РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЗЮДО ТУРНИРІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Жалағаш ауданында ҚР тұңғыш «Сұңқар» әскери-теңіз кемесінің командирі Болат Олжабайұлы Алтынбаевты еске алуға арналған республикалық дзюдо турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ашып, шоқтығы биік, болмысы ерен тұлға туралы айта келе, турнирдің барлық қатысушыларына сәттілік тіледі. Ашылу салтанатында әскери теңіз күштерінің бас қолбасшылық бас басқармасының 3-дәрежелі капитаны Д.Бердіқұл, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері, Б.Алтынбаевтың ағасы С.Қалыбаев, сонымен қатар, жарыстың бас төрешісі А.Молдаханов сөз алды.
Айта кетейік, байрақты бәсекеге Астана қаласы, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан келген 16 команданың 250 спортшысы 9 салмақ дәрежесінде татами үстінде тайталасқа түсуде. Екі күнге созылатын жарыс нәтижесі ертең қорытындылатын болады.