Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Биболаттың «Жолқарағаны»

Биболаттың «Жолқарағаны»

Жаңа жинақ жарыққа шықты. Бұл – жас ақынның тұңғыш жыр жинағы. Биболат Сәтжан – қазақ өлеңінде жарқ ете қалған жаңа есім. Оның өлеңдерінен көп оқитыны, ізденімпаздығы байқалады.
Ақынның алғаш жинағы «Жолқараған» деп атануында өзіндік сыр бар. Ақын Әділ Ботпановтың құрметіне өткен респубикалық мүшәйра да бас жүлде иеленген еді. Сонда кештің өткізілуіне бастамашы болған руханият жанашыры Аманжол Сақыпұлы жас ақынның жыр жинағын шығарып беретінін айтқан болатын. Міне, көп уақыт өтпей-ақ, ақын өлеңдері топтастырылған туынды жарық көріп отыр.
Қалың көпшілікке арналған кітап «АSU» баспаханасынан 1000 данамен шығарылып отыр. Өлең жинағына ақын Дүйсенбек Аяшұлы редакторлық етті. Кітап жалпы көпшілікке рух сыйлайды деп бағалауға болады. Терең сырларға толы тартымды туындыда ақын талантының табы жатқаны айқын сезіледі.
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп хакім Абай айтқандай, өлең әле¬міне жерлесіміз жас кезінен қадам басты. Балғын шағынан ойындағысын өлеңге айналдырып, қолына қалам алды. Жинаққа жүрек қылын тербейтін жалынды жырлары жинақталған. Мұнда ақын көкейінде пісіп жетілген жан-жақты тақырыптар кеңінен қамтылған.
Ендеше қазақ поэзиясына жаңа леп, жаңа қарқынмен қосылған «Жол¬қарағанға» жол болсын тілей отырып, ақын шығармаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ
ЖОЛҚАРАҒАН

(Әділге)

Мынау шәрдің
Мың көшесі болса да –
Жалғыздықтан жаурағандар соншама!
Арасында
Жаны ардақты жоқ ешкім,
Жоқ ешкімнің жүрегінде сол ескі
Сәулелі сөз дала кезген зар қағып.
«Бұл бүлікшіл ғасырыңның арманы –
Тыныштық» деп ұрандайды жұрт нені?
Ал, мен соның барлығына сырт беріп,
Өзің жаққа қарадым...

Қарасына зәру едің сен кімнің?
Ақырғы рет айналғандай жер күнді.
Ақырғы рет мұңға батып соңғы ақын,
Нақақ назын сезімінің сол ғапыл
Тізгеніндей параққа.

Сені ойладым,
Түндей тылсым үреймен!
Қай тұманның айығуын тілейді ел?
Қара орманы не қайғыдан өртенді?
Олар «білген»,
Олар «ұққан» көркемдік –
Сезіміңнің
Мөлт еткені тұп-тұнық!

Құл біткенге құдайлығын ұқтырып,
Сапар шексең
Қайтарына қалмай күш.
Сағди жүрген жолға түскен сол байғұс,
Сіңді дей ме көкжиекке, сағымға?

Төменде – мұң,
Төбемде түн барында
Ант етейін!
Жол қараса әр сәби,
Жел даланың ішегінен сауса күй,
Менің сені сағынғаным...

Сондағы,
Екеумізге қайырлас күн болмауын.
Тағдыр көріп,
Тағы қайрап тісті көп,
Біздің шарап сіздің мәйден күшті деп.
Гүртханада сыр бөлісіп, мұң басып,
Жолығар күн жеткенінше, құрдасым.
Есен бол!

МЕН – ОР ҚҰМҒА БІТКЕН ШАҒЫРМЫН!

Мен – ор құмға біткен шағырмын!
Шыжында өскен шағылдың.
Қасіретімді танысаң,
Қасиетіңді танырмын.

Мен – ғайыптан келген ғаламға,
Ғаламат сыйы ғасырдың.
Көп күншілдерден күпінген,
Білігі бөлек бітіммен
Аруағымды асырдым.

Мен – қанағат атты қара ағаш,
Құнарсыз жерде көктеген.
(«Жасыман» деген жігіттің
Басынан нелер өтпеген?)
Ебі желдей екпінім,
Тұяғы едім тектінің
Тіріде тізе бүкпеген!

Мен – шерге суарған кездік ем,
Сенім мен сертке сілтеген.
От сепкен оқтан озық ем,
Бұлқынып ұшқан білтеден.
Мұқалмас, маңғаз маңдай ем,
Жартасқа қанша тисе де.
Бурыл көбікті таңдай ем,
Жантақтай жырды күйсеген.

Тар көкіректерді піспеген,
Кеңдігімменен басып ем.
Наладан нышан түспеген,
Абадан мінез асыл ем.

Бұрқ етіп өзі тұтанған,
Боз даладағы боз едім.
Булығып шыққан сөз едім.
Өрге сүйреген өз елін,
Өрлігі басым атаның
Артында қалған көз едім.
Өлең өртеген өзегім,
Сабылтып мұңлы кезеңдер.
Еркіндікті аңсап ежелден
Көп күткен тағдыр кезегін!

Биболат СӘТЖАН

30 қазан 2020 ж. 436 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам