АҚМЕШІТТІҢ ҚАР БАРЫСЫ
Соңғы уақытта қала көшелерінің келбеті ерекше. Жол сапасы артып, шаһар шырайлана түсті. Қала орталықтары абаттандырылып, көркейту-көгалдандыру шаралары қарқынды жүруде. Алыстан көздің жауын алатын алқызыл, жасылды гүлзарлар мен сан түрлі архитектуралық пішіндер соның айқын дәйегі. Әсіресе, облыс орталығының бас көшесі саналатын «Жібек жолында» мұндай әсемдік түр-түрімен самсап тұр. Асқан шеберлікпен жасалған олардың қай-қайсысы да ұлттық болмысты айшықтандырып, баба мұрасын асқақтатып тұрғандай.
Ал, қаладағы шағын архитектуралық нысандардың қатарын толықтырған – қар барысының кескіндемесі көпшілікті тамсындырмай қоймады. Ерекше кейіпте жасалған ол тұрғындардың үлкен таңданысын оятты. Орнатылғаннан соң ертесіне-ақ кескіндемені айнала қарап, қызығушылық танытқандар қатары көп болды. Жиналған жұртшылық айбыны асқақ текті аңмен естелік суретке түсіп жатты. Былай қарағанда өз бейнең кері түсетін айна тәріздес ерекше материалдан жасалған архитектуралық пішін расымен-ақ алыстан мен мұндалап шақырып тұр. Биіктігі 1,70 метрлік оның сыртқы келбетінің өзі тағы хайуанатқа тән айбарлықты паш етіп тұрғандай. Ал, алып денелі барыстың жон арқасынан қоса есептегендегі ұзындығы 3,5 метрді құрайды. Күндіз күн сәулесімен, түнде қызылды-жасылды жарықшамдармен шағылысуына орай пішіннің түсі де сан өзгеріп, мың құбылады. Оның үстіне бұрыш-бұрыш пішіндес қиындылармен құрастырылған ол жарықтың түсуіне сай түрлі-түсті реңкке енеді. Қысқасы, аса шеберлікпен жасалған сәтті туындыны тамашалап, көз демалады.
Сонымен, қаланың қақ ортасындағы орынға барыс бейнесінің таңдап алынуы да жайдан-жай емес. Себебі, бұл тау жануарының халқымыз үшін таңсықтығы жоқ. Ежелден-ақ бабаларымыз бұл аңның айбарлығына, күш-жігеріне тамсанып, балаларын сондай алғырлыққа, қайтпас қайсарлыққа тәрбиелеген.Сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» атты екінші бөлімінде Елбасымыз тектілік пен мықтылықтың символына айналған қар барысына айрықша сипат бергендігінен хабардармыз. Ол өз сөзінде «…2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Алдағы уақытта қазақстандық барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс», – деп еліміздің басты бағытын айқындап бергендігі баршамызға мәлім. Ал, аталмыш стратегиялық бағдарламада еліміздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғанын қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаев кезінде таспен қойғандай түсіндіріп, ара-жігін ашып көрсеткен еді. «Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс… Оның гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүние танымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Барыс – сыры жұмбақ хайуанат. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, барынша батыл, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар», – деген еді ол жазбасында.
Бұл – барысқа берілген ең әдемі кейіптеу болатын. Бір жағынан, жануардың, бір жағынан еліміздің дербес мемлекет ретінде қандай қасиеттерді қалайтынымызды көрсетеді. Білектегі қара күшімізге кәміл сене отырып, өзгелерге ұстамды бола алу арқылы саяси сенімді мінез-құлқымызды аңғартады. Себебі, осындай байсалды қалпымыз ғана бізді өзгелердің алдында құрдай жорғалаудан да, даңғазалықтан да сақтай алады. Ендеше, болашағымыздың бетке ұстар бағытына айналған барысымызды сыйлы жерден орын беріп, неге құрметтемеске? Әйтпесе, қазаққа тән мәрттігіміз қайсы?
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.