Ананың бақыты – баланың саулығы

Аймақта 350 төсектік Ана мен бала орталығы бар. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген орталықта жылына он мыңдаған сәби дүниеге келеді. Биыл соңғы 10 айда есеп бойынша 9608 бала өмір есігін ашыпты. Оның 7,5 проценті шала туған сәбилер. Ал олардың өмір сүру көрсеткіші 27-ден 60 процентке өскен. Облыста демографиялық өсім байқалады. Сондай-ақ егіз, үшемдердің туу деңгейі де артып отыр. Мәселен, былтыр өңірде екі ана үшем босанса, бұл көрсеткіш жыл басынан бері 5-ке жеткен. Соның бірі – жақында босанған байқоңырлық Арайлым есімді ана. Айым, Күнім, Қолғанат есімді үшемдер уақытынан бұрын дүниеге келген. Ақ халатты абзал жандардың арқасында аман-есен өмір есігін ашып, тиісті жағдай жасалған. Бүгінде олардың денсаулығы бірқалыпты, өмірлеріне қауіп жоқ.
Мамандардың айтуынша, ана мен бала денсаулығын сақтауда орталыққа заманауи жабдықтар алынған. Бұл өз кезегінде құрсақтағы сәбидің саулығын, түрлі ақаудың бар-жоғын ерте кезден анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ауыр жағдайда босанатындар да өмірін сақтап қалуда дәрігер біліктілігімен бірге заманауи жабдықтардың үлесі зор.
Бүгінде өңірде 0-18 жас аралығындағы 286972 бала бар екен. Олардың 16677-сі сәбилер болса, 87808-і бір мен бес жас арасында, жасөспірімдер саны 17 процентті құрайды. Ал 350 төсектік көпбейінді облыстық балалар ауруханасы соматикалық, хирургиялық, реабилитациялық қызмет көрсетеді.
– Көпбейінді облыстық ауруханада 254 соматикалық, 96 хирургиялық, 60 реабилитациялық төсек орын бар. Жүзден аса дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде 19 хирург, 85 педиатр-дәрігер ауруханаға түскен баланың денсаулығына жауапты. Жалпы облыстағы балалар ауруының көрсеткішінде төмендеу белгісі бар. Атап айтсақ, тыныс алу жолы, асқазан, қан ауруы сынды дертке шалдыққандар азайды. Десе де балалар арасында тыныс алу жолы, жүйке жүйесі, онкологиялық аурулар басым. Сонымен бірге туа бітті ақаумен туылатын сәбилер жыл санап көбейіп келеді. Бізді осы алаңдатады, – дейді көпбейінді облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шәрипа Әлиева.
А.СЕЙІЛ