байқалады. Мәселен, жөндеу жүргізілген «Балапан»¬ балабақшасында 140 бала тәр¬биеленсе, жаңғырған жылу құбыры тұрғын үй мен мемлекеттік мекемелердің жылу маусымына дайындық барысын жеңілдеткен. Сонымен бірге жарық бағаналары мен жол жөндеу жұмысы жылдағы қарқынмен жалғасын табуда.¬
– Кенттегі жолдардың ұзындығы 21,5 ша¬қырымды құрайды. Оның 14,1 шақырымы асфальтталған, 2,4 шақырымына тас төселген. Биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы арқылы Железнодорожная, Зеленая, Т.Абуов, М.Есмаханов көшелерін асфальттауға рес¬пуб¬ликалық бюджеттен қаржы бөлініп, құ-рылыс жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте Ж.Әбдіқадыров және Бірлік көшелерін жөндеу қолға алынды, – деді кент басшысы.
Белкөлдіктер үшін инфрақұрылым мәсе¬лесі біржола шешім табатын күн алыс емес. Себебі кент толықтай «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, таза ауыз су жеткізу жұмысы толық шешім тапқан. Көгалдандыру, тазалық жұмысын жүргізу ісінде де бірізділік қалыптасып, қоқыстан арылуға мүмкіндік туған.
ЖАҢА НЫСАН, ТЫҢ СЕРПІН
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жаңалық жетерлік. Ең маңыздысы – жаңадан салынған амбулатория. 2019 жылы жекеменшік-әріптестік аясында бой көтерген заманауи медициналық амбулатория тұрғындар үшін үлкен көмек болды. Бұған дейін көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан шағын нысан тиісті талаптарға сәйкес келмеген әрі ем алуға қолайсыздық тудырған. Енді міне, көптің тілегі ескеріліп, жаңа ғимарат ел пайдасына жарап тұр. Соңғы технологиялармен жабдықталып, мамандармен қамтамасыз етілген. Кентте екі педиатрлық бөлім бар. Бұл бөлімдер де осында қажетті ем-дом жасап, тиісті дәрілерді таратады. Амбулаторияда бір терапевт, екі балалар дәрігері қызмет көрсетеді.
– Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «АхатГС» ЖШС-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медициналық амбулатория бой көтерді. Тұрғындардың тиісті ем алуына барлық жағдай жасалған. Дәрігер тапшылығы жоқ, дәрі-дәрмек жеткілікті. Мұндай нысан кент халқына сапалы медициналық көмек беруге жол ашады, – дейді Ардақ Ибрагимов.
Осы орайда ел саулығының басты негізі – спорт саласындағы белкөлдіктердің жетістігін атап өткен жөн секілді. Себебі, бұқаралық спорт денсаулыққа ғана емес, қоғамның қалыптасуына оң әсер беретіні сөзсіз. Кент тұрғындарының спортқа деген ынтасы ерекше екені қуантады. Спорттық алаңдар, жаттығу орындары, спорттық үйірмелерге тұрақты баратын жастардың саны да артып келеді. Тіпті, «Әсет» ЖК Белкөл орталығынан спорт кешенін салып, тұрғындардың өмір салтын жақсартуға өз үлесін қосқан. Қазіргі таңда спорт кешенінде каратэ-до, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі секілді үйірмелер жұмыс істеп, қатысушылар түрлі сайыстардан олжалы оралуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды үстел теннисіне жаттықтыру жұмысы да қолға алынған.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар – қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан, спорттық үйірме жүргізуде осы санаттағы тұрғындарды естен шығармауды мақсат еттік. Нәтижесінде жеке үйірме құрылып, үш арнайы ойын тақтасы алынды, Бүгінде 15-ке тарта мүмкіндігі шектеулі азамат үстел теннисімен айналысып, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік алды, – деді жаттықтырушы Кәрімжан Тәжібаев.
Соңғы жылдары кенттегі спорттық нысандар саны көбейіп келеді. Жаттығу алаңдарымен қатар, ойын алаңдары бой көтеріп, тұрғындар үшін жағымды жаңалыққа айналды. Мысалы, өткен жылы қалалық бюджеттен 13,5 млн теңге бөлініп, «Әмина-Жұлдызай» атындағы балалар ойын алаңы ел игілігіне берілген.

БЕЛКӨЛДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ, АЛАЙДА...

Белкөлдік тұрғындардың талай жылдан бергі мұң-мұқтажы темір жол өткелін салу екені мәлім. Жоба-сметалық құжаты әзірленіп, тиісті мекемеге өтінім берілгенімен, әлі де болса нәтиже болар емес. Темір жолдың қос қапталын қатар қоныстанған белкөлдіктер шойын жолдың қауіпті бөлігінен қауіпсіз өтуді армандайды. Онысы орынды да. Себебі бұл мәсенің көтерілгені кеше-бүгін емес. Шешім табуға кедергі жағдай – темір жолдың стратегиялық маңызды нысан статусы. Оңды-солды құрылыс жүргізуге жол жоқ, әрбір метрі қатаң бақылауда. Оған қоса аспалы көпірді салуға қыруар қаржы қажет. Бір адам түгілі, бірлесіп еңсеруге қиын қаржы. Сондықтан, аталған мәселе созбақталып, бір жүйеге түспей келеді.
– Белкөлде көше жөнделіп, тазалық шарасы жанданып біршама жұмыс жасалды. Жаяу жүргінші жолын, жарық бағанасы орнатылды. Кент тұрғындары атынан басшыларға алғыс айтқымыз келеді. Алайда, осы темір жол мәселесі біржақты шешілсе, жақсы болар еді. Өзіміз әрі-бері өтіп үйрендік, балалар үшін алаңдаймыз. Заман дамыған, түрлі әдіспен ыңғайын келтіруге болады. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, жаңадан мәдениет үйі салынуын көптен тілеп жүрміз. Қазіргі мәдениет үйі ескірген, талапқа сай емес, – деді кент тұрғыны Жоламан Өскенбайұлы.


БЕЛКӨЛДЕГІ БІРҚАЗАН
Белкөлдің тыныс-тіршілігін толық бағамдау үшін кентке қарасты Бірқазан елді мекеніндегі атқарылған жұмысты саралау қажет. Себебі аядай ауыл Белкөл кентінің ажырамас бөлігіне айналып, талай жарқын жобаның жүзеге асуына сеп болуда. Кенттен 10 шақырымнан аса шалғайда жатқан ауыл кенттен кем емес. Жаңа мектеп, ауқымды ойын алаңы, мәдени нысандар бой көтеріп, елді мекеннің көркі кірген. Оған қоса, ауыл тұрғындары есебінен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларға арналған Тағзым алаңы да ауыл көркін ашуда. Бүгінде 70-ке тарта үй қоныстанған аумаққа инфрақұрылым игілігі жеткен.
– Биыл Бірқазан елді мекенінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы асында республикалық бюджеттен 42 млн теңге бөлініп, ауылдың кіреберіс 1,5 шақырым жолы асфальтталды. Ал 2018 жылы жаңадан суқыспақты мұнара салынып, ауыз су мәселесі шешім тапты. Мәдени, спорттық нысандар тұрғындардың бос уақытын тиісті өткізуге мүмкіндік тудырса №145 Бірқазан орта мектебі ауыл балаларына сапалы білім беруге күш салуда, – деді кент басшысы.
Елді мекеннің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Әсіресе, бау-бақша егуді қолға алған. Нәтиже де жаман емес. 2016 жылы «Іскер-М» ЖШС Бірқазан елді мекенінде голландиялық бақша өнімдерінің тұқымдарын Сыр өңіріне жерсіндіруді алғаш бастаған. 16 гектар аумаққа 16 түрлі дақыл егіп, оның ішінен өнімділігі жоғары сұрыптарын таңдаған. Биыл бұл бастама пилоттық жоба негізінде қала маңынан 1 гектарға жуық жер алып, қайта жандандырып отыр. Голландияның «Rijk Zwaan» компаниясымен бірлескен жоба бойынша 7 түр¬лі өнім егілген. Олар голландиялық тәтті жүгері, асқабақ пен қарбыз және қауынның Пиель де Сапо, Галия, Панталупа, Амморелло түрлері. Бұл өнімдер шыдамдылығы мен және дәмімен ерекшеленеді. Нарықта сұранысы жоғары дақылдарға тапсырыс беру¬шілер көп. Жұмыс жанданса, экспортқа шығаруда жоспарланған.
P.S. Жаңарған ғимарат, жаңғырған жол, жаңа нысан. Бұл Белкөлдегі атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Алда өзге де міндеттер мен жобалар кезегін күтуде. Ең маңыздысы, жасалған жұмыстың сапалы орындалуын қадағалап, күтімін келістірсе болғаны.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
27 қазан 2020 ж. 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам