ЖАРАМСЫЗ ТЕЛЕФОНДАР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Қызылордада зағип жандарға арналған ұялы телефондар кері қайтарылады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев айтып берді. Баспасөз мәслихатында облыстық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмадиллаев, І топ көз мүгедегі Алтынкүл Сыдықова қатысты.
Техникалық ерекшеліктерге сәйкес көру қабілеті төмен азаматтарға үлестірілген телефондарда міндетті түрде сөйлеу синтезі орнатылуы тиіс. Алайда, байланыс құралында бұл жүйе болмаған. Өнім берушімен 2 тәулік ішінде әрбір телефон ашылып, ғаламторға қосылған SIM-карта салынып, сөйлеу синтезі орнатылып, жеткізілген. Дегенмен, телефондарды пайдалану барысында ақау байқалған.
– Өткен жылдың шілде айында 160 тифлотехникалық құрал-дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұтқыр телефонды мемлекеттік сатып алуға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінді. Өткізілген аукционға қатысқан 8 өнім беруші арасынан әр телефонның бағасы 33500 теңгеден 160 дана барлығы 5,3 млн. теңгеге жеткізіп беруді міндетіне алған «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорыны» мекемесі жеңімпаз деп танылды, – деп мәлімдеді Т.Дүйсебаев.
Ұялы телефондар желтоқсанда таратылады. Алайда, техникалық ақауға байланысты олар кері қайтарылды. Осылайша, кері қайтарылған 135 телефонның 103 данасы жарамсыз деп танылған.
– Осыған орай, мамандандырылған мекеме - «Гранд» жеке кәсіпкерінің «5 элемент» сервис орталығымен телефондардың сапасы мен жарамдылығына сараптамалық қорытынды беру мақсатында шарт жасалды. Аталған сервис орталығынан әрбір телефонның сапасы мен жарамдылығына қорытынды алынғаннан кейін сот органдарына талап арыз жолданатын болады.
Биболат Сәтжан