Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қатыгездік қайдан туады?

Қатыгездік қайдан туады?

Ілгеріде біреу “әкесін сабағынды көріп едім, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көруім” деген екен. Сол сияқты қатыгездік ерте­ректе де болған шығар, десе де бүгінгінің көрінісі төбе шашыңды тік тұрғызады. Анасы мен әкесін сабағаны былай тұрсын, өлтіріп көміп тастағандар мен баласынан безіп қоқысқа тастағандар қаншама!? Әсіресе желкілдеп келе жатқан жастардың қолымен жасалып жатқанын көргенде ішің удай ашымай қоймайды. Мұндай істердің жиі орын алатыны соншалық біздер үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Бәз біреу солай жасапты деп жай әңгіме секілді айтып отыра беретін деңгейге жеттік. Яғни “ұрып кетіпті”, “атып кетіпті”, “тоналып, алданып қалыпты” деген сөздер таңсық болмай қалды. Мұндай қатыгездікке баруға не итермелейді? Қай жерден қандай қателік жібердік? Кінә кімнен, салдарын қайдан іздеуге болады?
Қалай айтсақ та ең бірінші баланың тәрбиесі­нен айналып кете алмаймыз. Ғалымдардың зерттеуінше, қылмыскерлердің 80 проценті – балалық шағында зорлық-зомбылық құрбаны болғандар екен. «Балаға деген қатал қарым-қатынас оның психикасына ауыр жарақат салып, келешегін тұмшалайды» деседі. Сондай-ақ баланың кейбір қылықтары тұқым қуалайтын көрінеді. Сондықтан бұл тұрғыда әрбір ата-ана өз іс-әрекетіне мән беріп, өзін  дұрыс жағынан тәрбиелегені абзал. Өзін тәрбиелей отырып, балаға мейірім, махаббатын беру, оған деген қамқорлығын сезіндіру, баланың жалғыз еместігін санасына сенімді түрде сіңіру керек секілді.
Екінші мәселе, халықтың рухани құлдырай бастауы. Өздеріңіз білетіндей, ақшаның дәурені жүріп тұрған заманда ешнәрсенің қадірі қалмай бара жатыр. Рухани жұтаңдағанымыз сонша мәдениетіміз бен тілімізге, дініміз бен  ділімізге немқұрайлы қарай бастадық. Әрбір адам өзін ғана, өзінің жеке басының пайдасын ойлаудан аса алмауда. Мәселен көшеде құлап жатқан біреуді көрсек, жанынан ортекедей орғып өте шығамыз. Жай кетпейміз, сыртынан ғайбаттап кетеміз, “өлгенше ішкені несі” деп. Мүмкін жүрек талмасы ұстаған болар, не қан қысымы көтерілген шығар, оны сұрайтын бір жан таппайсың.  Осыдан ақ адамдардың қасаң тірліктен аса алмайтындығын аңғаруға болады.
Бұл жағдайда әлеуметтік желінің әлегін де тыс қалдыра алмаймыз. Сананы улаған желі бүгінде жас тұрмақ аға буындарымыздың ойын да он орауда. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып жұртты бір-бірімен байланыстырған желі көптеген жастарымызды теріс пиғылды, жұтаң ойлы, ең  қорқыныштысы қатыгездікке тәрбиелеуде. Азаннан кешке дейін телефонға телмірген жастарымыз түрлі бейне жазбаларды көру арқылы, санасына сіңіру негізінде сан алуан оқиғалардың құрбаны болуда. Күннен күнге шиыршықталып бара жатқан осындай дүниелер тастанды балалар мен көкек аналардың көбеюі, қарттар үйінде жаутаң көз қарияларымыздың санының артуына әкеліп соқтыруда. Ол аздай отбасылық зорлық-зомбылық көбеюде. Бұл  қоғамымыздың жар қабағында тұрғанын дәлелдейді. Осы тұрғыда бірер жыл бұрын өңірде орын алған оқиғаны айтпау кету мүмкін емес. Сүйіктісінің басын кесіп, топыраққа домалата салған мұғалімнің тірлігі бүкіл елдің жағасын ұстатып, жүрегін ауыртты. Ал танымал кәсіпкердің үйін тонап, оны аяусыз қинап өлтіргендердің қатыгездігі адамнан мейірімнің жоғалғандығын көрсетті. Тіпті дүние-мүлік үшін 27 жыл отасқан күйеуін өлтіруді жоспарлаған көпбалалы ананың ісі де көптің көңілін күпті қылды. Мұның барлығының басқа емес, қазақы қаймағы бұзылмаған біздің өңірде орын алуы жаныңды күйзелтіп, ішіңді ашытатыны рас. Бұл – бір ғана мысал. Кішкене ақша үшін не басқа зат үшін адам жанын қиғандар мен лаңкестердің лаңына еріп, діні мен ділін ажырата алмай елдің ойранын шығарған жастарымыз қаншама? Мұның барлығы дерлік иманымыз бен тәрбиеміздің әлсіздігі. Дана халқымыз “ел боламын десең бесігіңді түзе” деп бекер айтпаған. Негізі дұрыс қаланған жағдайда ғана иманды, салиқалы ұрпақ тәрбиелейтінімізді ескерсек, болашақ ұрпақтың беделі мен елдің берекесі өзіміздің қолымызда екенін жете түсінуіміз керек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ
24 қараша 2020 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам