«ӨНЕР АРБАТЫ» ШЕБЕРЛЕРДІ ҚОЛДАЙДЫ
Ы.Жақаев пен Қорқыт ата көшелері аралығын жалғаған ауқымды алаң Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай қолға алынған. Жобаның мақсаты – рухани дүниеге деген халықтың ықыласын нығайтып, оны өнер адамдарының шеберлік сағаттарын өткізетін, тапсырыс қабылдап, жұмыс жасайтын жәрмеңке орнына айналдыру, жергілікті өнер иелерінің танымалдығын қалыптастырып, жас суретшілерді қолдау, оқыту шараларына ықпал ету.
Арбат бойында тігілген 8 жартылай шаңырақта өңірдің 7 ауданы мен облыс орталығының ісмер-зергерлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылған. Сонымен қатар, вокалды-аспапты ансамбль сүйемелдеуімен көше билерін билеп, спорттық сайыстар өткізуге де бар мүмкіндік жасалған.
– Өнер арбаты кәсіби және әуесқой суретшілер, қолөнер шеберлері шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Туындыларын жарнамалауға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, бұл орын халықтың рухани демалатын қоғамдық-мәдени мекеніне айналады деген сенім зор. Оған қоса өнер адамдары шеберлік дәрісін өткізе алады, – дейді облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Алаңның салтанатты ашылу рәсімі барысында «Бесік тербеткен ана» архитектуралық бейне маңында балақайлар гүл отырғызды. Қызылордалықтар мен қала қонақтары қолөнер шеберлері мен суретшілердің қиялынан туған көздің жауын алатын сан алуан әсем дүниелерді тамашалады.
– Неше күннен бері өткен-кеткен сайын алаңның ашылар алдындағы дайындығын көріп жүрміз. Бүгін ашылуына балаларымды алып арнайы келдім. Қандай керемет! Неше түрлі қолөнер мен зергерлік бұйымдарды көріп, өзіміздің бала кезіміз есіме түсті. Құрақ көрпе, тоқыма тоқу сынды дүниелерді көзіміз көріп өсті. Қарап отырсам, қазір шеберлер оны жаңа заманға сай түрлендіре, жетілдіре отырып, тігіп шығарыпты. Балаларыма әрқайсысын ерінбей көрсетіп жүрмін. Білсін, көрсін. Ал, үйренуге қызығушылығы артып жатса, қуанамын, – дейді Бағдагүл Берішова есімді қала тұрғыны. Ұлтымыздың рухани құндылықтары ұлықталған жиын соңы мерекелік көңіл-күйге толы ән мен күйге ұласты.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.