Жаңғырған мектептің жаңарған көрінісі
Судан от шығарып, оны жалаң қолымен ұстайтын адам көрдім дегенді естіген емеспін. Отты жалаң қолмен ұстамақ түгілі, алау көрсе жалынына күйіп қалмайық деп жүретіндер де бар. Бірақ біз ыдыстағы суға қоспа қосып, оны араластырып, дайындалған тұнбаны қолымен ұстап, шәкіртіне өртеткен ұстазды көрдік. Алау оттың ортасында тұрған мұғалімнің қолы күйген де, қызарған да жоқ. Ал керек болса, бұл не сиқыр? Екінші мұғалім азық-түліктің құрамын зерттеуде. Бұл – алаулаған оттан да қызық реакция. №261 Серәлі Лапин атындағы мектепте болғанымызда осындай ғажайыпты көзбен көрудің сәті түсті.
«ДӘМХАНА МА, МҰҒАЛІМДЕР БӨЛМЕСІ МЕ?»
Бізді есік аузынан күтіп алған мектеп директоры Қарлығаш Әбдірахманова білім ошағындағы соңғы өзгерістермен таныстырды. Мектеп басшысының айтуынша, жасаған жұмысың нәтижелі болуы үшін қолайлы жағдай қажет. Директорлық қызметке келгеніне жылға жуықтаған басшы алдымен осы қағиданы негіз етіп, мұғалім мен оқушыға қолайлы жағдай жасауға кіріскен. Бірінші кезекте мұғалімдер бөлмесін еуропалық стильге сәйкестендірген.
– Өткен жылдың қараша айында осы мектепке директор болып тағайындалдым. Сол кездегі қолға алған ең басты жұмысымның бірі мұғалімдерге білім беру үшін, оқушыларға білім алу үшін қолайлы жағдай туғызу болды. Содан мұғалімдер бөлмесін жиналыс өтетін кеңсе сияқты емес, тынығатын, ойланатын, шабыт алатын, керек болса ас ішетін орынға айналдыруды көздедім. Нәтижесін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Біздің мектептегі мұғалімдер бөлмесі мен ойлаған талаптың бәріне жауап бере алатындай етіп жасалды, – деді білім ұясының басшысы.
Шынында, мұғалімдер бөлмесі құдды бір дәмхана сияқты екен. Есігін ашқанда таңғалдым. Дәмханалар мен кішігірім мейрамханаларда болатын столдар мен орындықтар тұр. Түрі мен түсіне дейін ерекше. Ішінде бірнеше мұғалім онлайн конференцияға қатысуда. Алдарына қойылған ноутбуктен Zoom платформасы арқылы байланыс жасап отырғанын аңғардым. Расында, Гүлнұр Әлиасқарова мен Жұлдызай Әлсеріковадай шебер мұғалімдер республикалық конференцияны жүргізіп отыр екен. Мектеп басшысы дәл осындай мұғалімдер бөлмесі Мәскеуде бар екенін айтты.
– Директорлық қызметке келгеннен кейін іздендім, білімімді ары қарай жетілдіре түсудің қамына кірістім. Содан тәжірибе алмасу үшін Ресей астанасы – Мәскеуге барудың сәті түсті. Мәскеу – 20 миллион халқы бар үлкен қала. Оның үстіне бүтін бір федерацияның бас қаласы. Бүкіл Ресей үлгі ететін мектептер де осында орналасқан. Сол себепті бұл қаладан үйренетін дүниенің көп екенін түсіндім. Өздеріңіз көріп тұрған мұғалімдер бөлмесі Ресей астанасындағы мектептердің үлгісімен жасалған, – деді директор.
Білім ордасындағы жұмыстың бір ізге түскені, жүйелі жүретіні көрініп тұр. 2008 жылы ашылған мектепте 200 мұғалім жұмыс істесе, 2121 оқушы тәлім алуда. Бұдан бөлек мектеп алды даярлықта 4 топ бар. Осыған қарап-ақ тәрбие мекеніндегі жұмыстың ауқымды екенін аңғаруға болады.
АЯҚ КИІМСІЗ ОТЫРАТЫН КІТАПХАНА
Қызылорда қаласының шеткі шағын ауданының бірі саналатын «әл-Фараби» бүгінде әжептеуір елдімекенге айналған. Үш қабатты, зәулім білім ұясы – осындағы балалардың тәлім алатын қасиетті ордасы. Қарлығаш Қуанқызына дейін мектепті Мейірбек Кенжебаев, Данабек Абдрайымов, Алтынсары Шүренов секілді азаматтар басқарған. Мектептегі ғылыми-әдістемелік жұмыстар да, оқу-тәрбие бағытындағы қадамдар да сәтті жүзеге асуда.
Мұғалімдердің инновациялық озық іс-тәжіри¬бесін зерттеу, жинақтау, тәжірибе тарату мақсатында «Ұлағат» деп аталатын озат тәжірибе орталығы жұмыс істеп тұр. Жұлдызай Әлсеріковадай маман жетекшілік ететін орталық құрамында 15 мұғалім бар. Сонымен қатар «Жас ғалым» атты оқушылардың ғылыми қоғамы құрылған. Бұдан бөлек Қарагөз Мағжан басқаратын «Жас мамандар мектебі» орталығы ашылған.
– Жас мамандарға арналған түрлі іс-шаралар өткізілуде. Қыркүйек айының басында ҚР Тұңғыш Президенті саябағында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жастар өздерін әр қырынан көрсетіп, пікірлерін ортаға салды. «Шарада мектепті қалай дамытуға болады?», «Ұлағатты ұстаз атану үшін не істеу керек?», «Шәкірт жүрегіндегі шамшырақты қалай жағамыз?» деген сұрақтардың айналасында әңгіме өрбіді, – деді мектеп басшысы.
Серәлі Лапин атындағы мектептегі ерекшелік мұнымен бітпеді. Бізді қатты қызықтырғаны кітапхана болды. Бұл жер арнайы коворкинг орталығы сияқты жасақталған. Басқа мектеп пен кітапханалардағы секілді қаз-қатар қойылған столдар мен орындықтар жоқ. Бір шетте ғана шағын құрамда жиын өткізуге арналған кітапхана жиһазы тұр. Ал ортаға кілем жайылған. Мектеп директорының сөзінше, оқушылар өздерін үйдегідей еркін сезінуі үшін осындай қадамға барыпты. Бір ерекшелігі, кітапханаға кіретін адамдар аяқ киімін шешуі керек. Содан кейін қақ ортаға жайылған үлкен кілемнің үстінде қалаған кітабыңды оқи бер.
АЛАУЛАҒАН ОТ, ЖАЛЫН ШАШҚАН ҚОЛ
Мектепті түгелге жуық аралап, жұмысымен танысып, соңғы өзгерістерді көзімізбен көрдік. Білім ошағының ауласындағы тасты төсеніш түгел жаңартылған. Бұдан бөлек мектеп ішіндегі үлкен дәліздердің ленолеумы ауыстырылған. Асханадағы жиһаздар да бірсыпыра ауысыпты. АКТ залындағы сахна заманауи кейіпке енген. Анау-мынау клубтың сахнасынан кем емес. Мектеп басшысы алдағы уақытта АКТ залындағы орындықтарды жаңалауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Директордың жос¬парында мектепке газ қосу да, жылыжай орнату да, мектепішілік басылым-журнал шығару да, бейнекамераларды көбейту де бар екен.
Бүгінде мектепте биология кабинеті жабдықталса, жақын күндерде «Stem» кабинеті жасақталады екен. Тіпті екінші тоқсан басталғанша бірінші қабаттың еден жабындысын ауыстыру да көзделген. Қазірдің өзінде қажетті кафель алынған.
Мектепті аралап жүргенде кезекшілікпен оқитын 1-ші сынып оқушыларының сабағын сырттай бақылап өттік. Бізді көрген оқушылар үш тілде сәлемдесті. Мұнан бөлек 7-9 сыныптың бірнеше оқушысы зертханалық жұмыспен айналысуда екен. Мұндай сәтті сырттай бақылап тұра алмадық. Бота Дүйсенова есімді химия пәнінің мұғалімі, педагог-модератор шәкірттеріне органикалық заттың қалай жанатынын көрсетті.
Мақаланың әлқиссасында атап өткен ыдыстағы суға қоспа қосып, оны араластырып, дайындалған тұнбаны қолымен ұстап, шәкіртіне өртеткен ұстаз осы Бота Дүйсенова болатын. Алау оттың ортасында тұрған оның қолы күйген де, қызарған да жоқ. Осы жайды көрген біз таңданысымызды жасыра алмадық. Мектептің жұмысын ақпараттандыру мақсатында қасыма ерген «Кyzylorda news» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай: «Мәссаған, мына кісі сиқыршы ма?» деді. Ал мен болсам фото-тілші Нұрболат Нұржаубайға «түсір, түсір, мына сәтті кадрға іл» деумен болдым. Осы кезде Динара Ембергенова есімді биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші азық-түліктің құрамын зерттеп, оқушыларына түсіндіріп жатты.
КӨЗ ТАРТАР ҚАБЫРҒА СУРЕТТЕРІ
Айналамызға қарап, таңданумен келеміз. Bookcafe іспетті мұғалімдер бөлмесі, үйдегідей жатып алып кітап оқитын кітапхана бізді терең ойға жетелеуде. Шынында, қолайлы жағдай жасаудың тиімді әдісін тапқан екен. Әр кабинет өзінше жабдықталған. Ал қабырғаларға салынған суреттердің жөні бір бөлек.
Байқасақ, мұнда қабырғаға ілінетін арнайы көрнекілік тақталары жоқ екен. Мектептің жаңа басшысы түбегейлі жаңғыртуға ден қойыпты. Сол мақсатпен бүтін бір қабырғаны алатын суреттер салдырған. Алғашқыда осы ойын жүзеге асыру үшін суретшілерге де хабарласыпты. Біріне беретін қаржы табылмаса, екіншісінің уақыты болмаған. Сөйтіп, не керек, білім ұясындағы 200 мұғалімнің ішінен ешбір суретшіден кем түспейтін маман іздейді. Талпынысы мұратына жеткізіп, іздеген маманы табыла кетеді.
– Мектепке бір жаңа леп әкелгім келді. Мұғалімдер бөлмесі мен кітапхананы ерекшелегеннен соң қабырғалардың қамына кірістік. Алғашқыда суретшіні сырттан іздеп көрдік. Бірі тым қымбат сұраса, екіншісінің уақыты болмады. Содан мұғалімдердің арасынан сондай маман іздедім. Гүлнұр Жұмағалиева есімді технология пәнінің мұғалімі нағыз суретші екен. Салған суреті ешбір суретшінің туындысынан кем емес. Оның үстіне қабырғаға салған суретке не бары 3000 теңгенің бояуы кетеді, – деді директор.
Тағы бір айта кететін жайт, мектептегі ескі жиһаздарды қайта құрастырып, дәліздерде отыратын бірнеше диван жасатқан. Технология пәнінің мұғалімдері жасаған дүние көздің жауын алып-ақ тұр. Ал оның жанына арнайы кітап сөрелерін орнатқан. Оқушылар үзілісте қажетті кітабын осында отырып-ақ оқи алады.
Мұғалімнің жұмысы қаншалықты жемісті екенін шәкіртінің жеткен жетістігінен де білуге болады. Өткен оқу жылында мектепті 42 оқушы бітірсе, соның 31-і ҰБТ-ға қатысқан. Нәтижесінде 22 оқушы жоғары оқу орындарының грант иегері атанса, 6 оқушы колледж грантын жеңіп алған. Мектеп тренері Ақтолқын Ахметованың айтуынша, қыркүйек айының алғашқы аптасында бейінді кеңес беру орталығы құрылып, кәсіби ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланған. Бұдан бөлек мектеп бітіруші оқушылардың ата-аналарына өткен оқу жылындағы бөлінген мемлекеттік гранттар мен ең сұранысқа ие мамандықтар және республиканың жоғары оқу орындары туралы ақпарат берілген. Сондай-ақ 9-11-сынып оқушыларының мамандық таңдауға бейімін анықтау мақсатында сауалнама алынды. Мектептің даму жоспарына сәйкес «Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау» тақырыбында вебинар өткен. Бұл мектептегі атқарылған жұмыс мұнымен бітпейді. Біз үздік мұғалімдер мен озат оқушылардың жетістігін қосқан жоқпыз. Мектептегі домбыра, би, таэквондо үйірмелеріндегі оқушылардың жетістігі бір төбе. Шынын айтқанда, Серәлі Лапин атындағы мектептің жетістігі бір мақалаға сыймас еді. Дегенмен жаңғырған мектептің жаңарған көрінісі кімді болса да бей-жай қалдырмайды.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ