Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТІЛ ҮЙІРГЕН ҰЛТТЫҚ ДӘМ

ТІЛ ҮЙІРГЕН ҰЛТТЫҚ ДӘМ

   Ұлыстың ұлы күні жақындағанда әр үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарқанға ұлттық тағамдармен қоса міндетті түрде наурыз көже пісіріледі. Түркі халқының ұғымында жеті саны қасиетті. Сондықтан көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Бұл күні осы асты тойып ішкен адам жыл бойы несібелі және молшылықта болады деген ұғым да бар.
Бұрын ауылдағы қыз-келіншектері арасында мынадай үрдіс болған екен. Олар өздерімен ыдыс ала жүрген. Әр үйден көже құйып алып, өз үйінің қазанындағы көжеге қосқан. Бұл – дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдірген. Ал, бүгінде осындай үрдіс жалғасып жатыр ма? Жалпы, ауылдағы ағайынның көже дайындаудағы құпиясы қандай?
Осыған орай біз қалаға қарасты Қосшыңырау ауылына ат басын бұрған едік. Көпшілік осы ауылды Абай деп бұрынғы атауымен атайды. Мұнда Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әр көше тұрғындары бірлесіп, көже пісіріп, түрлі сайыс өткізіп жарысады. Ондағы мақсат – бір-бірінен озу емес, бас қосып, бәрі дайындаған көжеден дәм татып, ауызбірлікті арттыру.
Ауыл тұрғыны Әлібек Темірхановтың шаңырағында болып ол үйде отанасы Зибагүл апамыз дайындайтын ұлттық дәмнің қыр-сырына қанықтық. Ауылдың адамдары ақжарқын ғой, шіркін... Бізді де апамыз жылы шыраймен күлімдеп қарсы алды.
– Өзіміздің ұлттық мерекеміз жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндетім деп санайды. Оған белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Кейде көкөніс пен жемісті де қосатыны бар. Тек дәм саны жетеу болғанына назар аударады, – деді кейіпкеріміз. Ол көже дайындауды марқұм енесі Мәлике анасынан үйреніпті. «Келін болып түскеннен соң енемнен көп нәрсе үйрендім. Алғашында Наурыз көжені өзі дайындайтын. Мен жанында көмекші болып жүрдім. Кейін ұлттық тағамды өзім пісіретін деңгейге жеттім» деді ол. Негізі дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі өнім міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған қазы-қартаны да қосса дәмі кіреді. Алдымен қазан толы сүтіңізді қайнатып, ол піскеннен кейін бетіндегі қаймағын қалқып алып тастау керек. Сүт әбден пісуге шақ қалғанда қыс бойы сақтаған сүр етіңізді салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қоясыз. Аталған уақыт өткеннен соң жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып алу керек. Міне, осылайша көже де дайын болады, тек бәрін баппен қайнату қажет.
Ол кісінің айтуынша, халық арасында мұны тілеу немесе көп көже деп те атай береді екен. Тілеу көже дегеніміз, ішер кезде тілек тілеп дәм тататын болған. Ал, көп көженің аты айтып тұрғандай, бір емес бірнеше азық түрі қосылғандықтан болуы керек. «Бұл дәмнің тағы бір кереметтілігі – наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң жиналған халық «Ақ мол болсын» деген тілек айтып тарқасады» деді сөз арасында Зибагүл апа. Осы күндері кейіпкеріміздің Нұргүл есімді келіні бар. Көже дайындаған кезде келіні үнемі жанында жүреді.
Ауыл тұрғыны Ырысалды Бақтыбекованың шаңырағындағы дәмі тіл үйірген ұлттық тағамның құпиясы жайында білдік. Мереке қарсаңында апамыз үлкен қазанын көже пісіруге дайындайды. Сөйтіп, айналасындағы көршілерін шақырады. «Бұл – мен үшін жылда қалыптасқан дәстүр» деді отанасы.
– Қазақтың ұлттық мерекесін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әр үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, көже дайындалады. Біз ырымшыл қазақпыз ғой. Әу бастан киелілікке, қасиетті сандарға мән бергенбіз. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі дәмнен жасап, молшылық, береке болсын деп ниет еткен, – деді Ырысалды апа.
Табиғат бастауы – су. Сондықтан көженің де негізі су болуы тиіс. Мұның да астарында өмір-өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Қашанда қазақы дастарқанның берекесін ет келтіреді. Сол себепті бұл тағамға сүрі етті қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен қосатын болған. Көженің құрамына арпамен бірге тары, күріш секілді дәнді дақылдар қосылады. Онда бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көбейсін деген тілек жатыр. Сондай-ақ, айран немесе ақ құяды. Мұның да негізінде – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын деген ниет бар. Біздің ұлттық тағамдарына кіретін құрт та көженің дәмін ерекшелендіреді. Кез келген астың дәмін тұз келтіреді. «Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек. Әйтпесе, ырзығы кем болады деп айтқан үлкендеріміз» деді Ырысалды апамыз.
Ал, менің анам көжеге 21 дәм қосады. «Неғұрлым әртүрлі азық қосылса, соғұрлым дәмді болады» дейді.
– Мейрамның басты ерекшелігі – бұл күні барлық адам өкпе-ренішті ұмытып, кешіріп, өзінің туған-туыстарына, жақындарына мейірімділік танытып, жеті үйден жеті дәмнен жасалған көжеден дәм татқан адам үшін сол жыл сәтті болады, – деп отырады анамыз.
                                                                                Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
22 наурыз 2018 ж. 2 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам