2021: «Наурызға газ келеді»
2021 жыл Қызылорда қаласындағы Наурыз бен Махамбетов елді мекені үшін жемісті болмақ. Себебі мұндағы тұрғындар тілегі орындалып, келер жылы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілмек. Одан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін өңірге қарасты бірнеше ауылға газ тартылмақ.
Өңірді газдандыру жұмыстары 2014 жылдан бастап «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры жобасы аясында қолға алынған. Бұл магистралды газ құбырының 846 шақырымы Қызылорда арқылы өтеді. Биыл жоба төңірегінде өңірге қарасты 3 ауданға қарасты елді мекенге табиғи газ тарту жоспарланып отыр.
Соңғы алты жылда Қызылорда мен Байқоңыр қаласынан бөлек облыстың 7 аудан орталығы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Ал биылғы жылдың соңына дейін өңірдің 70 процентіне газ тарту жоспарланып отыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше биылғы жылы газбен жабдықтау жобасын жүзеге асыру үшін бюджеттен жалпы көлемі 5,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Шілдеде Арал ауданындағы 5 мың тұрғыны бар Жақсықылыш ауылы газға қосылған. Енді жыл соңына дейін Қармақшы, Жалағаш пен Сырдария ауданының орталықтары газға қосылмақ. Ал Қазалы ауданындағы 50 мыңға жуық адам тұратын Қазалы қаласы мен Ғани Мұратбаев ауылы, Шиелідегі Байсын елді мекендеріне «көгілдір отын» беру жоспарлануда. Қысқасы, биыл облыс тұрғындарының 70 проценті табиғи газға қол жеткізеді.
Жоспарға сәйкес одан кейінгі кезеңде Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарына іргелес елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Қарашада Қазалы қаласы мен Шиелі ауданының Бекежанов ауылын газбен жабдықтау жобасы іске асып, келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Ал келер жылы Қызылорда қаласындағы Наурыз бен Махамбетов елді мекені, Қармақшыдағы Төретам мен Ақай, Шиелі ауданының Қодаманов, Алғабас және Ақмая ауылдарын газдандыру жоспарға енгізілген.
«Ақмешіт ақпарат»