БЕКЗАТДА БИДІҢ БАҒАМЫ
Қазақ би өнерiнiң түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алатыны белгiлi. Қарап отырсақ, елімізде бишiлер де, би ансамбльдер мен студиялар да жетерлік. Олардың саны күн санап артуда. Дегенмен, кәсiби деңгейі жоғары мұндай өнер иелері саусақпен санарлық. Би өнері халықтың табиғатында, болмыс, тiрлiгiнде әуелден бар. Ол – қазақтың жүрек қалауы, қанына сiңген қасиеті. Сондықтан да әлі күнге дейін елмен бiрге жасап келедi.
Тоқырау кезеңiнде мәдениеттiң басқа салалары сияқты ұлттық дәстүрлi би өнерi де қиындықты бастан кешті. Әсiресе, ежелгi қазақ биiне ерекше мән беру назардан тыс қалды. Десе де, қазір өзiнiң шарықтау шегiне қайта жетіп, классикалық деңгейге көтерiлдi. Мәселен, халық биi «Қамажай», «Маусымжан», «Қаражорға», «Келiншек», «Айжан қыз» тәрiздi ұлтымыздың болмысын танытатын туындылар мақтанышқа айналды.
Қай өнер саласы болсын, оның бiз бiлмейтiн өзiндiк сырлары мен әдiс-тәсiлдері бар. Оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Әдетте, бидің ішкі мәніне үңіліп көрсеңіз, жақсылыққа, iзгiлiкке, әсемдiкке құрылатынын жақсы бiлемiз. Олар адамның бойындағы асыл қасиеттердi мадақтаудан тұрады. Қазақ өнерінде өз өрнегін қалыптастырған Шара Жиенқұлова бiздiң би өнерімізді әлемдiк сахнаға шығарды. Осы дара тұлғаның еңбегiнiң нәтижесiнде төл өнеріміздің әр өрнегi халыққа жеттi. Ол тартымды, әсерлi де мәнерлi биiмен сол өзi өмiр сүрген заманның талабын орындап, жүгiн көтердi. Сөйтiп, қайталанбас дарын иесі қазақ би өнерiнiң жарық жұлдызына айналды. Қай жағынан алсақ та оның ұлттық иiрiмдерi, билеу мәнерi дараланып тұрады. Себебi, бiздiң табиғатымыз даламен, еркiндiкпен, кеңдiкпен тiкелей байланысты. Бұл қасиет оның өнерiне де тән құбылыс әрi заңдылық. Сондықтан аталған құндылығымыздың негiзi, қалыптасуы әріден бастау алған.
Қашанда халық өмiрiн би тiлiмен баяндайды. Оны мың бұралған әсем қимылдармен көрерменге жеткiзедi. Бүгінде шетелдіктердің қызығушылығын тудырып жүрген киелі өнердің өзіндік ерекшелігі мен мәдениеті мағынасы мен мазмұны бөлек болса керек. Қазақ биі – көбiне-көп нақты белгiлi бiр тұрмыс-тiршiлiкке құрылып, халықтың бейнесін болмысын айқындайды. Осы жолда жүрген сырбойылық өнерпаздар да бүгінде биіктерді бағындырып, алыс-жақын шет елдерде еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Атап айтсақ, өңірдегі ірі «Томирис», «Дидар» және «Балбұлақ» би ансамбльдерінің жұмысы жылдан-жылға жанданып келеді. Қазақ биінің сұлулығын, өзге ұлттардағы осы өнердің әсемділігі мен заманауи әдемілігін ұштастырып, халықтың оған деген құрметі мен қызығушылығын арттыру негізгі мақсаттың бірі болып табылады. Қазіргі кезде «Томирис» ұжымының қоржынында «Сыр маржаны», «Наз», «Аққу қыз – гәкку саз», «Шанхай сұлулары» атты билер бар. Ал, «Балбұлақ» би ансамблі «Бақытты елдің бүлдіршіндері», «Қойшы мен қозылар», «Мысыр ырғақтары», «Бақытты бәйтерек» сынды қойылымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
– Әрбір биші үшін ұжыммен бірге жұмыла жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өнердің бұл түрі түсінген адамға оңай емес. Қойылатын қатаң талап, әр бидің сырына үңіле білу, бишінің басты міндеті. Қазіргі кезде өнерді ұлықтап, биіктен көрініп, жетістікке жетіп жүрген өнер иелерінің қатары көп. Әрине, бұл олардың еңбегінің, шыдамдылығының, табандылығының арқасы. Өнердің сан түрі болса, ең қиыны әрі тілсіз ұғындырып, халықтың жүрегінен жол табатын осы сала. Мәселен, бір бидің құдіреттілігін екi адам екi түрлi түсiніп, бірі ұғынса, екіншісі мән бермеуі де мүмкін. Сондықтан әрбір би түріне зер салып, зерделеп қарасаңыз, кез келген би адамның жан дүниесiнiң сезiмi мен сыры iспеттi. Мәселен, хореографиялық бiлiм алған бишi де, балетмейстер де жаңа дүниенiң сапасына бiрдей жауапты. Өнерпаз өз туындысының көрiнiстiк әсерiнен гөрi оның iшкi айтайын деген табиғи сұлулығына көбiрек мән берiп, халықтың назарын аудару қажет, – деді «Томирис» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлбану Мырзабаева.
Оның айтуынша, әр бидiң адам сияқты өзiндiк ерекшелiгi, мiнез-құлқы бар. Мұны өнерпаз әсте естен шығармауы керек. Себебі, қазір көкiрек көзi көреген өнердiң жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айтатын көрермендер қатары көбейген.
Кейінгі уақытта би өнері кенжелеп қалды деген пікір жиі айтылады. Алайда, керісінше, заман алға жылжыған сайын бишілерге деген оң көзқарас қалыптасып, құрметке бөленуде. Жылдан жылға еліміздің мәдениет саласына деген, оның ішінде қазақ би өнеріне деген халықтың қызығушылығы мен қошеметі артуда.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.