Батырдың үш бақыты
Ел басына күн туған сәтте аманат арқалап, қан майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлер аз емес. Осындай майдан даласында ерен ерлігімен көзге түскен тегеурінді тұлғаның бірі – Кеңес Одағының Батыры – Нағи Ілиясов.
Мақалаға арқау болған Нағи Ілиясов 1920 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы «Қызыл коммуна» ұжымшарында дүниеге келген. Небары 12 жаста әкесінен көз жазып, жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан қайсар жан қиындыққа қарсы тұруға күш салады. Алдымен Арыс қаласында тәрбиеленіп, кейіннен Ташкент қаласындағы балалар үйіне ауысты. Мектеп бітірген соң Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің жұмысшылар факультетіне оқуға қабылданып, ұстаз болу мақсатына қадам жасайды. Асқақ арман арқалаған қайсар тұлға қиындыққа мойымай жарқын болашаққа қадам баса білді. Жас өркенге білім дарытуды мұрат тұтып, мұғалім мамандығын игереді. Жоғары оқу орнын бітіріп, Ташкент маңындағы Жоғарғы Шыршық ауданының бастауыш орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Уақыт өте туған жерге қайта оралып, Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы туған ауылында ұстаздық қызмет атқарды. Алғашында №37 Жәдігер мектебінде неміс тілі мен орыс тілі және тарих пәндерінен сабақ берсе, 1942 жылы «Тельман» мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста әскер қатарына алынып, азаматтық борышын да абыроймен атқара білген. 152-атқыштар бригадасының жеке артиллерия дивизионының барлаушысы ретінде Халхута елді мекені маңында майданға араласқан. Кейіннен Украина майданына қарасты 46-армия 99-атқыштар дивизиясының 473-артиллерия полкі 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі болып, борышын өтейді.
Қан майданның ортасында жүрген жауынгер көп ұзамай Будапешт операциясына да қатысады. Төрт айға созылған соғыста Дунайдан өтіп, Майошхаза венгр ауылы үшін шайқасқа кірген. Ұрыста жарақат алса да қаймықпай жеңісті күнге қадам жасады. Ұлы Отан соғысындағы ең маңызды шабуылдың бірі болған Будапешт операциясына қатысып, Венгрия бостандығына жол ашқан қас батыр сұрапыл сәтті былайша суреттепті: «Түн, біз өткелден өте бастағанымызда өзен үстін тұман басқан еді. Аса қатты тыныштық сақталғанымен, гитлерліктер бізді байқап қалды. Осы кезде өзен үстінде көптеген ракеталар жарқылдап, біз алақанда тұрғандай күйде болдық. Дунайдың сол жақ жағасында тұрған катюшалар осы сәтте оқ атқылай бастады. Сөйтіп жаудың оқ атқылауы тоқтатылды. Оң жақ жағалауға өткен кезде траншейларындағы жау әскерімен төбелес басталып кетті. Бұл өте ауыр ұрыс болды. Дегенмен траншеяның оң жағын тазалап Будапештке баратын үлкен жолға өттік» деген екен бір кездерде Кеңес Одағының Батыры.
Асқан батырлық үлгісі мен қайтпас қайсарлығы қазақ баласын даңқ төріне шығарды. 1945 жылдың 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Нағи Ілиясовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса табысталды. Жеңіс сәтін Прага қаласында қарсы алған батыр Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысу құрметіне ие болады.
Әскерден оралысымен бейбіт күннің тірлігіне араласып, біршама келелі істің ұйытқысы бола білді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы айтулы еңбегі батырдың мерейін тасытты. 1956-1960 жылдары Тереңөзек ауданындағы Қараөзек совхозының директоры, 1962 жылы Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1964-1965 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозы №2 бөлімшесінің меңгерушісі, 1965-1966 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары секілді қызмет сатысынан өтті.
Туған жерін түлету арманымен 1966-1972 жылдары ауылында күріш совхозын ашып, басшылық жасады. 1972-1976 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозының директоры, 1976-1981 жылдары облыстық атқару комитеті еңбек ресурстарын пайдалану бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.
Қайсар тұлға майдан даласындағы шырғалаң кезең мен өмір жолындағы белесті қаламына арқау етіп, бірнеше кітап жазды. Бүгінде «Жауынгер жолы», «Совхоз – фабрика риса» атты еңбектері қайраткер өмірін жете түсінуге жол ашатын құнды кітап санатында. Нағи Ілиясов «Өмір жолының документтері жайлы анықтама» атты жазбасында да өміріндегі қызықты кезеңді керемет суреттейді.
«Отызыншы – ашаршылық жылдары балалар үйіне орналасып, аман қалдым. Ташкенттегі педагогикалық училищені бітіріп, салауатты ұстаз болып елге оралдым. Бұл – маған тағдыр сыйлаған бірінші бақытым әрі бірінші өмірім. Ұлы Отан соғысы кезінде үш рет жаралансам да ең жоғарғы, әрі құрметті Кеңес Одағының Батыры атағын алып, аман-есен елге оралдым. Бұл – екінші бақытым, екінші өмірім. Жалған айыптар тағылып ұзақ уақыт қудаландым, партия қатарынан шығарылдым, қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Бірақ әділеттілік түбегейлі менің жағымда болғандықтан, қылмыс жасаушылар да, оларды қызғыштай қорғаушы мықтылар да тиісті жазаларын алды. Соғыс кезінде алған партия билетімді, дақ түсірмей, бұрынғы таза күйінде қайтып алдым. Бұл – менің үшінші бақытым және өмірім» дейді қайсар тұлға.
Кеңес одағының Батыры Нағи Ілиясов 1987 жылы 6 мамырда Алматы қаласында өмірден озды. Даңқты тұлға ел есінде абырой биігімен қалып, Сыр өңірінің өркендеуіне септігін тигізді. Бүгінде батыр есімі Сырдария ауданындағы туған ауылына және Қызылорда қаласы мен аудандардағы көшелер мен мектепке берілген. Биыл тау тұлғаның туғанына 100 жыл. Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың ерлік жолы мен өмір келбеті келешек ұрпаққа үлгі болары анық.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ