ҚАЗАЛЫДА ӘСКЕРИ ТЕҢІЗШІНІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Теңіз тарланын ұлықтауға арналған салтанатты шарада аудан әкімі Нажмадин Шамұратов тумысынан болмысы бөлек Талант Бөріқұлақовтың есімі Қазалы жұртшылығына кеңінен мәлім екендігін, басқалардың бақыты үшін өз өмірін құрбан қылған батырдың ерлігі көпке үлгі болатындығын айтты.
Шара аясында батыр тұлғаға арналған «Қайсар ұлы қазақтың» кітабының тұсаукесері өтті. талант Бөріқұлақовтың өмірін, өшпес ерлігін насихаттау мақсатында жарық көрген кітап мектеп оқушыларына таратылып берілді.
28 жыл бұрын Солтүстік теңізде әскери-теңіз оқу-жаттығу жиынында Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген 69 ержүрек жауынгері бар №1 атом сүңгуір кемесі Норвегияның Медвежий аралының маңында 105 метр тереңдікте теңіз шыңырауына батып кеткен болатын. Апатқа ұшыраған кемеде 1-ші рангілі капитан шеніндегі, әскери-теңіз құрамасы командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Талант Бөріқұлақов та болған.