Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ДАЛА ДАНАЛЫҒЫН ДӘРІПТЕГЕН ОРТАЛЫҚ

ДАЛА ДАНАЛЫҒЫН ДӘРІПТЕГЕН ОРТАЛЫҚ

   Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі елімізге үлкен рухани серпіліс алып келді. Себебі, Ұлт Көшбасшысының бұл  идеясы – ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжат.
Осыған орай елімізде ұлт құндылығын ұлықтау мақсатында «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Сыр өңірінде де облыс басшылығының қолдауымен  «Сыр Медиа» ЖШС жанынан ашылған орталық жыл басынан бері жұмыс істеп келеді.
– Қазіргі кезде көптеген ұлттар өзінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тілінен айырылып қаламыз деген үлкен қауіптің үстінде тұр. Сондықтан әлем елдерінде ұлттық мемлекет құруға деген көзқарас басым. Бүгінде Қазақстан экономикалық саяси даму бағытында толағай табыстарға қол жеткізді. Ал, бізде адами капитал енді көтеріліп жатыр. Ұлы даланың ұлағатын ұрпақ бойына сіңіру мақсатында Елбасымыз ұлағатты істі қолға алып, елімізде осы бағытта арнайы бағдарлама әзірленді. Аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде аталған орталық алғашқылардың бірі болып іске қосылды. Мұнда қазір 15 маман қызмет атқарады. Олардың басым көпшілігі қоғамтанушы ғалымдар. Атап айтсақ, 100 томдық «Бабалар сөзі» топтамасына белсенді қатысқан авторлардың бірі – Серікбай Қосанов арнайы шақыртумен Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет институтынан арнайы шақыртумен келді. Сондай-ақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университетінен Бақыт Абжет филолог, парсытанушы ғалымды алдыртты. Сонымен қатар, арамызда ұзақ жылдар бойы жастар тәрбиесімен айналысып, сол салада қызмет еткен филология ғылымдарының кандидаты Әлима Әбдіхалықова бар. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың журналистика мамандығында оқытушысы Гүлмира Әшірбекова да қазір осы орталықта қызмет атқарады. Ондағы басты мақсат – рухани салада ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, – деді «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас.
Алты алаштың анасы атанған Сыр өңірі – тарих тұнған киелі мекен. Кешегі күнге көз жүгіртсек, бұл аймақта сақ дәуірінен бастап, түрлі астаналар бой көтерді. Мәселен, Дешті Қыпшақ хандығы, Ақ орда, Оғыздар мемлекетінің астанасы секілді тарихи орындар Қызылорданың төңірегінде шоғырланған. Демек, біздің аймағымыздың тарихи маңызы ықылым замандардан-ақ өте ерекше. Осыған орай орталық ғалымдары тарихи маңызы бар орындарды зерттеп, ғылыми жұмыстар жүргізбек. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қорқыт ата мұраларын, даналық сөздерін 4 тілде дайындау қолға алынбақ.
Орталық басшысының айтуынша, облыс аумағында 600-ге тарта мәдени-ескерткіштер орналасқан. Оның 12-і киелі сәулет мұралары ретінде республикалық жинаққа енген. Ал, 35-і жергілікті маңызды деп танылды. Алдағы уақытта оларды қайта зерттеп, жаңғырту, жастарды рухани жағынан байытып, ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында түрлі саяхаттар ұйымдастырылмақ.
Бүгінде бұл орталық 4 бағыт бойынша кіші бағдарламалар аясында жұмыс істейді. Алғашқысы жан-жақты және үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қазақстандық патриотизм рухына тәрбиелеу үшін – «Тәрбие және білім» деп аталады. Екіншісі – «Атамекен», ол қазақстандықтардың азаматтық белсенділік пен жауапкершілік сезімін нығайту, кіші отан тағдырына араласу мақсатында жүзеге асуда. Ал, үшіншісі – «Рухани қазына» бұл бағыт сыйластық дәстүрлеріне, жер мен ел тарихына қызығушылықты жаңғырту бойынша атқарылады. Төртіншісі –  «Ақпарат толқыны» жобаның негізгі қызметі – бағдарламаны іске асыру барысы туралы халықты ақпараттандыру, азаматтардың қоғамдық мониторингі жүзеге асырылатын жобаларға қатысу үшін ақпараттық инфрақұрылымын құру.
Осы бағытта жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша мамандар облыстық басқармалар, жоғарғы және орта оқу орындары, мектептермен тығыз байланыс орнатқан. Тиісті мекемелер бағдарлама аясында өткізілетін бір жылдық кездесулерін, жиындарын, көлемді іс-шараларын осы орталыққа ұсынады. Соған байланысты мұнда арнайы ғылыми сарапшылар кеңесі құрылған. Олар әрбір шараны саралап, қоғам үшін маңыздылығын талқыға салады. Бұл іріктеуден ұлттық құндылықты ұлықтайтын тағылымды шаралар ғана өтіп, қолға алынуда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғаннан бері бүгінге дейін Сыр өңірінде 79 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ, тағы қосымша 81 жоба мен 100-ден аса ірі көлемді шараның жол картасы әзірленіп, облыс әкімімен бекітілді.
Орталық жұмысын бастағаннан бері облыстық тарихшылар мен өлкетанушылардың форумы өткізілді. Сонымен қатар, К.Қаракөзов атындағы №325 орта мектепте «Асық ату» үйірмесінің ашылуы мен асық атудан жарыс ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Домбыра Fest» атты домбырашылардың шеберлік сағаты өтті. Бұл тағылымды шара әлі күнге дейін ел аузында жүр. Атап айтсақ, «Ана мен бала» перинаталды орталығында дүние есігін ашқан 20 сәбиге қазақтың қара домбырасы тарту етілді. Мұндағы бір ерекшелік – әрбір баланың есімі аспап бетіне арнайы әспеттеліп ойылып жазылған. Ал, «Қолөнер» ұлттық орталығының демеушілігімен Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның ұлттық аспаптар оркестріне меценаттар 10  домбыра сыйға берілді.  Биыл Сыр өңірінде алғаш рет Наурыз айында «Қауышу» мерекесі 14 наурыз күні «Сүлейлер аллеясында» атап өтілді. Бұл үрдіс енді жыл сайын дәстүрлі түрде тойланбақ.
Ерекше айта кететін жәйт, облыс әкімінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» орталығы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша салынуда. Тарихи деректер, дария жағалауындағы қала Астана атанған жылы дәл осы атқару комитеті ғимаратында ұлтымыздың төл атауы қайтарылғанын көрсетеді. Сол кезге дейін «Қырғыз-қайсақ» аталып келген халқымыздың ресми атауы бекіп, осы жерде алаштың зиялылары, ардақтылары «Қазақ» деген тарихи атауымызды қайтаруға арнайы жарлық шығарды. Кейін бұл тарихи нысан бұзылып кетті. Алайда, жергілікті ғалымдар оның сызбасын мұрағаттан тауып отыр. Осылайша біраз жыл бұрын жермен-жексен болған айтулы кешенді қайта тұрғызуға мүмкіндік туды. Бұл нысан сол жағалаудан бой көтеруде. Жақын арада ел игілігіне берілмек. Алдағы уақытта тарихтан сыр шертетін бұл ғимаратта аталған орталықпен бірге Сыр өлкесінің бас мұражайы да орналасады.
                                                                                                      Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
22 наурыз 2018 ж. 1 113 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам