БЕЛКӨЛІМ – БАЗАРЫМ, АТҚАН ТАҢДАЙ АЖАРЫҢ
Қызылорда қаласының тап түбінде орын тепкен Белкөл кентінің іргесі сонау 1904-1905 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты қаланған деседі. 1987 жылдан бастап Қызылорда қаласына қарайды. Кентте халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Дерек көздеріне сүйенсек, Белкөлде 2005 жылы – 2,9, 2012 жылы – 3 мың адам тұрған көрінеді. Бүгінде онда 3529 тұрғын бар.
Мемлекеттік бағдарламалар игілігімен кемеліне келген кент күн санап өсіп келеді. Әлеуметтік салаға қолдау көрсетіліп, білім мен мәдениет те ілгері дамуда. Көшелерге асфальт төселіп, инфрақұрылымы жақсарып келеді. Жаңадан кәсіп түрлері ашылып, бүгінде көптеген азаматтардың екі қолына бір күрек табылды. Өзгелерге үлгі боларлық тұсы – мұнда кәсіпкерлік саласы жедел дамуда. Биылғы жыл аймақта кәсіпкерлік жылы болып жариялануы қалаға жақын орналасқан кенттің өсіп-өркендеуіне оң ықпалын тигізуде.
Дарындылар мекені
Белкөл кенті және оған қарайтын Бірқазан ауылынан аймаққа ғана емес, елге танымал болған тұлғалар шыққан. Солардың бірі– Тәжен Елеуов, республикаға танымал азамат. Ол – қазақ-кеңес тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, азамат соғысы тарихын зерттеуші, еліміздің бірқатар министрліктерінде басшылық қызмет атқарған Қазақ Совет энциклопедиясын құрастырушылардың бірі – профессор Мүсілім Базарбай, Алматыдағы Абай атындағы университеттің тарих ғылымының докторы, профессор Күзек Назханов, Қазақстанның партия, совет қайраткері Ибрагим Еділбаев, республикаға танымал дәрігер-ғалым Әлмырза Тәшпенбетов сынды даңқты азаматтарымен бүгінде ел мақтанады.
Білім–азық, өнер–алтын қазық
Руханияттың алтын қазығы – мәдениеттің гүлденуі қай мекеннің де ажарын аша түседі. Оның үстіне рухани жаңғырып, салт-санамыз бен әдебиетіміздің өткен тарихын түгендеп, асыл қазынамыздың жауһарларын елге танытып жатқан шұғылалы сәтте кентте сан алуан мәдени шаралар өткізілуде.
Ақ жаулықты аналардан құралған «Ақ бата» әжелер ансамблі – соның жарқын көрінісі. Олардың орындауындағы халық әндері көрермендер қошеметіне бөленіп, аймақтық байқаулар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар, елдімекенде жас буын өнерпаздар үшін 2 үйірме жұмыс жасауда. «Жезтаңдай» ән үйірмесінің мүшелері өткен жылы XVIII «Бозторғай» байқауына қатысты. Нәтижесінде Арсылан Толыбек бірінші орынды, Ақылбек Нұрасыл екінші орынды еншілеп, Дамир Нармахан алғыс хатпен марапатталды. Ал, «Сыр маржаны» үйірмесінің мүшесі Берікбол Қызылбай көркем сөз оқудан қалалық байқауда бас жүлде алды.
Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуде кітап оқудың маңызы зор. Осы талап үдесінен шығатын мұндағы №14 кітапханада жергілікті оқырмандар үшін кітап қоры мол. Ондағы көп кездесе бермейтін көркем әдеби шығармалар, классик ақын-жазушылардың туындылары жергілікті халықтың көкірек көзін ашып, жаңалық жаршысына айналып отыр.
Белкөл кентінде орналасқан 2 орта мектепте 695 оқушы білім алуда. Өткен жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде білім сапасының орташа көрсеткіші 87 пайызды құрады. Мектептің бірқатар түлектері мемлекеттік грант иегері атанса, енді бірі республикалық ғылыми жобаға жолдама алды.
Адам саулығы – біздің қоғам үшін аса маңызды байлық. «Дені саудың жаны сау» дейді дана халқымыз. Сондықтан оның талабы жоғары, жауапкершілігі зор екені белгілі. Кентте қазір теміржол емханасының филиалы дәрігерлік амбулатория елге қызмет көрсетеді. Онда терапевт, педиатор, аяжан, кіші медициналық қызметкерлер жергілікті тұрғындардың денсаулығын қадағалап, ем жүргізеді.
Сондай-ақ, жуырда ғана кентке қарасты Бірқазан елді мекенінде құны 10 млн. теңгені құрайтын жаңа медициналық бекет ел игілігіне берілді. Бұл – жергілікті тұрғындардың жылдап күткен көзайым жаңалығы. Қазір ауылдықтар қалаға сабылмай, осы емдеу орнынан жанына шипа тауып, керекті медициналық кеңес алуда.
Кәсіп түбі – нәсіп
Белкөл кентінде кәсіпкерлік саласы өрістеп келеді. Осы тұста «Абай» шаруа қожалығының жетекшісі М.Нұрсайытов ілкімді істерді қолға алды. Кәсіпкер 2002 жылдан бері мал, құс, балық шаруашылығын жүргізу, бақша өнімдерін өсіру ісімен айналысады. Қазіргі таңда жеке кәсіп иесі өз қаржысымен мешіт салып, ел игілігіне берді. Кент тұрғындарының еркін демалуына жағдай жасау мақсатында ол Мұрат Әбдіқадыров көшесінің бойынан жағажай демалыс орталығын салды. Мұнда қазір асхана, жағажай, бассейн бар. Демалыс орны 50 адамның табыс көзіне айналып отыр. Мұнан бөлек, халық игілігіне қызмет жасап отырған азамат тәулігіне 500 литрге дейін өнім шығаратын кіші сүт зауытын іске қоспақ.
Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Сейітжаппаров жүк көліктерін жөндеу орталығы құрылысын жүргізуде. Таяу күндерде орталық елге қызмет көрсетуді бастайды. Міне осындай тынымсыз жұмыстар нәтижесінде, кентте 41 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылған.
Инфрақұрылым игілігі
Сапалы жолдар – сол елді мекеннің айнасы. Осы тұста мемлекет қолдауымен бірнеше көшенің реңі кіріп, көлік қозғалысына қолайлы болды. Соның бірі – Әбдіқадыров көшесіне түгелімен асфальт төселді. Жаңа қоныстанған 2 көше тұрғындарына өзін-өзі басқару шоты есебінен ауыз су құбыры тартылды. Алдағы уақытта 2 Линия, Зеленая көшелеріне тас төсеу жүргізіледі. Ауылға кіре беріс қақпа түнгі шамдармен безендіріліп, бүгінде кент көркін аша түсуде.
Былтырғы жылдың ақжолтай жаңалығы – кентке табиғи газ келіп, тұрғындар көптен күткен игілікті істің жемісін көріп, мәз-мәйрам болды. Бұл мақсатта қазына қазанынан қомақты қаржы бөлінді. Мұндағы 565 жеке үй мен 4 көпқабатты үйлердегі 280 пәтер бір мезетте газға қосылды.
Белкөлдің жаңа белеске бастағандар
Белкөл кентінде әкім қызметін атқарған азаматтар бар. Солардың бірі – Дулат Таубаев елдің көркейіп-көріктенуіне, әл-ауқатының артуына атсалысты. Мұнан соң кент әкімінің тізгінін ұстаған Ақылбек Арыстанов өте тәжірибесі мол, істің көзін білетін білікті де, білгір басшы ретінде танылды. Қазір Белкөл кентінде Асхат Ибрагим әкім қызметін атқарады. Кентте мемлекеттік бағдарламалар оңтайлы жүзеге асырылып, абыройлы жұмыстар атқарылуда.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Керек дерек
. Облыстық атқару комитетінің 1987 жылғы желтоқсан айының 31 жұлдызындағы №621 карарымен бұрынғы Сырдария аудандық Жамбыл ауылдық кеңесіне қарасты Белкөл елді мекені Белкөл қыстақтық кеңесі болып құрылды.
Алғашқыда қыстақта құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілді.
. Халық депутаттары Белкөл қыстақтық кенесі атқару комитетінің алғашқы жергілікті сайлауы 1988 жылы 27 наурызда өткізілді. Сайлау Қазақ ССР-і заңдарының №54 бабына сәйкес өткізілді.
. Белкөл қыстақтық кеңесінің алғашқы мәжілісі 1988 жылғы 28-ші сәуірде өткізілді. Осы мәжілісте халық депуттатары Белкөл қыстақтық кеңесі атқару комитетінің мүшелері өзара міндетті бөлісті, жұмыс жоспары бекітілді, тұрақты комиссиялар тағайындалды.
1988-1989 жылдарда халықтың әлеуметтік жағдайын қанағаттандыру барысында 89 пәтерлік тұрғын үй жұмысы аяқталып, тұрғындарға кезекпен берілді.
Белкөл, Бірқазан...
Белкөл атауына келетін болсақ, оның бірінші сыңарындағы бел – «асу, кезең», «аласа асу» мәніндегі географиялық термин. Бұл жайтты ескерер болсақ, Белкөл атауы «бел, асу» астындағы, «белді асқан жердегі көл» деген мағынаны білдіреді. Егер белсөзінің қосымша мағынаға да ие екенін еске алсақ, Белкөл– «басты, негізгі, ең үлкен көл» деген мағынаға да ие. Ал кентке қарасты Бірқазан стансасы атауының шығу тарихы жайлы мынандай әңгіме бар. Біз бұл деректі Сағат Жүсіптің мақаласынан алдық. Автордың айтуынша, 1903-1905 жылдары теміржол салынған кезде аталмыш стансасының ашылуына үлкен орыс шенеунігі келсе керек. Ол кезде бұл стансаның маңы айдыны шалқыған көлі көп, ұшып-қонған қаңқылдаған қаз-үйректі мекен екен. Көп құстың арасында алыстан ерекше әдемілігімен, сұлулығымен, ірілігімен көзге түскен, бұрын-соңды мұндай құсты бірінші көрген шенеунік «бұл қандай құс?» деп сұраған көрінеді. «Бірқазан» деген жауап алған шенеунік «олай болса, осы стансаның аты да Бірқазан болсын» депті. Елді мекен одан көп жылдар бұрын да осылай аталып келгеніне күмәніміз жоқ. Оған орыс зерттеушілері мен әскери адамдардың күнделіктері, олардың Петербургке жазған қатынас хаттары мен жолдамаларында, одан бұрын ата-бабаларымыз сауда жасап, осы маңмен жүрген керуен жолдардың атаулары жайлы әңгімелерінде, жазбаларда Бірқазан атауының болғаны дәлел. |
«Болашағына сенбейтін халық-тарихына терең бойламайды» дейді халық даналығы. Олай болса, ұлы дала тарихын, оның бір бөлшегі Сыр бойындағы жер-су аттарының түп-төркінін де біле жүрген де жөн болар.