Адал еңбек адамды нұрландырады

Қатысушыларды «Әжелер» ансамблі әсем әнімен қарсы алды. Ас атасы наннан ауыс тиіп, Мәдениет үйінің ішін аралатты. Келген қонақтарға батыр ана Қуанышкүл Ахметқызы өнер шаңырағының кітапханасын, Қожабековтер «Халықтық» отбасылық ансамблін, «Ән-Ел» эстрадалық ән үйірмесін және ауыл әжелерінің күшімен әсемделген ұлттық нақыштағы мұражайды көрсетіп, құрылу тарихына тоқталды.
Мәдениет үйінің концерт залында жалғасқан сырласу кешін Рахима Ахметова бастады. «Қазақ қызы әрқашан өзінің керемет сұлулығымен, мінез-құлқымен, парасаттылығымен көрінген. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлт анасы. Осы орайда бүгін «Ақ орамал - адалдықтың, инабаттылықтың белгісі» атты кешімізге аналарды шақырып, сырласу кешін ұйымдастырып отырмыз. «Ақ орамал» жобасы аясындағы бұл мазмұнды шара бұған дейін облыстың 7 ауданында өткізілді. Әрбір кездесу, сырласу кешінде біз қыз баланың отбасындағы тәрбиесі, олардың өмірге бейімделуі, еңбекқор, білімді де әдепті, саналы да сезімтал, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың рөлі, тәрбиенің маңыздылығы туралы сөз қозғаймыз, - деді.
Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева ана тәрбиесі – жүректен шығып, іс жүзінде қолданылатын құндылық дейді. Жаның мен тәніңді барынша сергітіп, сұлуландырып жіберетін тек жақсы тәрбие ғана. Сондықтан жас ұрпақты үлкен өмір жолында дұрыс әрекетке бағыттап, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік ұстайтын адами асыл қасиеттерге бай тұлғалар тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз деді.
Сырласу кешінде 80 жастағы ақ жаулықты анадан жас келіндерге дейін қазіргі қоғамдағы ене мен келіндердің арасындағы сыйластық, әкеге деген құрмет, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ажырасу сынды тақырыптарға кеңінен тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.
Жылы жүздесу барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі Константин Луца «Отан Ана» әнін орындап, барша аналардың жүрегін тебірентті. Сондай-ақ, «Әжелер» ансамблі, Мәдениет үйінің әншілері де өнерлерін паш етіп, жиылған аналардың зор қошеметіне бөленді.
Батыр ана, Қожабековтер «Халықтық» отбасылық ансамблінің жетекшісі Қуанышкүл Ахметқызы «Елдің еңселі болуы, еңсегей болуы – еңбекте дейді. Ол еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады деген көне тәмсіл тұғырынан еш тайған емес. Мейлі қарын тоқ, көйлек көп болсын, еңбек ету – ешкімнің жығасын қисайтпайды. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседі», - деді.
Мазмұнды өткен кеш соңында ауыл аналары ықылас батасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.
Облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясының баспасөз қызметі