МҰНАЙ ҰРЛЫҒЫ БОЙЫНША СОТ ІСІ БАСТАЛДЫ
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өткізілді.
21 сотталушының 12-сі қамауға алынған. Сотталушылардың ішінде Қызылорда қаласының кәсіпкерлері, мұнай компанияларының және күзет фирмаларының қызметкерлері, сонымен қатар, оларға «қамқорлық» көрсеткен құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары бар.
Сотталушылардың мүдделерін 21 адвокат және 7 қоғамдық қорғаушы қорғайтын болды.
Қылмыстық іс бойынша сотталушылар бірнеше баптармен айыпталған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 262-бабы (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 197-бабы (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 188-бабы (ұрлық), 355-бабы (құбырларды қасақана зақымдау немесе қирату), 361-бабы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), 287-бабы (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру).
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 16 мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе, еліміздің бірнеше облыстарында заңсыз мұнай айналымына қатысы бар қылмыстық топтардың құқыққа қайшы әрекеттерінің жолын кескен болатын.