Ел тілегі орындалды ма?
«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Сейілбек Тайманов. Елді мекен басшысынан есепті кездесуде көтерілген бірқатар мәселенің мән-жайы мен тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарға жауап алдық.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Қызмет барысы халықпен тығыз байланысты болғандықтан, әртүрлі сын айтылады. Пікір-ұсыныстан нәтиже шығарып, халықпен бірлесе қимылдау мәселенің оң шешімін нұсқайтыны анық. Сондықтан қандай да болмасын орынды айтылған сынға салмақ беріп, одан әрі қарай дұрыс шешім қабылдауға тырысамын.
– Биылғы біткен іс?
– Ауылдық округ аумағында атқарылған жұмыстың басым бөлігі жол мәселесі болды. Атап айтқанда, 1,3 шақырым болатын А.Құнанбаев көшесі мен 1,6 шақырымды құрайтын Ж.Әбдіхалықов көшесіне орташа жол жөндеу жұмысы толығымен аяқталды.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– 2020 жылға жоспарланған жұмысты толығымен игердік. Көзделген меже орындалып, тиісті шаралар жүргізілді. Алдағы уақытта да округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы жол, электр жарығы мәселесін шешу үшін жұмыс жүреді.
– Өткен жылы ауылдық округте 80-нен астам кәсіпкер тіркеліп, жақсы көрсеткіш көрсеткенін білеміз. Әлемдік ахуал, індеттің салқыны ауыл кәсіпкерлеріне қаншалықты әсер етті?
– Ел көлемінде енгізілген карантин талаптарын округ аумағындағы кәсіпкерлік нысандар толық орындады. Қазіргі таңда белгіленген уақытпен өз жұмысын атқаруда. Сонымен қатар округ әкімшілігі мен жергілікті учаскелік полиция инспекторы бірлесіп тұрақты түрде түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондықтан індеттің әсері ауыл кәсіпкерлерінің жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізген жоқ.
– Жыл басында ауыл тұрғындары Абай Құнанбаев атындағы көшенің кетеуі кетіп, жөндеуді қажет ететінін айтқан. «Жаңбырлы күн балшық, жаздыгүні шаң» болған көшенің бүгінгі жайы қалай?
– Абай Құнанбаев атындағы көше Қарауылтөбе ауылдық округінің орталығында орналасқан. Жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Тұрғындар тарапынан көшені жөндеу мәселесі жылдық есеп беру жиынында көтерілген еді. Биыл Абай атамыздың атындағы көшеге орташа жол жөндеу жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде көшеге асфальт төселіп, тұрғындарға пайдалануға берілді.
– Есепті кездесудегі ел тілегінің бірі – мәдениет үйінің құрылысы. Жиында бұл мәселе кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асуы ықтимал екендігі айтылған. Қазіргі нәтиже қай деңгейде? Мәдениет үйі қашан бой көтеретін болды?
– Округте 150 орындық клуб құрылысын салу үшін, 5000 ш.м жер учаскесі табысталып, құжаттары әзірленді. Жоба-сметалық құжаты дайындалып, тиісті қорытынды алу үшін мемлекеттік сараптамаға жолданды. Қазіргі таңда, «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс жұмысын бастау үшін ұсыныс енгізілуде.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ