Әбігер әлем
«The New York Times»
Сомалиден қайтқан сарбаз
Сомали, Ирак, Ауғанстан. Бұл елдер – АҚШ-тың терроризмге қарсы әскери күші басым орналасқан аймақ. Өңірдегі түрлі қақтығыс пен өзара соғыстың өршімеуіне себеп болып, тіпті бірлескен элиталы әскер құруға дейін жеткен ұзақ жылғы құрылым еді. Бірі АҚШ әскері өңірге бейберекетсіздікті өзімен бірге ала келді десе, енді бірі олар ушыққан ахуалды басып, террористік топтарды ауыздықтады деген ойда. Не де болса, келер жылы аталған аймақты үлкен өзгеріс күтіп тұрғаны анық. Себебі Дональд Трамп Сомали, Ирак, Ауғанстаннан әскерін шегіндіретінін жариялады. Қазіргі таңда ресми бұйрық түспегенімен, өңірдегі әскер саны кеміп, халық арасында наразылық тууда. Оған түрткі – елдегі лаңкестік ұйымдар.
Әсіресе Сомалидегі қарсылық лебі өзгеше. Әскер кетсе, елдегі «Әл-Шабаб» лаңкестері қайта лаң салып, бейбіт халықты қыру қаупі бар. Бұл туралы «The New York Times» басылымы бейсенбілік санында «Сомали күмәні» атты көлемді мақала жариялады. Авторы – Эрик Шмитт және Абди Латиф Дахир. Онда АҚШ-тың аймаққа ықпалы, әскер шегінген жағдайдағы болжамды салдар мысалға келтірілген.
«Америкалықтар Сомалидің күштік құрылымына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Солдаттарды жаттықтыру арқылы арнайы «Данаб» тобын құрып, бірлескен әскер «Әл-Каида», «Әл-Шабаб» ұйымдарын ойсырата жеңуге мүмкіндік алды. Ал енді дәл осындай жетістікке жеткен шақта сомалиліктерді жалғыз қалдыру қауіпсіздікке қатер тудыруы ықтимал. Сомали президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Хусейн Шейх-Али де оқиғаға осы мазмұнда баға берді: «АҚШ әскері мен «Данаб» жасағы терроризммен күресте шешуші рөл атқарды. Егер тәлімгер кетсе, агрегат сол сәтте-ақ коллапсқа ұшырауы мүмкін».
Сонымен қатар мақалада Сомали жақын арада президент және парламент сайлауын өткізуді жоспар¬лағаны айтылған. Алайда аймақтық билік өкілдерінің пікір қақтығысы мен тайпа аралық жанжал сайлау өткізуге мүмкіндік бермеген. Оған қоса террористік топтардың кесірі мен елге билік жүргізбек ниеттегі көрші әрекеті де тұсау болуда.
Айта кетейік, бастапқыда «Ақ үй» Ауғаныстаннан әскерді толық шегіндіруді көздеген. Кейіннен әскерді жекелей, топтап шығару ұйғарымына көшті. Ал Ирактағы әскерді 3000-нан 2500-ге қысқартып, Сомалиден 700-ден астам сарбазды кері қайтару нақтыланған. Бұрынғыдай емес, қазір АҚШ қоғамы сыртқы соғыс, Таяу Шығысқа әскер толықтыру ісіне наразы. Қай президент келсе де елге осы жайды біржақты етуге сөз береді. Бірақ нәтиже аз. Барак Обама, Дональд Трамп та сол кепті бастан кешірген. Таразы басында экономикалық-саяси ықпал тұрған шақта аталған өңірден АҚШ-тың толық аяқ тартуы ертегі іспетті. Алайда бұл жолғы шешім жаңа кезеңнің бастауы болы мүмкін.
«The Wall Street Journal»
«Өкіл әке» отанына оралды
АҚШ билігі өткен айда Мексиканың қорғаныс министрі, атақты H-2 есірткі картелінің «өкіл әкесі» Сальвадор Сьенфуэгосты Лос-Анджелес қаласында ұстаған болатын. Ұстауын ұстады-ау, алайда ай өтпей жатып тағылған айыпты мексикалықтың мойнынан алып, еркіне қоя берді. Билік бұл әрекетті екі ел арасындағы ынтымақтастыққа нұқсан келтірмеу деген себепке сүйеп, тергеуді Мексика тарапы жүргізеді деген шешімге келген. Әлемдік басылымдар Сальвадордың бостандыққа шығуы Трамптың «тақтағы» соңғы шешімінің бірі деген болжам келтіруде. Экс-министрдің ісі туралы «The Wall Street Journal» басылымы да қалыс қалмай, Сэди Гурман мен Мехикодағы меншікті тілші Хосе де Кордованың «Мексика АҚШ-ты райынан қайтарды» атты бірлескен мақаласын жариялады.
«Парақорлық және есірткі саудасы жөнінде аймақтық прокурордың айыптауы кері қайтарылған соң бұрынғы қорғаныс министрі сәрсенбі күні еліне оралды. Бұл оқиғаға Мексика қысымы әсер етті. Себебі қарсы тарап генерал Сальвадор Сьенфуэгос елге қайтарылмаса АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеуді тоқтатуға мүжбүр екендігін білдірген. Бостандыққа шыққан бұрынғы қорғаныс министрі жеке ұшағымен жетіп, өз үйіне қоныстанған. Сальвадордың сенімді серігі Эдвард Сапоне: «Генерал үйіне оралғанына дән риза және әділеттілік орнағанына сенімді» деген пікір білдірді. Мексика билігі АҚШ Прокуратурасы жинақтаған дәлелдермен істі қайта ашуға кіріскен. Алайда нақты айып тақпағандықтан, экс-министр азат».
Мақала соңында Мексика сот жүйесінің осалдығы мен құқық қорғау саласындағы заңсыздық сөз болып, екі ел басшысының оқиғаға қатысты ұстанымдары сараланған.
«BBC News»
Саясаткер сапары
Апта басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Израиль иелігіне қарасты Иордан теңізінің Батыс жағалаудағы еврей қонысын аралады. Бұл жай ғана сапар емес, даулы аймаққа қатысты АҚШ ұстанымын білдірген салмақты саяси комбинация еді.
Келер жылдың қаңтарында лауазымын босатуға тиісті саясаткердің арнайы келуі Израиль көршілерін де алаңдатып отыр. Бұған дейін Голан биігін Израиль меншігі деп танығандықтан Майк Помпеоға наразы ел жетерлік. Әсіресе Палестина жұрты атарға оғы болмай, Батыс жағалауға келуін «қып-қызыл арандатушылық» санауда. Әлемдік «BBC» арнасы болса саяси ойынның мән-маңызын ерте түсініп, мемлекеттік хатшының табаны тиген өңірді қалт жібермей, әрбір аймақтың маңызын ашқан арнайы хабар әзірледі. Хабар иесі – Иоланда Кнелл. «Помпео Батыс жағалау мен Голан биігіне сапарлады» деген атаумен жарық көрген бағдарлама қызу талқы тудырып, ерекше детальдарға баса назар аударады.
«Майк Помпео – Израиль оккупациясындағы Батыс жағалауға қадам басқан алғашқы жоғары лауазымды шенеунік. Мемлекеттік хатшы Псагот пен Голан биігіне сапар алды «мұнда еврейлердің қонуыстануы ешқандай заңға қайшы емес» деп мәлімдеген болатын. Бұл пікір өңірде жеке мемлекет құруды мақсат етіп, бас көтерген палестиналықтарға жақпағаны мәлім. Израиль 1967 жылы Сириядан тартып алып, кейіннен өзінің аннексиясы деп жариялаған маңызды үстіртті Дональд Трамп та ресми түрде мойындаған еді. Бұған АҚШ президентінің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен жақын серіктес болғанының әсері мол. Сондықтан Помпеоның еврейлерге үстемдік беруін әлемдік саяси сахнадан түскен Трамптың «қоштасу сәлемі» деп қабылдауға тұрарлық».
Журналист Иоланда Кнелл мемлекеттік хатшының Псагот қонысына аялдауын өзге ақпарат көздерінен ерекше жеткізе білген. Тілші сірескен сан мен жалаң мәліметтен бас тартып, Псаготта өндірілетін қызыл помпео шарабының құтысын кадрға іліктіру арқылы оқиғаның маңызын ашуға қадам жасайды. Ең оңтайлы шешім есебінде еленген жұмбақтың мәнісі мынада: АҚШ мемлекеттік хатшысы «Израиль қоныстанған аймақ ешқандай заңға қайшы емес» деген мәлімдеме таратқаннан соң, еврейлер оның құрметіне шарап сортын атаған. Осылайша екі елдің өзара байланысы мен ұстаным бағытын дөп басуға қол жеткізген.
Қазіргі таңда Батыс жағалауда 600 мыңнан астам еврей өмір сүреді. Көптеген халықаралық ұйымдар бұл қоныстануды заңсыз санағанымен, Иерусалим тарапы бұл ескертпені маңызды санамайтын секілді.
«CNN»
«Кішілер әлеміндегі» үлкен өзгеріс
Гонконгтегі саяси қадамға деген көңіл толмаушылық әлі бәсеңдемей тұр. Ендігі қарсылық үні білім беру саласында, әсіресе мектептегі саяси идеология бағытында айқын естіледі. Бұған дейінгі наразылық шарасында студент жастың саны басым болуы ерте ме-кеш пе білім беру ісінде өзгеріс орын алатынын аңғартқан. Ал қала тұрғындары болса ақпараттық ресурс пен әдебиеттердің қатаң екшеуден өтетінінен, балалар санасына қытайшыл үрдістің ерте сіңгеніне қауіптенеді. «CNN» арнасы сәрсенбіде «Жаңа ереже сыныпта әбігер тудырды» атты Селина Ван мен Ребекка Райттың арнайы хабарын жариялады.
Бағдарлама басты кейіпкер Сара мен мектеп жасындағы ұлының тағдыры төңірегінде өрбиді. Оған қоса авторлар шілде айында қабылданған ұлттық қауіпсіздікті қадағалау және сыртқы держа¬валармен байланысты тежеу заңын сынға алып, гонгонктік тұрғындардың пікірін келтіреді:
«Мен баламның еркін қоғамда ер жетіп, өз бостандығының қожасы болғанын қалаймын. Елдегі бақылау тек қылмыстың алдын алу ғана емес, тұрғындардың телефон әңгімесін тыңдау және электронды хатын ақтаруға дейін орын алады. Сондықтан көзге көрінбес талап-міндет оған әсер етпеуі үшін шет елге көшуді де ойға алғанмын» дейді Сара.
Білім беру бюросы мектептегі оқулық пен кітаптарды саралап, қатаң бақылау қойған. Оқушы мемлекеттік рәмізді қорласа, мұғалім полиция шақыруы тиіс. Тіпті мынадай қызық оқиға болған. Қыркүйек айында сабақ барысында «Азат Гонконг. Революция» деген ұран жазылған сурет көрсеткен оқушыны бір аптаға сабақтан шеттеткен көрінеді.
Бұл талап Сараның өзіне де тікелей қатысты болып шықты. Кейіпкер Гонконгтегі мектепте мұғалім қызметін атқарады. «СNN»-ге берген сұхбаттан кейін мектеп басшылығы ұстазға ескерту жасап, білім беру ісіне нұқсан келтірмеуін тапсырған. Әңгімеде Сара бәрін тастап, елден кетуге пейілді екенін және ол үшін Ұлыбританияны таңдағанын айтты:
«Мен кез келген жұмысты істей аламын. Ыдыс жуушы, үй жинаушы болайын, маңызды емес. Мен үшін еркіндік материалдық құндылықтан жоғары. Жол шығыны мен орналасу оңайға соқпасын білсек те жыл соңына дейін қоныс аударуға шешім қабылдадым», – деген пікір білдірген.
Тілшілер Сарамен тағдырлас өзге де кейіпкермен сөйлесіп, мәселенің ортақ өзегін табуға талпынады. Сауалға жауапты Гонконг мэрі Кэрри Ламның пікірінен іздейді. Кезекті мәлімдемедегі шаһар басшысының «Заңсыз идея» мен «бостандық концепциясына» мектепте орын жоқ» деген сөзін мысалға келтіреді.
Бейжің де Гонконгтегі білім беру жүйесіне радикалды идеяны желеу еткен студенттермен күресті күшейтуді тапсырған. Арнайы мамандардың көмегімен кітаптардан Қытай саясатын сынаған бөліктерді жойып, «билікті бөлу» терминін оқулыққа енгізбеуді қолға алуда.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін ШАМШАДИН