ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жылу беру маусымында пешті пайдалану қауіпсіздігі, көмір қышқыл газымен уланып ауруханаға түсу, жалпы өрт оқиғасына қатысты жайттар жиі орын алатыны белгілі. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.
Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Руслан Қайрақбаев, әкімшілік полициясы басқармасының өкілі Сәбит Сатқанбай қатысты.
Аталмыш департамент қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығын, меншікті және қоршаған ортаны өрттен қорғау аясында қауіпсіздік шараларын өткізуде. Олар тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайдағы от жағу пешінің қауіпсіздігі және көмірқышқыл газына уланудың алдын алу бойынша үгіт-насихат шараларын жүйелі түрде жүргізуде.
Аймақ бойынша әр аптаның сенбісінде өрт қауіпсіздігі күні өткізіледі. Оның себептерін талдау негізінде 74413 үйді аралады. Түсіндірме шараларымен бірге үнпарақтар таратылды. Оған қоса арнайы 21 билборд орналастырылды.
Алайда, осы уақытқа дейін облыс бойынша 522 өрт оқиғасы орын алды. Оған кеткен материалдық шығын 34 млн. 396 мың 500 теңгені құрады. Тілсіз жаудан 6 адам қаза болды. Оның ішінде 1 бала, 11 ересек адам жарақат алды. Сондай-ақ, өрттің 87 оқиғасы автокөліктерде болған. Сонымен қатар, 4 түтінге улану дерегі тіркелді.
Бүгінде жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар барысында өрттің алдын алу мақсатында мереке кезінде пиротехникалық бұйымдарды, арнайы эффектісі бар ашық отты бөлмелерде қолдануға тыйым салу бойынша түсіндірме жүргізілуде.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.