Табысқа толы жыл
Қызылорда жыл артқан сайын дамып келеді. Халық саны артып, көлемі де кеңейе түсті. Кез келген салада ілгерілеушілік, серпін байқалады. Қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қарқынды құрылыс көрініс берді. Көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді.
Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалды. Нәтижесінде егін және мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамуда. Бүгінде 251 шаруа қожалығы 21 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативіне бірікті. Қалаға қарасты шаруашылықтарда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша асыл тұқымды асылдандыру қолға алынды.
Бүгінде республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған және толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынып отырған қала – Қызылорда. Жылу желілерін жаңарту қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта 5 жылда 8 млрд. теңге жұмсалды.
Айтулы жетістіктің бірі – тұрғындардың қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру. Көлік қатынасының сапасын арттыру мен саланы заман талаптарына сай дамыту мақсатында жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын, сыйымдылығы 200 заманауи автобусқа арналған жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Бұл парктің ерекшелігі қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылаудан бастап, көлік жүргізушілері мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қажетті барлық материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
Қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Осындай ауқымды жобалар нәтижесінде соңғы 5 жыл көлемінде жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық тұрғын жаңа пәтерге ие болды.
Қызылорданың бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылыс компанияларының өз қаражысы есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы секілді нысандардың ғимараттары салынуда. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда. Тағы бір шешімін тапқан жәйт, облыс орталығында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді.
ҚР Үкіметінің «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 5 жылда қала бойынша 3 млрд. 200 млн. теңгеге 123 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Соңғы жылдары Қызылордаға қарасты елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асты. 2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде газдандыруға 2 млрд. 157 млн. теңге бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үй, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынмен қамтылды. Одан кейін Талсуат ауылдық округі тұрғындары газдандыру игілігін көрді. Ауылдық округ бойынша 500-ге жуық тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан табиғи «көгілдір отынға» қол жеткізді. Ал, оған былтыр Белкөл кенті қосылды.
Аймақ басшылығының қолдауымен өңдеуші өнеркәсіп саласында жылына 197 мың тонна өнім шығаратын шыны зауыты, жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдеу зауыты секілді ірі жобаларды іске қосу жоспарлануда. Жобаларды іске қосу арқылы 300-ден аса жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп, мемлекет тарапынан бұл бағытта қолдауға бар мүмкіндіктер жасалуда. Биыл облыс әкімі аймақта кәсіпкерлік жылы деп атады. Осының нәтижесінде өңірде айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты. Бүгінде қалада 25 мыңнан астам шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл бойынша индустрияландыру картасына енгізілген жалпы құны 49 млрд. 400 млн. теңгеге 6 жоба қолға алынды.
Қала тұрғындарына ашылған келесі кәсіпкерлік нысан – «SMALL» көтерме сауда маркеті. Жалпы аумағы 5 мың 860 шаршы метрді алып жатқан сауда алаңында тұтынушыларға 12 мыңнан астам тауар түрлері ұсынылады.
Шаһарда тұрғындарға арналған 52 аллея мен сквер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылуда. Заман талабына сай қала мәдениеті мен әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.
Ал, биыл осы жұмыс жалғасын табады. Қалада жаңадан тұрғын үйлер беріліп, қоныстойын тойлаушылар қатары көбейеді. Демек, табалдырықтан аттаған 2019 жылдың тартуы әлі алда.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.