Қызылжарма: жоспар орындалды ма?
«Әкімге алты сауал» айдарының кезекті сауалын Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейіловке жолдаған едік. Бұл өзге ауылдарға қарағанда қалаға жақын орналасқан әрі әлеуеті дамыған ауыл санатында. Десе де елді мекенді көркейтуде атқарылар тірлік жетерлік. Жыл басындағы халықпен есепті кездесуде ауыл әкімі биыл жүзеге асыратын жоспарымен бөліскен еді. Әне-міне, дегенше жыл соңына да таядық. Жоспар орындалды ма?
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Сынды жақсы жағынан қабылдаймын. Кемшіліксіз пенде жоқ. Маған айтылған сын-ескертпелерді саралап, оң қорытынды шығару үшін жұмыс істеймін. Ойға алған жоспарларды орындау барысында айтылған кемшіліктерді қайталамауға тырысамын.
– Биыл біткен іс?
– Биыл ауылдық округте біршама жұмыс атқарылды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы», «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 21 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 12 көше асфальттанса, 9 көшеге тас төселді. Оған ауылдың 61 азаматы жұмысқа тартылды. Сондай-ақ қалалық бюджет есебінен 8 көше жарықтандырылды. Қазіргі кезде қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы «Шет аймақ» бағдарламасымен ауылдың жаңадан қоныстанған тұрғын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым болатын ауыз су құбырларын тарту жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыс қазір 80 процент орындалды. Ал «Европа қайта құру және даму банкі» арқылы бөлінген қаржыға «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ мекемесі ауылдық округтегі 6,5 шақырым 10кВ әуе желісін ауыстырып, 4 дана 10/0,4кВ қосалқы станция орнатты. Сонымен бірге 4,4 шақырымдық 0,4кВ әуе желісі жаңартылды. Жеке тұрғын үйлерге 450 дана бір фазалы және 35 дана үш фазалы электр есептегіш орнатты.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– Ауыл тұрғындарына арналған спорттық кешен салу жоспары орындалмады. Бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жүзеге асыру жоспарланып, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілген болатын. Алайда қазіргі эпидемиялық ахуалға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына байланысты бұл жұмыстар кейінге қалды.
– Маусым айындағы мәселе шешілді ме?
– Бұл мәселе Қызылжарма-2 тұрғын ауданында туындаған еді. Ондағы электр желілері тұрғындардың өз күшімен тартылған. Бұл қала әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде көтеріліп, оң шешімін табу үшін құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктелген. Бүгінгі таңда Қызылорда қалалық электр тарату тораптары мекемесі арқылы аталған аудандағы 6 көшеге талапқа сай электр бағаналары мен 1 трансформатор орнатылды. Сонымен қатар осы тұрғын аудандағы 3 көше түнгі жарық шамдарымен қамтамасыз етілді.
– Ауылда жұмыссыздар көп пе?
– Жалпы статистикалық есепке сәйкес, Қызылжарма ауылдық округінің халық саны 7626-ны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 проценттік өсімді көрсетті. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 4175 адам болса, жұмыссыздық деңгейі 0,3 процентті құрайды.
– Сіз қызметке тағайындалғалы шешімін тапқан мәселе?
– Бұл сұрақ бойынша шешімін тапқан мәселе деп жоғарыда атқарылған жұмыстарды айтар едім.
Айдана СЕЙІЛ