Көсегені көгерткен «көгілдір отын»
Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда зор септігін тигізді. 2004 жылы қолға алынған игілікті іс жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Оған ел қазынасынан қомақты қаражат бөлінді. Қаланы газдандыру қалай жүргізілгені қалың елдің көз алдында.
Алдымен газтурбиналық станса пайдалануға берілді. Алдыңғы кезекте шаһардың көпқабатты және жеке сектордағы тұрғын үйлері, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер, кейін шағын, орта бизнес нысандары ілеспе газға қосылуға мүмкіндік алды. Біздегі газ бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда біршама төмен. Міне, биыл жергілікті тұрғындардың «көгілдір отынды» тұтынып келе жатқанына 15 жылға жуық уақыт болды.
Соңғы жылдары облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтерді. Сондықтан да шет аймақтарды газдандыру жалғасын тауып келеді. Иә, қала аумағы кеңейіп, қоныстанушылар қатары жылдан-жылға артты. Облыстың аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры бойынша жүзеге асады. Қазіргі күні аймақтың газдандыру үлесі 64 пайыз болса, Қызылорда қаласындағы газдандыру үлесі 95 пайызды құрайды.
2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округін газдандыруға 2 млрд. 157 млн. теңге бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үй, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар «көгілдір отынмен» қамтылды. Одан кейінгі жылы Талсуат ауылдық округін газдандыру үшін облыстық бюджеттен 271 млн. теңге қаралып, ауылдық округ бойынша 500-ге жуық тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан газбен қамтылады. Ал, былтыр олардың қатарына Белкөл кенті қосылды. Бұл бағытта облыстық бюджеттен 378 млн. теңге бөлініп, 830 жеке сектордағы, 4 көпқабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан аталмыш игілікті пайдалушылар қатарына қосылды.
Осылайша Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл елді мекендерін және индустриалдық аймақты газдандыру шараларына республикалық, облыстық бюджет есебінен 3,5 млрд. теңге бөлініп, 197 шақырым газ құбырлары жүргізілді. Енді былтырдан бастап Қызылорда қаласы тұсындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын аталмыш игілікпен қамтамасыз етуге мән беріліп отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, жаңа қаланы газдандыру құрылысын аяқтау үшін облыс қазынасынан 650 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмысы қарқынмен жүргізілді. Ол таяу күндері қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Өткен жылы «Қызылорда қаласындағы шыны зауытынан АГТС-1, БГРП-1 және БГРП-2, ГРП-Наурыз, Махамбетке дейінгі жоғары қысымды 1,2 МПа газ құбырының құрылысы және Махамбет, Наурыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру» жобалары бойынша қаржы қаралған. Бүгінгі таңда жоба-сметалық құжаттама дайын. Ол мемлекеттік сараптаманың қарауында.
Сонымен қатар, облыс орталығымен іргелес жатқан Досан және Абай елді мекендерін газдандыру жұмыстары 2019-2020 жылдары мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, Ж.Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайында орналасқан 1489 тұрғын үйді, 18 коммуналдық және әлеуметтік нысанды газбен қамту үшін газ құбырын тарту жоспарланып отыр.
Адам өмірінде «көгілдір отын» игілігінің пайдасы зор. Сыр өңірінде бұл бағытта өркенді істер өресін кеңейтті. Қазір әрбір шаңырақта тоқтаусыз жанып тұрған газ жергілікті тұрғындар өміріне елеулі өзгеріс алып келді. Бұл – еліміздегі, облыстағы оңтайлы істердің жарқын көрінісі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.