ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША КЕШІ ӨТТІ
Арал ауданында өтіп жатқан Жаңа жылдық мереке жалғасуда. Дәстүрге сай биыл да мүмкіндігі шектеулі балалар назардан тыс қалмады.
Осы орайда «Достар» салтанат сарайында «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аудан көлеміндегі 100 балаға жаңа жылдық шырша кеші ұйымдастырылды.
Балақайлардың асыға күтетін ең ғажайып мерекесі – Жаңа жыл шыршасына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Ең алдымен Жаңа жылдық құттықтауын жеткізген аудан басшысы бүгінде ауданымызда ел ертеңі – жас ұрпақтар жолында атқарылып жатқан игі істерді тарқатып айтты.
Мұнан соң, балғындар аяз ата мен ақша қарды көріп, сыйлық алып қуанышқа бөленді. Осылайша, игі іске бастамашы болған азаматтар қамкөңіл жандардың арман-тілектерін орындауға азда болса үлес қосты. Әрине, жылдың ең басты мерекесін бүлдіршіндер асыға тосатыны белгілі. Осы ретте, аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары бүгінгі шарада балғындардың қиялына қанат бітіріп, ертегілер әлемінің қаһармандарын сомдап, түрлі ғажайыптарға толы қойылымдар көрсетті. Қуанышқа кенелген балалар салтанатты кеште ризашылықтарын танытып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады.
Іс-шарасның басты арқауы-мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу.
Айта кету керек, бүгінгі думанға қатыса алмай отырған 10 балақайға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қоғамдық бірлестік мүшелері арнайы сыйлықтар әзірлеп, үйлеріне барып, құттықтап қайтты.